Қайда сол, көктем гүлі? – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Қайда сол, көктем гүлі?» атты Қанипа Бұғыбаева жазған табиғат туралы өлең берілген.

  • 06.11.2021
  • 0
  • 0
  • 731
Елеске елегізіп, елең еттім,
Мен саған өмір жайлы не демекпін?
Қайда сол?
көктем гүлі, өткен күнім,
Қағылған қанатындай көбелектің?
Жылжуда қанатымды жылдар бағып,
Отымды өшірмедім жырдан жағып.
Беймәлім мен іздеген бақыт па едің,
Тамшыдай тереземді тұрған қағып?
Күз келді... құсым қайтып, көктем еді,
Көктемгі ойлай берем көк төбені.
Айналып сағыныштың сағымына,
Арманым адастырып кетпе, мені.
Өмірім, таудан аққан өзендерім,
Қадірін қолда барда, сезем, ненің?
Біртіндеп оралатын төрт мезгілдей,
Келеді кезегімен кезеңдерім.
Өзіңмен қол ұстасып, сыр білісіп,
Жүргенім, кеше еді ғой, гүлді құшып.
Жастық шақ, жарық дүние, қас-қағымдай,
Кете ме, көздерімнен бұл-бұл ұшып?
Жүргенмін, бірге өзіңмен көріп көкті,
Гүлдерін жел ұшырып, өрік төкті.
Махаббат сырғып, суысп алақаннан –
Сәуірдің қарындай боп еріп кетті...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері