Көлсай

Қазақша өлең мәтіні, өлең жолдары және толық нұсқасы.

  • 17.01.2022
  • 0
  • 0
  • 1448
Аршын төсті құз-таулар аясында,
Жасыл желек,
Ну орман саясында.
Күнге ұмсынып
Алақан жаясың ба,
Күміс нұрға жүзіңді шаясың ба?!
Сұлу бейнең айналып жарасымға,
Сыр тұнғандай
Тұнжыр көзқарасыңда...
Тарқатылып мың өрім бұрымдарың,
Табиғатқа наз артып барасың ба?!
Толқыныңның
Мөп-мөлдір сыршыл үні,
Суарғандай
Кеудемнің жыр шыбығын.
Айна жүзің тосады көз алдыма,
Жайып тастап су асты тіршілігін.
Ақ шабағың
Бұлғаңдай
Ойқастап мың,
Көңіліме қандай сыр, ой тастады?..
Абайсызда
Шашылған жұлдыздар ма,
Тұнып қалған түбіңде
Қойтастарың?!
Текшелене орнаған қасыңа нық,
Кербез таулар
Көркіңе ғашық анық!
Еміренеді
Төніп кеп айдыныңа,
Аспа бұлтқа білегін асып алып.
Шыршалардың
Салтанат құруын-ай!
Сұлулықтың көңілді бұруын-ай!
Тау да жасыл,
Жер жасыл,
Көл де жасыл,
Жер-дүниенің жасанып тұруын-ай!
Бар жиһазын
Табиғат жиып көптен,
Бір өзіңе аямай үйіп-төккен...
Шіркін, Көлсай,
Құдіретті сыр-сымбатың
Сезім болып
Кеудеме сыйып кеткен!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Көлсай өлеңінің авторы кім?

Қатира Жәленова — осы өлеңнің авторы.

Көлсай өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін онлайн оқуға болады.

Көлсай өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Қатира Жәленова өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Көлсай өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні мен шумақтары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері