Ана махаббаты
Әрдайым татулықтан көңілі өскен
Ешқашан бір-бірінен бөлінбестен,
Ертеде бір ауылға аңыз болған
Бір үйде екі абысын өмір кешкен.
Екі әйел тату болған шынында да,
Жүз шайып ұрыспаған ғұмырда да.
Тел еміп екі ананың ортасында
Өсіпті еркін ерке - бір ұл бала.
Өскен ұл өзі ақылды, арманы асыл.
Көргенде келбетіне таңданасың,
Ер жетіп, аң аулауға шыққан кезде
Ажалдан құтқарыпты ол хан баласын.
Хан барып өжет ұлды көрмек болған,
Сый сұрап жігіт өзі келмепті оған.
Батырдың анасына алғыс айтып
Ғажайып сарай салып бермек болған.
Қайтар ма пейілінен бір ауса хан,
Қайтару жақсылығын құмар-саған.
Қайсысы екі әйелдің анасы деп
Уәзірден кешіктірмей сұрау салған.
Туғалы ешнәрсені бөліспеген,
Екеуі не істе десе соны істеген,
«Екеуі менің туған анам» десе
Хан жігіт жауабына келіспеген.
«Анаңмен - уәзір - ханға жүр» дейді екен,
(Бұл халық татуды да күндей ме екен?)
Туғанын екі ананың қайсысынан
Жігіттің өзі де анық білмейді екен.
Бұл жайлы тіс жармаған бәле тіпті
Айтпапты екі әйел де төрелікті.
Шынында қайсысынан туды екен деп
Сол кезде ел де гулей жөнеліпті.
Бұл сауал қос ананы қапа қылды
Жігіт те ханға талай апарылды.
Сыйдан да, сарайдан да бас тартып ол
Жалынды ханға «қой - деп - шатағыңды».
Бір кезде татулықтың өлшемі еді,
Енді ол үй қасіреттен теңселеді.
Өжет ұл туған әйел қайсысы деп,
Білуге жағдайды хан өршеленді.
Бір күні ханның үні жаңғырықты.
Ел жинап сарай алдын шаң қалыпты,
Жігіттің қол-аяғын байлатқызып,
Сол жерге екі әйелді алдырыпты.
Депті ол: «Қысқартыңдар бұлдануды,
Жалындым, айтпадындар шындарыңды.
Енді мен екі сарай салғызам да,
Екіге бөліп берем ұлдарыңды».
Екіге хан жігітті шабам депті,
Айбалта әкелуге адам кетті.
Сол кезде бірінші әйел «мен келісем
Жігіттің жарты жағын алам», - депті.
Еңіреп енді бірі зар жылаған
Бөліске түспесін деп сорлы балам.
« - Мен үшін бөле көрме, жер бетінде
Құлыным аман жүрсе болды маған».
Ол солай қолын жайып алға шықты,
Көз жасы ақ тілеуге жалғасыпты,
Босатқан қол-аяғын жігіт келіп,
Сол жерде анасына жармасыпты.
Сол жерде толқып кеткен халық қатты,
Сонда ана ұлын көріп талып қапты.
Тағында мәз-мәйрам боп отырған хан
Қулықпен ұл анасын анықтапты.
Шынымен хан бөліске салады деп,
Үрейден қалған екен бала жүдеп.
Өлшеусіз мейірім мен махаббатың
Өзгеден бөлексің-ау, ана жүрек!
Набижанова Нурсауле
Маган бул олендер катты унады :асиресе Ана махаббаты
Айсулу
Өте керемет
Нунка
өте керемет өлендер!
Асылбек
Кишкентай кезимде домбырамен айтканын естип едим 12 жасымда