Өлең, жыр, ақындар

Уақыт үні

  • 08.11.2021
  • 0
  • 0
  • 331
Қозғалыс! Қозғалыс қой, уақыт деген,
Уақытпен үндескен бақытты өлең.
Өткел бермес өмірдің бір кісідей,
Ащысы мен тәттісін татып келем.
Өлшенбейсің сен минут, сағатпенен,
Өлшенесің еңбекпен, талаппенен.
Кінәм болса, күтпестен кешірімді,
Бетпе-бет кеп, алдыңда жауап берем.
Тізгінімді өзіңе беріп кей күн,
Болдым сезім тұтқыны, ерікті ойдың.
Ақын болып тусам мен, басқаға емес,
Тек өзіңе уақыт, еліктеймін.
Жасамаймын, әйтеуір, жоқтан бақыт,
Ел сенімі жанға жүр көптен батып.
Осы жолдан қайтпаймын, не болса да
Арман үшін армансыз кеткен уақыт...
Топтарыңды ұшсаңдар жазба, құстар,
Сонда ғана жақындар, көзге алыстар.
Ойда-жоқта орнымда қалғып кетсем,
Қозға мені оятып, қозғалыстар!
Бір-біріңді таныстар, дос ет келіп,
(Дос сыртынан не керек өсек теріп.)
Қанаттарың талғанда көлге қонып,
Әлемге тұр әніңмен есеп беріп.
Дос көңілге алса егер сенім бекіп,
Сене алмас ем, келетін өлімге түк.
Бәріне де уақыт кінәлі деп,
Кінәм болса алмайын жеңілдетіп.
Жаның шөлдеп, ерінің кезермесін,
Танылады шын достық, кезеңде сын.
Уақыт үшін асығыс жаралансаң,
Өзге емес, уақыттың өзі емдесін.
Өтті өмірден белгілі нелер дана,
Түсті олар талау мен қамауға да.
Табындырған өзіне уақыттарды,
Тек күрестер арқылы солар ғана!
Өткен күнді келмейді өкпелеткім,
Жастық – көктем, келеді көктеп өткім.
Өмір деген Космос алаңында,
Жылдамдықпен өлшеусіз бетпе-бетпін.
Айналдырып аңызға қас-қағымды,
Қуандырам жердегі достарымды.
Қараңғыға жеткізіп жарықтарды,
Махаббатым өсірер тасқа гүлді.
Кетер сонда жаңғырып мәңгіге атың,
(Мен қалғысам қалғиын – қалғыма күн.)
Күл ішінен үрлеп кей сөнгендерді,
Осы уақыт емес пе жандыратын.
Күйген ауа, айналып жалынға шың,
Өлім болып өмірім – жарылмасын.
Болсын уақыт телегей – достасуға,
Қастасуға бір секунд табылмасын.
Жалғандықпен шындықты бояғандар,
Өмір сәби жылатпай, аялаңдар.
Ұзартайық уақытты қолдан келсе,
Бейбітшілік жырыменн, ей, адамдар!
Тауларымнан сырғанап таңдағы арай,
Ерке көңіл еркінсіп, самғағаны-ай!
Бейбітшілік әнімен алға қарай,
Ұзартайық уақытты алға қарай.
Мойынға алып жұмыр жер, заман жүгін,
Мен тілеймін, дүниенің амандығын.
Қозғалыстан қоздатқан қозғалысты,
Уақытқа ие жасасын, адам бүгін!
Сусындаған жанарым даланы ішіп,
Жанарымнан жұлдыздай тамады шық.
Уақыт түсіп арбадан, машинадан –
Ракетамен ертеңге барады ұшып!..
Кірпікте шық, қарашы, шашымда шық,
Сағындырдың неге сен, асыл ғашық?!
Жатқандай ма, шынында, төбемізден
Жұлдыздарға түнгі аспан шашу шашып.
Қолын соғып даңқына жер ерікті,
Жерге елім дән екпей, тер егіпті.
Ертеңгі адам арқылы әділдікпен,
Айтар уақыт, біз жайлы төрелікті.
Кірпіктері уақыттың өтті ілінбей,
Аврораның алғашқы отты үніндей.
Октябрьдің әлемге әні естілді,
Жартасты ұрған көк теңіз екпініндей!
Айыпты емес, ақын жыр жазғаны үшін,
Ел даусына қосып бір өз дауысын.
Тоқтамасын мәңгілік уақытпен
Революция жасаған қозғалысым!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Таласпаңдар, шуылдап, таласпаңдар

  • 0
  • 0

Таласпаңдар, шуылдап, таласпаңдар,
«Бас-басыңа би болып» бал ашпаңдар.
Кеуделерің тарылып кетсе егерде,
Кеңітетін кең дала, көк аспан бар.

Толық

Жүрегіне жүрегі алау жағып

  • 0
  • 0

Жүрегіне жүрегі алау жағып,
Қабағына қайратын алар жанып.
Қасиетті асқар-шың, әйел жаны,
Қарға құзғын қона алмас оған барып.

Толық

Бір бастағы бір өмір көрінеді аз маған

  • 0
  • 0

Бір бастағы бір өмір көрінеді аз маған,
Үлгермейтін секілді шалқып отым маздаған.
Үлгермейтін секілді бір бақытым оралып,
Кетем бе алып өзіммен жырларымды жазбаған...

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар