Ұқсайды екен алау жүзің айға анау – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Ұқсайды екен алау жүзің айға анау» атты Қанипа Бұғыбаева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 06.11.2021
  • 0
  • 0
  • 665
Ұқсайды екен алау жүзің айға анау,
Сұлулықты қылмыс шығар ойламау.
Қарап саған керегі не айнаға,
Айнасыз да әдемісің, айнам-ау!..
Тал бойыңда үйлесім мен жарасым,
Айыртпай тұр ақыл-сезім арасын.
Ақ жүзіңді айналдырып айнаға,
Айнам, саған көзі барлар қарасын...
Сұлу болсаң «сұлумын» деп ойлама,
Сезімдердің отыменен ойнама.
Сен арқылы толықсып бір тұрғандай,
Айдың жүзі шағылысып айнаға.
Күйер екен жанарыңа жанып кім,
Сүйеді екен сені қай жан тауып тіл.
Әдемілік – табиғаттың жемісі,
Әдемілік – қазынасы халықтың...
Көзім менің ішпей-жемей тойғандай,
Айналайын ақ жүзіңнен ай маңдай.
Жаутаң-жаутаң қарай берем өзіңе,
Бір күш мені жіпсіз байлап қойғандай.
Нәзікпін бе, сәл нәрседен қайғы алам,
(Мазақ етіп қарағандай ай маған).
Айнасыз да әдемісің, айнам-ау,
Қарамашы, қызғанамын айнадан...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері