Кең далаға жаяды күз қанатын – Шәмшия Жұбатова

Бұл бетте «Кең далаға жаяды күз қанатын» атты Шәмшия Жұбатова жазған табиғат туралы өлең берілген.

  • 14.01.2022
  • 0
  • 0
  • 748
Кең далаға жаяды күз қанатын,
Түрі бар-ау күні ертең сызданатын.
Көлеңкелер көбейіп көлбең қақты
Жасыл жаздың дидарын қызғанатын.
Жасыл жазым... мәңгілік емес пе еді,
Қыр басында қалыпты елестері.
Ақшыл тұман көлбеңдеп келе жатыр,
Бауырында тірліктің көмескі елі.
Көмескі әлем келеді дөңеспенен,
Ескертпеген, ешкіммен кеңеспеген.
Ақ жаулықты әз ана дала кезіп,
Бесік жырын айтады белеспенен.
Әлдиіне, кең дала, тербеле бер,
Тербелмеске болмайтын жел де келер.
Қарлығашты жаңа күн қанатымен
Жақсылықтар келеді елге нелер.
Санаңа бір салмақты сырық қадап,
Көзге сурет тұнады қырық қабат.
Жасыл жазым соңғы рет қол бұлғады
Мойнын артқа тағы да бұрып қарап.
Жасыл жазым соңғы рет қол бұлғады,
Қол бұлғаудан тұрады жолдың бәрі.
Жанарынан жайлаудың жаз қараған,
Қоя алмаспын кейінге ол күнді әрі.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері