Көрген түстей неге бәрі тез өтті – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Көрген түстей неге бәрі тез өтті» атты Қанипа Бұғыбаева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 06.11.2021
  • 0
  • 0
  • 870
Көрген түстей неге бәрі тез өтті,
Өкінішім өртейді енді өзекті.
Жолыққанда, жылтыр-жеңіл сөзге емес,
Көзімізге берейікші кезекті...
Мен өзіңді жылдар күттім, ай күттім,
Тұтанып тез, талайлардан айныппын.
Ақ сезіммен алаулаған жүзіңе
Неге тура қарай алмай қаймықтым?
Сыртым дүрдей, ішім менің неге әлсіз,
Сыр бермеуге бекінгемін амалсыз.
Қыз кезімді еске салма, ерітпе,
Отырайын, еркелейін алаңсыз.
Білем енді, менсіз әлем тар саған,
Қашан келсең, туған жердей қарсы алам.
Көрген түстей кез болады екен-ау,
Бас айналып, қуаныштан шаршаған.
Сағыныштың ақ жаңбырын бүркіп өт,
Жүрегімнен ұшсын көкке жыр түлеп.
Көктем сайын көңілімді қалғыған
Оятып ал найзағайдай күркіреп.
Шықсын сыртқа сырым болса іштегі,
Сезім деген неткен сонша күшті еді?
Өмір бойы кездеспеген өңімде
Ыстық елес сияқтысың түстегі...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері