Өлең, жыр, ақындар

Рух туралы дастан

  • 13.01.2022
  • 0
  • 0
  • 557
I. Серпіліс
От ал менен, замандас, ой ал менен,
Аңыз болып қалсыншы аяулы әлем.
Ана дауыс жанымның аруанасы
Боздап жатыр бозаң түс бояуменен.
Көлбеп ұшып барады көктемгі әлем,
Нұқ пайғамбар жайғассын, тоқта, кемем.
Босана алмай бұлқынып жылап жатыр
Көгендерге тізіліп ноқталы өлең.
Қақ, қарлығаш, қанатты, әріпке ауыс,
Ал, немеcе түн бол да, жарыққа ауыс.
Аврора кемесін тілген шамдай
Жүрегімді барады жарып дауыс.
Ойсыздықтың, қалқам-ау, қақ түнегін,
Серпілуі түнектің – ақ тілегім.
Жастық гүлі жайнаған жүрегімде
Қоңырауым сылдырап жатты менің.
Күндер қайда барады? Ағыстарға.
Әупілдегім қайда екен? Қамыстарда.
Текше таудың үңілем төбесінен,
Бақыт құсы қайда екен? Алыстарда.
Аққан жұлдыз секілді асығыстау
Мен жол тартып барамын ғарыштарға.
Күннің көзі қайда екен? Төбелерде.
Ақ шағала ... ол да жоқ. Кемелерде.
Көп сауалдың жауабын таба алмадым,
Неге дерге бола ма, неге дерге.
Мен мұндамын. Жандамын. Жүректемін.
Жапырақтар үзілсе – дір еткенім.
Бір ақ сәуле қанаты желбіреген
Кірпігімді барады тіреп менің.
Далада бір дауыс бар дабыл қаққан,
Бір көрініп, жоқ болып сағым жақтан.
Қара түннің қойнынан қол бұлғайды
Шамшырақты күндерім шамын жаққан.
Көмейдегі толқын боп тербетілем,
Көбік болып атылам өрге кілең.
Жүрегімнің жалыны таусылғанда,
Ұшамын да кетемін жер бетінен.
Бұлақтарым көз ашып бұла таңда,
Жаны жетім жаһанды жұбатам ба?
Жақсылық деп жар салған жүрегімді
Жылатам да жүремін, жылатам да.
Теректей боп көктеген бұла тамыр,
Кімдер іздеп келді екен, сұрата жүр.
Жапырағы жайқалған ескілікті
Қопарғым да келеді құлата бір.
Күреседі күн мен түн айқасып ап,
Қауырсыны жұлынған шайқасы қап.
Шана жеккен аттармен зуылдадым
Ағып кеткен ақпанды қайта сұрап.
Шегірткелі шілде айы жүріп кеткен,
Баса алмайды орынын қырық көктем.
Талықсыған шақтарда, мына тірлік
Ес жиғызып алады ұрып беттен.
Ес жиямын, қайтадан күресемін,
Іздеуменен жауабын, бір есебін.
Талайым боп тағдырым талқыда тұр,
Қалт-қалт етіп қалтқыға ілесемін.
Жарқыратып жаюда көктем әріп,
Әріптерін оқимын көкке барып.
Жанартауы көмілген жүрегімді
Жалғыз ауыз сөзбенен кетпе жарып.
Жиналсыншы құмыра, көзелері,
Ескіліктің көзі өлсе, өзі өледі.
Алтын кірпіш қалаған сыңғырлатып,
Құдіретіңнен айналдым, Сөз өнері!
Жарқырайды бір бұлақ қанаты аппақ,
Жақындайтын секілді маған аттап.
Жердің бетін бір сәуле сызып өтсе,
Жүрегімді кетеді жарақаттап.
Көздерім-ай, жабырқап жас тілеген,
Дымқыл тартқан кірпігін ашты немен?
Сарқырама даусымен сарнайды ылғи
Домалаған тастары тасқын-әлем.
Сарқырама даусымен сарнай берем,
Бір үмітін үмітке жалғайды әлем.
Жапырағы сауылдап жерге құлап,
Тербетілген сезімін толғайды емен.
Жұлдыздарым, жарқылда, көкте құла,
Бір қызғылт нұр тарасын бетке мына.
Жұбанышын іздеп жүр жан жүрегім,
Кербез әуен, сылқылда, шекте жыла.
Ертегі күн езуден бал ағызған,
Нәрін жинап алады бар аңыздан.
Атыла алмай, құсадан қыстығады
Жанартаудың қолтығы шала қызған.
Атыла алмай құсаға қыстығады,
Басыла алмай қойды ма ыстығы әлі.
Сахара шөл үстінде шырыл қағып,
Қанат сермеп барады құстың әні.
Шырыл қағып үстінде сахараның,
Алғы күнге әнімді апарамын.
Бозторғай боп боз таңда кетем ұшып,
Сендер аман болыңдар, жоталарым.
Айы жүзіп, саз шалқып, қызған бақта,
Сізге сәлем жолдаймын сызған хатта.
Жаралы күн жиекте қансырайды,
Қанның ізі қалады қызғалдақта.
Ортасына ұрыстың қаштым кіріп,
Тасқындарға қайтадан тасқынды ұрып.
Маған ғашық жүректі айта көрме,
Ауруымды аламын асқындырып.
Кешігеді жыл бойы күткен көктем,
Тосуменен үмітім біткен... біткен...
Жер бетінің түйісіп нүктелері,
Мұзды мұхит сапарын күтті ендіктен.
Күн қалды ма аһ ұрып күрсінбеген,
Жүрек іздеп жүремін дүрсілдеген.
Мен осынау ғажайып дүниенің
Қақпалары шалқайып тұрсын дегем.
Күнгей жақтың әдемі күркелері,
Күркелерге жетеді жыр кенері.
Көзін аша алмаған мына дүние
Шашыраған шатырын бүркенеді.
Қайран менің алаңсыз бала шағым,
Балбыратар бойымды ән аңсадым.
Мен өзіңді мәңгілік жырлап өтем,
Қолдан түсіп кетпесе қаламсабым.
Жан азабын ышқынып тартты кеуде,
Шындықтарды бола ма шартты деуге?!
Найзағайлы көңілдің жасыны бар
Шартылдаған аспаны март тілеуде.
Найзағайлы көңілім жасыны бар,
Жасықтарын қайтесің, асылын ал.
Мендік құйттай жүректің соғысында
Жер бетінің жиырма бір ғасыры бар.
Ғасырлар бар жүректің соғысында,
Жанып кетті шыдамай көбі сынға.
Жалғыздықтан жалау боп желбіредім
Тебіренген теңіздің тоғысында.
Жауқазындай жырларым, қапта қырда,
Жөңкіл, ұза, қосыл да қатты ағынға.
Жалау байлап жібердім жырларыма,
Жеткізсін деп Жамбыл мен Тоқтағұлға.
Құшағымда тербетіп балбалдарды,
Көтеріп ап арқама қарлы аңғарды.
Мен бақытқа қолымды созып келем,
Жалпағынан басумен жалғандарды.
Қашатындай құлдырап түнек менен,
Түнектерді түрем деп жүдеп келем.
Алтын сарай салдырған сөз елінде
Мен Гүләйім қыз болып гүл еккен ем.
Алтын сарай салдырған сөз елінде,
Алтындардың тұрамын кезегінде.
Тыныш таппай қойғасын, гүлзар бақты
Кеземін де жүремін, кеземін де.
Мен өлердей ғашықпын нұрға, жаным,
Айта алмадым және оны – бір ғажабым.
Дәмі қышқыл мұңдардан шарап ішіп,
Сырнайларға қосамын Сыр ғазалын.
Жапырақтар қол созып жарықтарға,
Көмек сұрап жүреді зарыққанда.
Жүрегімнің қанымен жыр жазамын
Қанаттары жаралы ғаріп таңда.
Көкірегімде бір жарық заулап ұшып,
Жанарымда мөлдіреп аунады шық.
Ақ жейдесін арманның бұлттар киді,
Жаңбырлардың көз жасын таулар ішіп.
Жер бесігім, төсіңде тұрақтадым,
Айта алмаймын жеткізіп бірақ бәрін.
Жеті түсті сарылған сағынышым
Жеті күн боп ішінде тұр аптаның.
Жеті түсті сарылған сағыныш боп,
Әрі-бері ағылды ағылыс көп.
Шілде айының шырылын тыңдап қалшы,
Жаудырмасын аппақ қар тағы қыс кеп.

II. Булығу
Булыққан күндер өтті бұрқымалы,
Булыққан ішкі дауыс бұлқынады.
Тізілген күнтізбектің беттерінен
Тағы да жаңа парақ жыртылады.
Тізілген күнтізбектің беттеріне,
Түземін асыл маржан шеттеріне.
Ақ парақ жыртылды да самғап ұшты,
Айналып махаббаттың кептеріне.
Сол кептер самғап ұшты, самғап ұшты,
Дауысын жеткізуге қалған ішкі.
Тербеліп әуеніне жер бетінің,
Айтуға жүректегі толғанысты.
Толғанып жердің беті тербеледі,
Тербелу – біздерге де ең керегі.
Терілген Гүләйімнің гүлдеріндей
Төгілген тоқсан мақам пернедегі.
Жаңғырық аралайды кең даланы,
Шайқалып сахараның шөлді алабы.
Ақ тамақ қарлығашқа қол бұлғап ем,
Қарлығаш қарындас боп толғанады.
Тулаған ағыстар бар толқындарда,
Толқыным соғылады салқын қарға.
Аптығып құм көшкенде аңызақпен,
Жазылып жырлар қалсын барқындарда.

III. Арна
Елжіреймін, өксимін, өртенемін,
Мұңаямын, шаттандым, еркеледім.
Түтініңді шалқытып ұшыра бер,
Керней тартқан көмейі, көркем елім!
Саз ойнайды бұлақтар аспабын ап,
Жылғалардың жып-жылы ашқаны хат.
Кернеп тұрған көмейім көбік атып,
Толқындары өзеннің тасқа құлап.
Жүрегімнің жасаурап, жыла, көлі,
Құбылады қиялдың құба белі.
Жарқырайды күмістей қанаты аппақ
Болашаққа асыққан Бұлақ елі.
Маған ғашық жүректі айта көрме,
Аңыратып жыр жаздым байтақ елге.
Қауырсынын қап-қара тастап ұшсын,
Шағаласын шабыттың шайқа көлде.

IV. Жалғыздық
Марқакөлде маңырап марқаларым,
Аппақ текше жинайды Арқа қарын.
Тарыққанда немесе зарыққанда
Күйсандықтың пернесін тарта аламын.
Маған керек секілді бөлек арба,
Қап-қара ізім қалсыншы көне қарда.
Өзендердің көгілдір қанаттары
Өлең арна дейтіндей, өлең арна.
Өзендердің көгілдір қанаттары,
Тотықұсын жинады тараптағы.
Жол сорабы жосылып қарсы алдымнан,
Алды-артыма, әйтеуір, қаратпады.
Толқындарым соғылып толқындарға,
Көзім алды толады жарқылдарға.
Тырналарын тізілтіп жібергенмін,
Мен іздеусіз қалмаймын халқым барда.
Тағылық деп аталған дала заңы,
Тағылыққа ұқсайды жан азабы.
Сағыныштың түсіне бөгіп қалған
Бұл ғасырдың жасампаз жаңа залы.
Сөз сөйлегім келеді, ұмтыламын,
Мамығы боп аққудың бұрқырадым.
Оқырманым, қысып кет қолтығыңа,
Мен аяулы кітаппын сырты қалың.
Мен кең залды күтемін дүркіреген,
Шашырайды сол залға шіркін өлең.
Табалдырық тұсына жылжып барып,
Көлеңкелер шығады сыртыменен.

V. Самғау
Мен кетемін. Жарық күн, сен аман бол,
Көлбіреген көбелек, көл, аман бол.
Тамшылары таусылса ақ жаңбырдың
Көз жасы ғып мұңымды төге алам, кел!
Көп сәулені жолдар ем көп адамға,
Сиғыза алмай келемін көк орамға.
Тегеурінді толқыны теңіздердің
Толқып қалған секілді Тегеранда.
Жарық ғалам, қанаты жарқыраған,
Ақ сәуле боп тұрады арты маған.
Кемелерден бұрқырап түтін ұшып,
Аврора дауысын шарпыды алаң.
Салтанатпен айналып жыр маршы,
Бір дабысқа ұласты бір дабысы.
Оркестрге қосылып сызылып тұр
Сағынышпен сарғайған Сыр қамысы.
Бітпей қойды тірліктің өрнектері,
Аққу ұшты қанатын сермеп кері.
Алтын ғасыр келеді алау ұстап,
Жаңа қала, жаңа үйге төрлеткелі.
Сынаптары сырғыған тіршілігім,
Осы сынап қалпыңмен жүрші, күнім.
Орман болып жамырап кетсем деймін,
Бір шыбыққа қосылып бір шыбығым.
Төгетұғын жарықты шектеме, күн,
Нұр іздеген жәутеңдеп көктем едім.
Тұмсығынан құстардың тамшы сұрап,
Бара жатам ішінде от кеменің.
Бозғылт таңмен, көгілдір қалың кешпен,
Жұлдызды шақ жалтылдап жалын кешкен.
Сүйгеннен соң өзіңді салған едім,
Ала көрме шығарып әнімді естен.
Әнімді естен шығарып ала көрме,
Қарлығаш боп жүремін ала белде.
Құлагердің шабысын сағынғанда,
Қамықтым деп қарай жүр Қарагерге.
Дөңгеленіп қалады шоқ қараған,
Көкжиекте көктейді көкпар алаң.
Тоғыз қабат ғарыштың аржағынан
Жерге салют жолдайды Тоқтар ағам.
Аспанда емес, салюттер жер бетінде,
Бір әдемі сурет бар келбетінде.
О, жер – ана, өзіңді келгенмін мен
Құшағымда сәби ғып тербетуге.
Жан-жағымнан бұлт қоршап жатыр қалың,
Сауыттарын шешпесін батырларым.
Олар мені ерлікпен қорғау керек,
Көрсем деймін бұлттарды жапырғанын.

VI. Аршылу
Көп нәрсенің жүресің құрап басын,
Жауаптасым, ойласым, сұрақтасым.
Сағынышымды айтар ем, жанымдасың,
Жан сырымды айтар ем, жырақтасың.
От ғұмырым кетті өтіп шырғалаңда,
Керек екен бір бақыт бір ғаламда.
Ақ жалау мен қолыма шырақ ұстап
Шыққым келіп жүр қазір нұрлы алаңға.
Самал желпіп тербейді қияқ басын,
Күн сүйеді даламның мият тасын.
Мен сені іздеп келемін қиналғанда,
Үзеңгілес үздігім, тұяқтасым.
Мен сені іздеп келемін қиналғанда,
Сапарыма сәт тіле жиналғанда.
Иіліп кеп қолтаңба сұрайды ылғи
Қилы адамдар жолығып қилы алаңда.
Гитар үні өксиді шалқып келіп,
Дауа іздейді әуенін қалқып төгіп.
Отырамын маңдайдың терін басып,
Ыстық қанын жүректің сарқып беріп.
Қара суда қалқиды жарты балық,
Енді неге соғады арты барып?...
Талықсыған ерінге тамызайын,
Қара судың қаймағын қалқып алып.
Мамық болып, келеді бұрқырағым,
Ұмытқанбыз неге біз күлкі барын?
Бозторғайдың тұрқындай жүрегім бар,
Жүрегімнің іші мұз, сырты жалын.
Бұлбұлдарым, бауларда шырқа барып,
Баурайыңда масаты қырқа қалып.
Жаза алмаған бауырын бұрқақ болып,
Бұлаң күндер барады бұрқап ағып.
Тебіреніп тұрамын түнгі арнадан,
Қуаныштан құшағым гүл қармаған.
Гүлдестесін лақтырып көкжиектен,
Қолын бұлғап барады жылдар маған.
Бозторғайым ұшады бозамық боп,
Сайратады құстарын жаз алып кеп.
Көкшіл түсті жанарын жаңбыр жуып,
Жарқырайды шарадай тазарып көк.
Көктемді ұзақ күтіп ем, тоқтамады,
Жаз іздейтін жанымның жоқ па халі?
Тұйғын құсқа ұқсаған тұрқым менің
Әлденені айтуға оқталады.
Шарықтайды, шалқиды қилы алаптар,
Күн нұрымен қалқиды ғимараттар.
Тамшы биін билейді тырсылдатып,
Күміс таға тұяққа құйған аттар.
Тамшы биін билейді күміс таға,
Тамшы әуенін тыңдаймыз жұмыста да.
Ұйықтай алмай жатады тебіреніп,
Тамшы дауысын тыңдаған тыныш қала.
Қара түннің қойнауын от қуалап,
Шалқып ұшып, сусылдап өтті қанат.
Қара жұлдыз дірілдеп түніменен,
Қара түннің тұғырын кетті қалап.
Өртенумен шоқ болып өтті айларым,
Жұлдыз болып жанасың, отты ойларым.
Көк бөрі боп ұлимын көкке барып,
Сен желбіреп қаласың, көк байрағым!
Домбыраның дірілдеп бір сағасы,
Шыр айналып, үйіріліп шырша басы.
Жан сарайды жаңғыртып салқын самал,
Күмп-күмп етіп көңілдің тұр сабасы.
Басқыштарым барғанда биіктерге,
Сәлем жолдап тұрамын сүйікті елге.
Ұлытауда ұлыған ұларларға,
Маңқыстауда маңыған киіктерге.
Асқақ ойлар келеді басқа түрлі,
Мен үйлерді сүйемін ақ шатырлы.
Қобыз сарнап естіліп дала жақтан,
Тарихтарым жазылып тасқа түрлі.
Бір қуат бар құйғытқан тарландарда,
Бір шуақ бар арайлы армандарда.
Дәнге айналып жатамын көктеу күтіп,
Топыраққа көмілген қарлы аңғарда.
Наурыз айы келді деп сауын айтып,
Жарапазан айтамын жалғандарға.
Дәнге айналам көмілген топырақта,
Қалтырайды көлеңкем жапырақта.
Сабылумен сағынып жаңбыр иісін,
Аптап төніп келеді атырапқа.

VII. Аңсау
Бұрқырайды жаңбырлы көктем исі,
Елжіретіп барады көкпек исі.
Жаңбыр даусын күй қылып түсірем деп,
Домбырасын шертеді шетте күйші.
Қара жердің төсінде бұрқыл ағып,
Заула, заула! Көшке ілес, зырқыра, бұлт.
Жер-ананы жұбатып тұрамын мен,
Жүрегінің тамшысын сүртіп алып.
Көз алдымда мөлдіреп жас тұнғанда,
Сәулелері шуақтың, қаштыңдар ма?
Жармасатын жаңқаны таба алмастан,
Талықсумен қаламын тасқын қарда.
Самал желдің үлбіреп ескені ұнап,
Мүлгіп қана тұрады кештегі бақ.
Өрге қарап құлашты созғым келді,
Қалтылдаған тірліктің ескегін ап.
Өрге қарап құлашты созғым келді,
Тарландардың ішінен озғым келді.
Тұмсыққа ұрып, тобырға тыға берген
Жапандағы жабыққан сез күндерді.

VIII. Ұран
Менің тарлан күндерім, жыр аңсаған,
Шырқап айтып беремін бір ән саған.
Шырақ алып шығыңдар сапарға деп,
Ұмыт қалған күндерге ұран салам.
Қиындықты, шыңдасаң, құрта аласың,
Көз жасыңды көрсетпе, сүрт, алашым.
Қаңқылдауға қаз болып шақырамын,
Қамыстарда шулатқан қырқа басын.
Менің даусым қаз болып қаңқылдауда,
Сарыарқада саз болып саңқылдауда.
Жапалақтап жауған қар арасымен
Жарқырауға келемін, жалтылдауға.
Көмейімде көлкіді көлдер ісіп,
Желдер ұшып келеді, желдер ұшып!
Моншақ болып мөлдіреп тізіліп тұр
Маржандарға айналып жердегі шық.
Ақ бұлақтар төсейді өрге басын,
Жылап келіп құлайды жерге жасын.
Қызғаныштың қып-қызыл аралы бар,
Қызғанумен тұрады берген асын.
Қызғаныштың қып-қызыл аралы бар,
Сол аралдың жаралы маралы бар.
Жараланған маралдың жүрегінен
Сізге сәлем жолдаймын, саналылар!
Нұрға толып аспаны келді күндер,
Кең ғаламның кеудеге кеңдігін бер.
Қуатпенен тасқыны лықсып келіп,
Сарқырайды сарнаған селді күндер.
Селді қандай тоқтатар күш бар менде,
Ентігумен тұрады құштар кеуде.
Шектеледі ол шаңқай түс шексіздікпен,
Тұтасады түпсіздеу тұстармен де.
Көз алдымда көлбіреп таныс әлем,
Мен ұша алсам ғарышқа тағы ұшар ем.
Жаңбыр болып төгуге шөл далаға
Бұлттарменен барамын жарыса мен.
Сен ерте орал біздерге, көктем айым,
Алма ағаштың гүлдерін төккен айым.
Ай нұрына шомылып аппақ болып,
Сәл мұңайып қалмасын шетте қайың.
Дауылпаздай дүмпілдеп жыл дабысы,
Жылдамдығын алады жылға күші.
Алға басып барады асығумен,
Бір жасампаз тірліктің жылдам ісі.

IX. Құштарлық
Өмір тынбай барады алға басып,
Кешікпегін, көшке ілес, қалма адасып.
Менің ғашық жүрегім күнді сүйген,
Менің ғашық жүрегім таңға ғашық.
Қарай берме бұрылып артыңа, сен,
Жұлдызды шақ, ән болып жарқыра, сен!
Жібек жолы бойымен керней ұста,
Керуенге жүгіңді артып әсем.
Жібек жолы жіп болып тізіледі,
Қай нүктеде жібегі үзіледі?
Көлбеп ұшып барады көшін түзеп,
Түйелерге тиелген Сызық елі.

X. Құс жолы
Алысады тынбастан от пен адам,
Құс жолы боп самғайды көктегі алаң.
Жанарыңда шуақтар күліп тұрсын,
Бұлақтарым, бұралып бетте маған.
Жанарыңда шуақтар күліп тұрсын,
Көлеңкеңнің барлығын ұмыттырсын.
Уылжыған ойларым тәтті күйде
Бүлдіргенді орманда тұнып тұрсын.
Уылжыған ойларым тәтті күйде
Барабанын дауыстап қақты күйге.
Салмағынан бұлттардың қорғасынды
Жер төсіне жаншылып жаттық үйде.
Салмағынан бұлттардың қорғасынды
Жарық күннің сәулесі зорға сынды.
Бұлбұл құсым аңдаусыз қолға түсіп,
Алтындатқан қапасты торға сіңді.
Аппақ гүлдер жауады аспандардан,
Сосын аумай қалады басқан қардан.
Бір тарау боп төгіліп түсіп қалдым
Қойылмаған нүктесі дастандардан.
Бір тарау боп төгіліп түстім тағы,
Қанат байлап, желбіреп ұштым тағы.
Батпай қойған секілді шілде күні,
Атпай қойған секілді қыстың таңы.
Кебірсіген аңқасы аңызақты
Тамсандырып ерінді тамыз ақты.
Қобыраған бұрымы қара түнді
Қанбай қалған ұйқысы таң ұзатты.
Қобыраған бұрымы қара түндер,
Маған ұшқан құстардың қанатын бер.
Қансыратып жүрекке көшіп жатыр
Орманынан өрт шығып жанатын жер.
Қансыратып, содан соң ән сұратып,
Кірпігіме ұялап қалшы, бақыт.
Жүрек тойлап жатады жан мейрамын,
Салют шашып, күні-түн тарсыл атып.
Жан мейрамын жатады жүрек тойлап,
Тымсырайған шығады түнекті айдап.
Жаңа дүние жаңғырып толғатқанда,
Нәрестенің даусымен шыр етті аймақ.
Көңіл де өлең, көк те өлең, көктем де өлең,
Мұншама алыс жүзбеген көптен кемем.
Ақ бұршаққа омырау тосып тұрдым,
Сыңғырлатып маржанын төккенде мен.
Шарықтап ұш, желбіре, шалқы, ғалам,
Жетпей жатыр алдымда жалқы қадам.
Бейқамдықтың елінің менсінбейтін
Таңданысып қарайды халқы маған.
Бейқамдықтың елінде менсінбейтін,
Күн көзіне көрінбей өлсін кейпім.
Тас қабырға сыртында айқайласам,
Жалғыз адам табам ба «келсін!» дейтін.
Бұлттар жылжып бір жаққа көшкенінде,
Құлағымды тосамын өшкен үнге.
Мылқаулардың елінде жатады ұйықтап
Мамыражай ұйқылар бөстегінде.

XI. Ұмтылыс
Мен жазамын өлмейтін рухтың әнін,
Қазыналы қойнауды құт қыламын.
Жапырағы жамырап жасыл орман,
Басып кеткен ізіме шықты қалың.
Жапырағы жамырап жасыл орман,
Көктеп өніп шығады асыл ардан.
Орнатам деп ұмтылды Алтын орда
Ғарыштағы ғажайып ғашық арман.
Жұлдыз сепсем, көгеріп дән шығар ма,
Тіршіліктің үні бар тамшыларда.
Булығады кептеліп көкірегім,
Мен қиналып кетемін ән шығарда.
Зулаған жыл мойнымды бұрғызбады,
Қанатымның астында жыр қызғалы.
Алтын орда үстіне жарқыратып
Құс жолдарын келемін тұрғызғалы.
Құс жолдарын орнатам жарқыратып,
Жарқыраған мезгілдің арты бақыт.
Мынау күннің кеші де құбылаға
Бататұғын секілді жалқын атып.
Қалқып ұшып кетсем де биіктермен,
Көзді жазғым келмейді сүйікті елден.
Бұл дүниеге келгенде, ақ матадан
Ақыреттің көйлегін киіп келгем.
Мен жаңбырды сүйемін қолшатырлы,
Кемпірқосақ түсін де сонша түрлі.
Сезімдерін сел қылып себелектеп,
Жаңбыр тілін жырлайтын барша түнді.
Жеткізбейді көгілдір көктем алыс,
Көктемге ұқсап кетеді көктегі ағыс.
Шағаласын шалқытып келе жатыр
Жағалауын жылжытып жеткен Арыс.
Мен соншалық сүйе алам, жек көре алам,
Гүл дестесін жалықпай көп тере алам.
Сынақтарда жарылған отқа күйіп,
Махаббаттың жетсінші кептері аман.
Күйіп қалып қанаты сынақтарда,
Мекен таппай келіпті тұрақтарға.
Көз жасының құралған тамшысынан
Қанаттарын жуамын бұлақтарға.
Қанаттарын жуамын, кірсін әрі,
Табылады, асықпа, бір сыңары.
Оқырманым, ойланып отырмашы,
Қалықтамай сен неге жүрсің әлі?...
Тыным таппас жүрегім, топқа сөйле,
Жанып тұрған лапылдап отқа сөйле.
Ақ кірпігін ашқанша мылқау ғалам,
Күндер сөйле, ай сөйле, апта сөйле.
Ақ кірпігін ашады мылқау ғалам,
Мылқаулыққа қарамай түлкі аулаған.
Ең бір биік нотаны таңдап алып,
Керек болып тұр қазір шырқау маған.
Ең бір биік нотаны таңдап алып,
Самай шашы таңдардың қалды ағарып.
Жүректерге жете алмай қалғаннан соң,
Жапырақтар соғады жарға барып.
Жүректерге жүрекпен тілдесемін,
Оятамын ұйқыңнан түнде сенің.
Қайда барсаң қасыңда тіп-тік болып,
Жүру керек сияқты күнде Сенім.

XII. Жарық
Бар бол сен де, аяулы, аңсаулы әлем,
Мен өзіңді іздедім бар сәуледен.
Шұғылалар шарпысып, сан тұтанып,
Жер бетіне жетеді шаршауменен.
Алақанын төзімнің отқа қарып,
Қара шашым қайғыдан кетті ағарып.
Жер бетінде бір сәуле тербетуде,
Көңілімді жеткізем көкке барып.
Менде де бар бұлттардың өр тілегі,
Мөлдіреумен көзімде көл түнеді.
Тобылғысы тамаша туған елдің
Толғандырып барады көркі мені.
Ормандарын жазады бүктесін де,
Галактика жанады нүктесінде.
Сирень түсті көйлекті киіп келем,
Сәулем, мені мамырдың күт кешінде.

XIII. Жанды құтқару
Дүниені бір ғажайып құшып жыр,
Менің жаным маза таппай ұшып жүр.
Өрт лаулайды, жаным онда жанады,
Сен осының себебін айт, түсіндір.
Өрт лаулайды, жаным менің жанады,
Мен білмеймін, қашан дамыл алады?
Оған дауа таба алмайды ешқашан
Аспан асты, туған жердің алабы.
Ешбір дауа табылмайды дертіме,
Бірақ, адал болам дедім сертіме.
Жоғарыдан жанұшырып қараймын
Тозақ-ғалам лапылдаған өртіне.
Кері қарай жөңкіледі бар ағын,
Мен осыдан азап шегем, қарағым.
Жалынышпен жаңқаларды қуалап,
Ағыстармен ілесе ағып барамын.
Өткендер де маған көңіл бөлмеді,
Кеткендер де маған көңіл бөлмеді.
Талықсысам, тіршілікке шақырып,
Бетіме кеп үрлеп кетер жел демі.
Оянбастан қалардаймын кейде мен,
Сәулетайым, құтқара гөр сен мені.
Қарап тұрсаң жас ағады тастардан,
Тастың жасты көзін сүрту – басты арман.
Жақындарды жуытпаймын жаныма,
Бірте-бірте суығанмын достардан.
Шындық іздеп жолға шықтым шырқырап,
Жүрекпенен жан азабы басталған.
Көмек күтіп қол созамын таңдарға,
Толқын болып жүгіремін жалдарға.
Дүние көзін көлегейлеп қарайды
Алтын шардай жарқыраған жан барда.
Дүниеде дидарына нұр енген,
Көп қиналып, азап шеккен реңмен,
Жаһандардан дабыл іздеп жүрем мен,
Жапандардан дауыл іздеп жүрем мен,
Міне, тағы жолға шықтым күреңмен.
Дауыл керек, дабыл керек, от керек,
Күнім менің күнгей болып өтті ерек.
Ішкі толқын лықсып теуіп тұрғанда,
Жасын ұрған құламайды көк терек.
Сол теректер заулап көкке барады,
Тармақталып тамырлардың тарамы.
Бір түйінде түйісе алмай тулаған
Сан арнаға түскен жолдың торабы.
Бір түйінде түйісе алмай тулаған,
Жылдарым-ай, жылдарым-ай, зулаған.
Тоқта дейді жанұшырып ұран сап,
Жалаулары желбіреген шулы алаң.
Тоқта дейді жанұшырып ұран сап,
Қияларға қалықтаған қыран шақ.
Жылдамдықтан талықсыдым, шаршадым,
Биіктіктен талықсыдым шаршадым,
Баяу үнмен берші, жаным, бір ән сап.
Мен жанымды сата алмадым сайтанға,
Бір тиынсыз қан базардан қайтам ба?
Сатылмайтын нәрселердің барлығын
Айттым ба екен, әлде енді айтам ба?...
Сатылмайтын нәрселердің барлығын
Жылап тұрып айтады ылғи жарлы мұң.
Еркіндігім бостандыққа шықпаса,
Бостандықтың не екендігін ұқпаса,
Сезбес те еді жер бетінің тарлығын.
Сөне жаздап, қайта шалқып бір жалын,
Қонатұғын тұғыр іздеп жүр жаным.
Кірпіштері сыңғыр қағып әндеткен,
Іргелерін іздеп содан тұрғаным.
Бабалардың қасиетін сақтаған,
Шұбырынды ізім қалған ақ табан.
Қаланасың, жамаласың сен қашан
Ақ сарайым, аппақ арым, аппақ ән?...
Менің жаным маза таппай ұшады,
Ұшады да, көктің жүзін құшады.
Жанарына арбалады жанымның.
Туған елдің оттан ыстық құшағы.
Тазар, тазар, аршыл, жаным, тозаңнан,
Мен аршылған дидарыңнан көз алман.
Сыртқа шықсын жүрегімнің дауысы
Биік-биік мінбелерден сөз алған.
Маған таза бастау керек тұп-тұнық,
Бұлақтарға бастау болу – мықтылық.
Ұққандарға қызмет қыл тік тұрып,
Ұқпағанға оның сырын ұқтырып...

XIV. Жай табу
Санамдағы жанартау – жарылыстан,
Қауызымды мен кеше жарып ұшқам.
Мәңгі жасыл көктемді артық қоям
Сары тапты сүрлеуі кәрі қыстан.
Жасыл шырша бейнесін ән ғып өткен,
Керек боп тұр бір көктем, мәңгі көктем.
Бозторғайлар үн теріп бергі жақтан,
Шымшық үні шырылдап арғы беттен.
Құйттай жүрек құс болып сөз тереді,
Жайқалады жамырап жаз терегі.
Қорғандарын асықпай соғып жатыр
Бұлбұлдарын қорғаған әскер елі.
Көгілдір таң мүлгиді тыныш қарда,
Таңдар көкшіл тартады ұлы іс барда.
Дабыл қағып дауылдар шақырып тұр
Қанат жайған қаланы жұмыстарға.
Қар мен көктем. Мәңгілік егіз бе едің,
Теңеуіңді таппадым, тек іздедім.
Қалқып-қалқып сарғайған құс жолымен
Көкжиекке сіңеді көне іздерім.
Баяу ғана тербеліп таудың басы,
Теңіздерде толқыды жалдың қасы.
Шың басында қалқыған сап-сары күн,
Қоштасуға қол бұлғап қалдың ба шын?...
Сап, сап, көңіл, сабырға келсең еді,
Сары тауда сабырым теңселеді.
Өмірінің аумағын жатыр өлшеп
Отыз ауыз оймақтай өлшем елі.
Өз жүрегін орынсыз азаптаған
Бойын керді балбырап ғажап далам.
Құлағыма сыбырлап ізде дейді,
Бастауыңды тап дейді қазақ бабам.
Қайда менің бастауым? Тастарда ма?
Шыңға шынар өрлеткен асқарда ма?
Ұлы рухты ойлаймын ұйқыға еніп,
Туған жердің төскейін жастарда да.
Мен сапарда келемін арып-ашып,
Жарық ашып жолдарға, жарық ашып.
Көктемді аңсап жүргенде, Алатаудың
Шыршаларды қалады қары басып.
Жақтауынан жанымның ән құралып,
Әйнегімнен келеді жаңбыр ағып.
Ирегімен иірімнің биге билеп,
Ағысымды барады тағдыр алып.
Махаббатпен жырладым байтақ елді,
Сүйемін деп жүрегім айта берді.
Кемерінен атылған толқындарым
Өз орнына біртіндеп қайта келді.
Түс, толқыным, қайтадан баяу күйге,
Мен өзіңді іздеймін ояу күйде.
Сағынғанда аспанды мұңға батып,
Отырамын ойланып аяулы үйде.
Бірде күліп, ал бірде мұңға батып,
Ағыстарын арманның жырла, бақыт.
Сабасына түседі кері оралып,
Көбіктері толқынның тұрған атып.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ертегі

  • 0
  • 0

Бәрі ертеңде, болашағым ертеңде,
Үмітіңе үкі тағып, көркемде.
Талықсыған тамырына су барсын,
Су құямыз жасыл шыбық өркенге.

Толық

Қолтаңба

  • 0
  • 0

Тірлікке кімдер келіп, кім кетпеген,
Жанбысың жүрегіңді күн кептеген?
Кеудеңді жейде қылып желге жай да,
Түймеле алтындаған ілгекпенен.

Толық

Уыз аңқып сәбидің жөргегінен

  • 0
  • 0

Уыз аңқып сәбидің жөргегінен,
Жусан исі бұрқырап өрде кілең,
Тақиясын шешкенде, тер аңқыған
Әкем исі жетеді төрдегіден.

Толық

Қарап көріңіз