Өлең, жыр, ақындар

Таң алдында

  • 06.11.2021
  • 0
  • 0
  • 610
«Бәрі алдыңда» деді әжем бәрі алдымда,
Жүрек дертке, толмайды жанар мұңға.
Мен жанымды жыр жазып тазартамын,
Оқ аузында, тұрсам да дар алдында.
Әже, саған сенбей, мен кімге сенем,
Жоқшы едім ғой, үмітпен күл көсеген.
Өз дауысың оятып алмаса егер,
Қалғып-мүлгіп, меңіреу күн кешер ем.
Басым зеңіп, ауырлап, жаным налып,
Кеткен кезде айналам сағымданып.
Көкжиектен күлімдеп күнім шықты,
Көкірегіме үміттің шамын жағып.
Ақымаққа ақ әже, ақыл ұқтыр,
Жоқ нәрсеге кетпейін шатылып құр.
Көрерің көп, дегендей есік ашып,
Жұмбақ дүние қол бұлғап шақырып тұр.
Қымтанбайды гүлдерін жасырып қыр,
Гүлге аралар ұшқандай асығып бір.
«Жұлдыздардың қайсысын таңдайсың» деп,
Көк аспанның құшағы ашылып тұр.
Сәл нәрсеге шағылып, бүлінбеймін,
Қармағына қайғының ілінбеймін.
Шаласынан «наданның» түңілсем де,
Баласынан адамның түңілмеймін.
«Бәрі алдыңда» деді әжем, бәрі алдыңда,
Аян беріп, дауысы таң алдында.
Мен кетермін, жапырақтай жүрегімді,
Жыртығына тірліктің жамармын да...
Көп алдандым, сенбеске, сеніп бекер,
Қалмағандай еш қызық еліктетер.
Қайшыласқан бұл жарық дүниеге,
Жолаушы екем, мен де бір келіп кетер.
Ойларым су, су қалар, көбік кетер,
Көктем келер, маңайды көрікті етер.
Жаным ұшып шыққанда, көк аспанға
Жерге жұртым тәнімді көміп кетер...
Ояндым да, көрдім күн, ояу жерді,
Жер иесі, еске алдым аяулы елді.
«Бәрі алдыңда» деп маған таң алдында,
Ақ жаулықты ақ әжем аян берді...
Ояндым да, көрдім күн, ояу жерді.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Өтеді бәрі, бір ойды бір ой қозғайды

  • 0
  • 0

Өтеді бәрі, бір ойды бір ой қозғайды,
Бәсекелесіп, таулардан таулар озбайды.
Кешкі күннің шапағына шомылып
Қызыл шоқ бұлттар көгімде маздап, қоздайды...

Толық

Киіктің көзінде

  • 0
  • 0

Көңілсіз көп күндерім өтер енді,
Жазықсыз бір сұлулық бекер өлді.
Сақталған музейдегі сұр киіктің
Көзіне көзім түсіп кете берді...

Толық

Жанардан ағып бірге қайғы, үміттер

  • 0
  • 0

Жанардан ағып бірге қайғы, үміттер,
Пәрменді екпініне айрылып жер.
Даламның белес-белес пернелерін,
Барады басып-шауып сәйгүліктер.

Толық

Қарап көріңіз