Алыс қалды от басатын ол күнім – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Алыс қалды от басатын ол күнім» атты Қанипа Бұғыбаева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 06.11.2021
  • 0
  • 0
  • 585
Алыс қалды от басатын ол күнім,
Енді ешкімнің бола алмаспын ермегі.
Сорлы ету оңай болар, жарқыным,
Мықты болсаң, бақытты етіп көр мені!..
Көз алдымда сарқылып жыр бұлағым,
Тәтті өмірдің қалды ернімде кермегі.
Жылатпашы, сенсіз де көп жыладым,
Мықты болсаң, қуантып сен көр мені!..
Өз қолыңа бердім жүрек тағдырын,
Жебеушім бол өмір атты өрдегі.
Қалғытпашы, сенсіз де көп қалғыдым,
Мықты болсаң, оятып бір көр мені!..
Кейінгілер жүрсін бітпес жыр етіп,
Әсемдікті теңеп бізге жердегі.
Өз қолыңмен баулып құстай, түлетіп,
Мықты болсаң, ұшырып бір көр мені!..
Керек емес сый-сыяпат, көйлегің,
Менің жырым қасиет қой сендегі.
Сөйлетпеші, онсыз да көп сөйледім,
Мықты болсаң, үнсіз ұғып көр мені!..
Өз қолыңда өшіріп не өрлету,
Тәтті өмірдің қалды ернімде кермегі.
Кез келгенге оңай жанды сорлы ету,
Мықты болсаң, бақытты етіп көр мені!..


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері