Сәкен аға – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Сәкен аға» атты Қанипа Бұғыбаева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 08.11.2021
  • 0
  • 0
  • 827
Біз үшін ертегідей ғажап атың,
Таңырқап қаншама ақын жаза алатын.
Жарасар қалай айтып мақтансақ та,
Қазақтың бір өзіңдей азаматын.
Уақытты екпінімен дөңгелетіп,
Табиғат қайрат берген кеудеңе тік.
Ұрпаққа жыр боп сенің даусың жетті,
Қаншама тар жол, тайғақ жерден өтіп.
Сезімді сиқырлы саз, жыр-ән қамап,
Кейде бір суретіңе тұрам қарап.
Білінер келбетіңнен кім екенің,
Отты көз, ашық маңдай, қыран қабақ!
Әйгілеп әділетті дауыстадың,
Арманның жақындатып алыс таңын.
Қара өлең сіңген қазақ даласына,
Тыңдаттың Маяковский марштарын.
Жарқылдап өткен өмірің қас қағымда,
Сұңқардай сүрең салып аспанында.
Тәкаппар кеудеңді имей тұрсың қарап,
Өзіңнің қонған биік Асқарыңда!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері