Қалай ең, ұмыттым ба, таныс әуен – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Қалай ең, ұмыттым ба, таныс әуен» атты Қанипа Бұғыбаева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 06.11.2021
  • 0
  • 0
  • 722
Қалай ең, ұмыттым ба, таныс әуен,
Толқындай ырғағыңмен табысар ем.
Қалқысын көңіл аппақ шағаладай,
Ашылып қарсы алдымнан алыс әлем.
Есіме салшы соны, тылсым уақыт,
Жанымды жай таптырар сусындатып.
Кеудемнен кіші-гірім күн шығарып,
Көзімнен шуақ төгіп, күлсін бақыт.
Тербетіп толқын сазбен жер кемесін,
Биігім, биіктердің көр төбесін.
Өмірге бір-ақ рет мен еркелеп,
Бір рет өмір маған еркелесін.
Сүйіктім, сол әнді айтып келші маған,
Мұң болсаң, қуаныштай еншіме алам.
Көз жасым жүрегімнің, жапырағынан
Мөп-мөлдір таңғы шықтай тамшылаған.
Сен неге естілмейсің, сұлу әуен,
Сәулелі сырыңа бір жылынар ем.
Ішімнен қайталап сан қосар едім,
Көңілдің ұйтқып ескен жырына мен...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері