Құмда
(аударма)
Махаббатқа жоқ менің шектелерім,
Өткен емес жастығым текке менің.
«Сен мендіксің», «сүйемін», «жаным» деген
бос сөздерді мен бірақ жек көремін.
Құл болуды ешқашан қаламадым,
сұлу әйел көрінсе қадаламын:
«Бүгінгі түн біздікі. Құштарлықтың
толқынына көмілсін сана, жаным,
бірақ ертең кетемін өз бетіммен,
еркіндіктің қайтадан салам әнін».
Табиғаттай табиғи жаным менің:
тыныс етіп теңіздің ағын демін,
қарағайдың иісінен нәр алғанмын,
күн кезіндей күйдірер жалын демім.
Сұрғылт сұлулығындай құм жағаның
тұзды желдің өтінде шыңдаламын.
Мен осындай ойда едім, сенімді едім,
араладым фин жерін, ерінбедім,
қырынбайтын, жасыл көз фин жұртының
қызықтадым армансыз елін, жерін.
Тыныш екен шекара жағалары,
Алдымдағы ел бейтаныс маған әлі.
Иесіз қалған орыстың шіркеуі де
жетімсіреп жат елге қадалады.
Мен осындай ойда едім қанша жылдан.
Кенет бір қыз шықты да қарсы алдымнан
қарап тұрды көз салып айналаға,
Күнмен ойнап жанары тамсандырған.
Елең еттім көргендей жан арманын,
қара шаштың толқыны-ай! Соған жаным
құмарланып,
тілейді жібек талдар
мойыныма төгіліп оралғанын.
Ол келді де тәкаббар өр жанарын
жанарыма қадады - қорғамадым.
Миығынан күліп ап, маған қарай
шөп лақтырды, көрдің бе қорлағанын!
Сүйтті-дағы жүгіріп ұзай берді,
Шауып шықты шекеме сонда қаным.
Қуып бердім бойымен жаға-жардың,
орманға да соқтықтым, жараландым.
Жүгіремін далада аң қуғандай,
тұманданып, бұлдырап барады алдым.
Жан дауыспен айкайлап жүріп келем,
жырақтайды қыз бірақ күліп менен.
Құм бетіне қалдырып ізін ғана,
есімді алды ойнақы қылықпенен.
Құлай кеттім, кернеді мұң ішімді,
жете алмадым, кешпеймін бұл ісімді.
Көз алдымда жүгіріп барады қыз,
шашып маған күлкісін - күміс үнді.
Күліп бара жатқандай шаштары да,
көйлегі де, көзі де, қастары да,
Жатып алып ойлаймын: «Бүгін түнде
өзің ғана қажетсің жас жаныма.
Қашан оны тағы аңдай ұстағанша
бұл арадан кетпеймін! Қашқанына
өкіндірем».
Осылай мен күттім кеп,
(түн самалы жанымды сергітті үрлеп).
«Сен мендіксің, сүйіктім», - демеймін мен.
Ол ғана айтсын: «Сендікпін, сендікпін!» - деп.
***
Көз тартып сұлулығың,
жапқандай жүзіңді мұң,
шаршаған жаның жүдеп,
ұмытып әнін жүрек,
еш жанға көңіл бөлмей
тілегенмен қаншама
өлім келмей
жүргенінде
оранып жанар мұңға,
мен сені ренжіте алармын ба?
Жоқ, жоқ, мен зорлықшы емен,
Маған жат ол күш деген,
көп жайды білгеніммен,
өзімменен өзім боп жүргеніммен,
пиғылы арам, айлакер жан емеспін,
тәкаппар деп айтпайды және де ешкім.
Өйткені мен ақынмын -
мұны білгін -
тартып алар жұпарын тірі гүлдің.
Сіз қаншама мұңданғанмен
маған айтып сырларды,
ал мен
ойлап тұрмын:
піспеген талғамы әлі,
болғаны он бес жастасыз - арман әні
Сіз үшін алда бәрі.
Сондықтан қалар едім:
жырға қосар аспан мен дала, белін
ақынға емес,
ғашық бол басқа адамға,
солай...
бекер көзіңді жасқа малма.
Шын сүйетін кезіксе бір адамың,
сонда мен де Сіз үшін қуанамын:
баламаңыз ессізге, жасыққа да –
Нағыз адам дүниеде - ғашық қана!
АЛЕКСАНДР БЛОК
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі