Өлең, жыр, ақындар

Әзәзіл

  • 28.01.2022
  • 0
  • 0
  • 1442
(аударма)

Құш мені —
өмір сүрмедім,
Жаттармен жүрдім сандалып.
Өпкенде сендік гүлді ерін,
Есімнен танам арбалып.
Күткенің түн де, таң демей,
Өтіп те болмай жылдай күн
Шақырды мені сәуледей,
Әніндей әсем сырнайдың.
Сәулені таппай төзбедім,
Жеттім мен тауға жан салып,
Кеберсіп ернім, көзде мұң,
Қырқылған қолға қамшы алып.
Күн батар мезгіл — ерен шақ:
Өртенер таулар мұңды үнмен.
Тамара жаным,
сені аңсап
Ессіз де күшсіз тұрдым мен.
Сол сәтте, сол бір ақшамда,
Түсімде көрдім елжіреп.
Мен тұрған шырқау аспанға
Шарқатың жетті желбіреп.
Билейді ол, жылап мұңлы әнмен,
Зурналар зарлы сарнаса...
Жете алмас күйеу қуғанмен,
Чеченнің оғы болмаса!
***
Жылдар зулап өтеді, күн алмасып,
Әлем бізге қарайды түн-жанармен.
Ал, көңілім, шаршаған тұман басып,
бақыт дейсің әлі де -
мұңданам мен...
Бақыт деген немене?
Гүл бағында
серуен бе оңаша қол ұстасқан?
Не мерт етер құмарлық құндағында
шақтарың ба шараптан толып тасқан?
Бақыт деген немене?
Шағың аз-ақ
ұйқтап, тыныш дем алған күйбеңдерден.
Көзіңді ашсаң — жанталас, тағы да азап
домалатып ілгері сүйрер желмен.
Сәл тыныстап, қарайсың жан-жағыңа,
әлгі қатер өткендей. Дамылдадың.
Тыныштықты сол сәтте-ақ жалмады да,
Тағы қайта басталды дауыл-жалын.
Суға кетіп, тал қармап, тайғанақтап,
құлақ тұнып әуеннен ызыңдаған,
есі шығып кұздан да, сайдан аттап,
күн өткізген бүгін де, бұрын да адам.
Қашан бітер?
Қаншама шошынды адам...
Қандай азап, қорқыныш - жалын кешкен...
Қолыңды бер, ұмтылшы, досым, маған,
шығарайық тағы да бәрін естен.

АЛЕКСАНДР БЛОК



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Мені пәк деп жүрсіңдер, таза жаны

  • 0
  • 0

Мені пәк деп жүрсіңдер, таза жаны,
ақ бұлақтай мөлдір деп ғажап әні.
Биліксіз жұрт, бас шайқап қоясыңдар
білмей жүр деп қадірін қазақ әлі.

Толық

Үрей

  • 0
  • 0

Жүрегім, қарадың ба
артыңды
шындап, тегі?
Біреу бар, жаңа мұнда

Толық

Жылап жатам, төсектен тұрам жылап

  • 0
  • 0

Жылап жатам, төсектен тұрам жылап.
Жеңілдік жоқ жаныма мұнан бірақ.
Ақыл-шыңға әл бермей,
жайлау-жанға

Толық

Қарап көріңіз