Көріп тұрып құша алмаудың қайғысын – Әлия Дәулетбаева

Бұл бетте «Көріп тұрып құша алмаудың қайғысын» атты Әлия Дәулетбаева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 16.01.2022
  • 0
  • 0
  • 1695
Көріп тұрып құша алмаудың қайғысын,
Сезіміңді тұсаулаудың қайғысын,
Қанат бітіп ұша алмаудың қайғысын,
Менен артық кім білсін?!
Тек көзбенен аймалаудың қайғысын,
Тегіс жолда тайғанаудың қайғысын,
Оңашада ой қамаудың қайғысын,
Сізден артық кім білсін?!
Тілдесе алмай тосылудың қайғысын,
Қоштасуға асығудың қайғысын,
Жанар шығын жасырудың қайғысын,
Менен артық кім білсін?!
Өз арымен күресудің қайғысын,
Мәнсіз күнге ілесудің қайғысын,
Төзіміңді түгесудің қайғысын,
Сізден артық кім білсін?!
Тағдыр салған қыл бұраудың қайғысын,
Тым алыстан тұнжыраудың қайғысын,
Жалған күліп, шын жылаудың қайғысын,
Бізден артық кім білсін?!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері