Сезімсіз, сырсыз мүсін шығарсыз – Әлия Дәулетбаева

Бұл бетте «Сезімсіз, сырсыз мүсін шығарсыз» атты Әлия Дәулетбаева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 16.01.2022
  • 0
  • 0
  • 894
Сезімсіз, сырсыз мүсін шығарсыз,
Өткерген аяз, аптапты.
Сіз осы менің түсім шығарсыз,
Таң алды көрген тәп-тәтті...

Әрсіз күнімді әспеттеу үшін,
Ойлап та тапқан шығармын.
Әйтеуір көзден жас кетпеді шын,
Неге осы сізге құмармын?..

Есімді арбаған елес шығарсыз,
Елес шығарсыз кәдімгі.
Сіз, сірә, тірі емес шығарсыз,
Ізіңді таппай сабылдым.
Қайғылы күзгі тұман шығарсыз,
Жаншыған сезім-теңізді.
Жасамай кеткен күнәм шығарсыз,
Күнәм шығарсыз ең ізгі.

Көктемгі тентек дауыл шығарсыз,
Нәзік бойымды ырғаған.
Мейірімі кемдеу жауым шығарсыз,
Тыныштығымды ұрлаған.

Кеудемнің құйттай құсы шығарсыз,
Құлаған амал-айласыз...
Сіз осы менің түсім шығарсыз,
Өңім болсаңыз қайдасыз?...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері