Жастық жайлы – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Жастық жайлы» атты Қанипа Бұғыбаева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 10.11.2021
  • 0
  • 0
  • 753
Жастықтың бар қызуын құйып қанға,
Уақыттардың жүгін сап иықтарға.
Тулаған өр толқындай екпініңмен
Бүгіндер сен шықпаған биік бар ма.
Жастық болып күлімдеп көгіңде күн,
Жайқалады осынау жерімде гүл.
Өз қолыңмен жасарып өмір бүгін,
Қиындықтан бір адым шегінбедің.
Уақытқа сен қашан көз ілдірдің,
Шын ерліктің не екенін сезіндірдің.
Ой мен қырға жігердің түренін сап,
Алғы сапта әрқашан өзің жүрдің.
Не кездессін алдыңнан, тартынбадың,
Төзе білді бәріне жарқын жаның.
Еңсең биік, есейіп еңбекпенен,
Суарылған қылыштай жарқылдадың.
Жолың ашық, арманмен сенімді алдың,
Қимылыңнан өзіңді таниды әр кім.
Жалғастырып барасың ұрпақтарға,
Ерлігін Тоқтаров пен Ғанилардың.
Жүрсіңдер ер халықтың ұлы атанып,
Көрген емес қолдарың сірә талып.
Жаңғырығып, жаңарып, тұрғандай-ау,
Мынау дүние өзіңнен қуат алып.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері