Тұнжыр ой, тұман, тұнжыр күн – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Тұнжыр ой, тұман, тұнжыр күн» атты Қанипа Бұғыбаева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 07.11.2021
  • 0
  • 0
  • 752
Тұнжыр ой, тұман, тұнжыр күн,
Еңсемді басып езеді.
Тұманнан туған бұл жырдың,
Көрінбес көзге өзегі.
Қоңырқай үнсіз тіршілік,
Маңайым түгел тұнжырап.
Тұманға талдар тұншығып,
Мөлтілдеп көзі тұр жылап.
Жапырағы тамшы іркілтер,
Оятып ойды жыр түртер.
Талдардың көзін күн сүртер,
Көзімді менің кім сүртер?..
Тұнжыр ой, тұман, тұнжыр күн
Салып тұр басқа салмағын.
Қыран боп ұшып жылжыр күн,
Табуға шыңнан арманын.
Қыран боп ұшып, жылжыр кім,
Туғызар дауды бұл енді.
Салады еске тұнжыр күн,
Тұнжырап жүрген біреуді!...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері