Жылқы жыр – Қадыр Мырза Әли

Бұл бетте «Жылқы жыр» атты Қадыр Мырза Әли жазған поэзия туралы өлең берілген.

  • 30.04.2019
  • 0
  • 2
  • 8281
Қыл шылбырын сүйретіп,
Қай шумағың шашау жүр?
Әбден сені үйретіп
Алдық білем, асау жыр.
Омақасып өлсең де,
Осқырыну жоқ сенде.
Сен дайынсың мінсем де
Сен дайынсың жексем де.
Ой тұндырып көзіңе,
Ұстағанмен күйлі етіп,
Төрт аяқтың өзімен
Қойдық сұлу билетіп.
Орасан іс істеумен,
Өшті ме оты үміттің?!
Баяғыша тістеу мен
Тебуді де ұмыттың.
Желігенің жігерсіз
Түсіреді еңсені.
Ер-тоқымсыз,
Жүгенсіз
Жіберейін мен сені.
Болды!
Жетті!
Бәрінен
Босатайын мен сені.
Керек саған дәріге
Еркіндіктің женьшені!
Оқыранып анайы,
Далаңа сыр айтшы бір.
Жер тарпыған
Жабайы.
Жылқы болып қайтшы бір!


Пікірлер (2)

Айша

Күшті

Айша

@демі

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері