Әлдилеп тыныштықты сыр тыңда, аспан – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Әлдилеп тыныштықты сыр тыңда, аспан» атты Қанипа Бұғыбаева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 08.11.2021
  • 0
  • 0
  • 574
Әлдилеп тыныштықты сыр тыңда, аспан.
Көңілдің айықтырып бұлтын басқан.
Кеудемде сайрағандай шыр-шыр етіп,
Даланың бозторғайы бір тынбастан.
Жеткізбес желге мініп өмір қусаң,
Қыры бар құпиялы көңілдің сан.
Жазықта шаңқай түскі шайқалып тұр,
Қайталап ырғағымды қоңыр жусан.
Жуғандай сол дауыспен көзімді шық,
Бұлқынып, аласұрам, төзім қысып.
Арман не, аспаныма сіңіп кетсем,
Алқызыл арман құшып, сезім құшып.
Басынан кеткендей-ақ бір күн өтіп,
Кішкентай көмейінен жыр дүр етіп.
Сайрайды бозторғайым шаңқай түсте,
Ауада қанаттары дір-дір етіп.
Төменге тігіп қойып көз жанарын,
Арқау боп әуеніне азғана мұң.
Кеудеме кіріп алып ән салғандай,
Титімдей бозторғайы боз даланың.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері