Отан, мені баста сен
(аударма)
Отан, мені баста сен
жан баспаған жолдарға.
Сен бұйырсаң қашпас ем:
қия шың ба, орман ба.
Қиындыққа сал мені,
жұмса жырақ жақтарға:
Өбсін бетті шаң, желі,
сүйсін аяз ақпан да!
Отан, маған бұйыр сен,
шақыр алыс орманға.
Мені аяма иілсем,
өжет болсам, таңданба.
Жұмса мені жерлерге
жан баспаған жалғанда.
«Қиындыкты меңгер!» - де,
сонда ұмтылам таңға - алға.
Біреулердің жанынан
бей-жайлықты қу шалғай.
Мейіріміңді сағынам,
тұрғай мәңгі кір шалмай.
Сонда қайда жүрсем де,
қуанамын шаттанып.
Өмірім де бір сенде,
сені айтамын мақтанып.
Қиналсам, мені жұбатпа,
жоғалмайды ештеңем.
Баршы деме жұмаққа,
жұбатудан сескенем.
Бұйырсаң,
мен дүр етіп
алаулайын, жанайын,
атыңды ылғи гүл етіп
көкірегіме тағайын.
* * *
Неше ғасыр ұмытылған, тапталған
жерге ұқсаймын мына мен:
бәріне тез үйрендім деп мақтанбан –
ұнасам да көп жандарға
қиындықпен ұнап ем.
Дірдектетіп мені күздің жаңбыры,
шыңылтыр күн өртеді.
Уақыт мені салмағымен таптап талай қарғыды,
дәл үстімнен тапағандай бейне қалың қол тегі.
Қалжырадым, құламадым бірақ мен,
қолым создым шыңдарға.
Дауылдарға, жауындарға ұнап та ем
сынбағаным үшін ауыр сындарда.
Мүңаяйын, қуанайын мен мейлі -
сезем Отан жанарынан жылылық.
Мен мүңайсам, туған жердің топырағы емдейді,
жанымды үнсіз ұғынып.
Мен ешкімнен ештеңе де сұраман:
қонатын жер, нан да, су да, жарық та –
есен болса туған жердей шын анам,
байлық менде, қамықпа.
Ойда жоқта қайғы келсе басыма
бетіне ұстап жылғаларды, тасаны,
туған жердің бұтасы да, тасы да –
бәрі маған құшақтарын ашады.
***
Күндер, күндер өтуде күлімдеген,
томсырайған бұлыңғыр бір қатары.
Тағы да кеш. Жалғызбын бүгін де мен.
Тек дәптердің парағы тіл қатады.
Көңілсізбін. Бірақ та қайда кетем –
ешкімім жоқ, досым деп барар едім...
Күрсінемін. Күрсіну айла ма екен,
жан жоқ болса кеңілдің табар емін.
Күрсініп ап, сонан соң бұрынғыдай
салқын суға жуынам серігу үшін,
Сосын жұртты әзілдеп жырындыдай
жыр жазамын тағы да - белгілі ісім.
Уақ-түйекті елемей жігітше мен,
басып келем өмірдің мұнар белін.
Ертеңімнен соншалық үміттенем –
бақыт тегі өзімде шығар менің.
***
Сүй мені, шырай жүздім,
дірілдеп ойланбай сүй.
Бейне бір құдай бізді
некелеп қойғандай сүй.
Сүй мені батыл келіп,
қарама сынса белге.
Сезімге ақын жерік,
ойлауға мұрша берме.
Сүй мені есімді алып,
сыйлауды былай қалдыр.
Сен келсең - кешім жарық,
ұршықтай шыр айналдыр.
Жанымды жайлағын сен,
жатсам да сырқат, сызбай.
Мені аңды қайда жүрсем,
ешқайда бұлтартқызбай.
Мүсіндей қаша мені,
жүр маған ерік бермей.
Қайтадан жаса мені
сүйікті кейіпкердей.
Ұқсамай еш адамға
қатал сүй, жасқанбай сүй.
Ұқсайын есалаңға,
тек арға дақ салмай сүй.
Алдымда калғы, жүгін,
жүректе калсын сенім.
Болайын жаңғырығың,
болайын жалшың сенің.
Жалтарсам кешірме түк,
сонда ару, ханша да мен.
Сүюді есім кетіп
талайдан аңсаған ем.
Айқайла, терге мені
жасырын сырым бардай;
ерегес, жерле мені,
ашулан дымың қалмай:
мазамды ал, құлат, бүлдір
бар затты кешкі үйдегі,
күрсіндір, жылат, күлдір,
сүй мені. Тек сүй мені.
***
Қателіктер жасадық біз күтпеген,
бірақ олар шыңдамайды сананы.
Алғашқыда түсінгем жоқ түк те мен,
ал кейін де сұм болғаным, шамалы.
Сенгіштіктен талай бейнет шексек те,
сенуден біз арылмаймыз бәрібір.
Сыртқы көзге ересек боп кетсек те,
көңіліміз бала шақтай әлі гүл...
***
Міне, мен ұлды болдым!
Әніңе басшы, күнім.
Сәулесі түнгі жолдың
бір маған шашты нұрын.
Балықтай ауға іліккен
жанымда тыпырлайды.
Арылдым сан күдіктен,
кетті өтіп бүкіл қайғы.
Даңқың да, кұрметің де
қажетсіз енді маған.
Енді өмір құдіретіңе
өзіңді сендіре алам.
Енді тау, тамам дала,
көк аспан шаңырағы –
бәрі де маған ғана
бас иіп табынады.
***
Ол екеуін жауластырды өмірдің сан сұрағы.
Жаулықты да, достықты да уақыт ұмыттырады.
«Біз екеуміз ешқашанда түсініспейді екенбіз», -
деді-дағы қош айтысты. Достық туы кұлады.
Жүйрік поезд алып кетті сол «дұшпанды» жыраққа.
Дауласатын жан қалмады, тыныш тапты құлақ та.
Қалғандардың ешқайсысы қарсыласып жатпайды,
жалбақтайды, жұбатады мұны ылғи да мақтайды.
Бірақ сенің жан жүрегің құлазиды бір кеште,
«дұшпанымен» бірге жүрген түсіреді күнді еске.
Қаймықпастан дауласатын, барын бүкпей айтатын
сол адамды сағынасың. Сағынасың қайта тым.
Сағынасың, сол жанды іздеп ойша дала кезесің.
Оның орнын ешбір адам толтырмасын сезесің.
Тез ұмытып оның сенен кеткендігін ашынып,
«Жолың түссе соғып кет» деп хат жазасың асығып.
Келер ме енді? Үміт, күдік сені әуреге салады.
Көп күттірмей почташы қыз есігіңді қағады.
Сонда екі дос, нағыз достар, табысады қайтадан,
үнсіз сонда ұғысады екеуінің жанары.
***
Соғыс-сұм бізге жайды уын,
боздақтар өлді тамсанып.
Он екі жаста кайғының
салмағынан біз шаршадық.
Сол соғыс жұтты әр үйдің
сағынып күткен арысын.
Жүрегін көздеп сәбидің,
әйелдің таптап намысын.
Ұмытпайды сені шартарап
ызалы көзден қан ағып.
Үлкеннің жүгін арқалап,
соғыста өткен балалық...
***
Шыныққан ба ми тегі,
бәрі де артта зар-мұңның,
жұқартқанмен жүйкені
дөңгелегі тағдырдың.
Сағыныш жоқ күйдірген
тәтті үмітке мас қылып.
Дөңбекшіткен, сүйдірген
жанарында жас тұнып.
Махаббатың тағы да
алаулатпайды бетімді.
Жел шарпыған жаныма
бәрі де бір секілді.
Мен емес пе ем жас шақтын
жолдарында саз, аптап
күлетұғын асқақ тым
жасқаншақты мазақтап?
Мен емес пе ем
бұл жалған
талай-талай сынаған?
Сонда жүйрік жылдардан
тек денсаулық сұраған?
Мен ем... салды мол сынға
өткен күндер жүгі шын.
Тек денсаулық болсын да,
болсын қиын жұмысым.
***
Байсалды боп келем мен,
талай қайғы жеп кеудем.
Күйзеліп ем дегенмен
көп нәрселер жетпеуден.
Сұлулықтан тыс қалып,
бұйырмады бүрым да,
күрмелмеді қысқа жіп,
баттым талай шығынға.
Көйлекке де жетпеді,
сағат түгіл жұрттағы.
Жетіспейді бек тегі
жігіттің бір сырттаны.
Күйеуге де алмады
көпке дейін кісілер:
жұмбақтауын таңдады
қыздардың да ішінен.
Шаттық жайлы бұл ғалам
алдарқатты тек мені.
Ал шынында бір маған
барлығы да жетпеді.
Мұңдары мол ауыр күн
маған ғана беттеді.
Көп аңсаған сәуірдің
жылылығы жетпеді.
Мен күтіп ем, көп жанның –
шыншылдығы жетпеді.
Көп тараулы жолдардан
соқпақ тиді шеттегі.
Сөз бен істің арасын
қабыстырмас алшақтық.
Білмей күштің шамасын
толқындарға қарсы ақтық.
О, алшақтық, керең бе ең,
сордың қанын талайдың...
Байсалды боп келем мен,
бәріне жай қараймын.
***
Өзге біреу көз жасын бұлағанда,
қасіретін кез келген ұға алар ма...
Жолы болғыш жандарда шаттық та мол,
оларға емес, асық сен жылағанға.
Қондырған жан бақыттың бұла құсын
бөліскенге кенде емес қуанышын.
Қайғылының жанынан сен табылсаң,
соның өзі-ақ ол үшін жұбаныш-үн.
Ұға алмаймын өмірден кейде ештеңе:
бақыт пенен қызғаныш үндес неге;
неге бақыт адамнан бұлтарады
адалдықпен, арымен күн кешсе де?
Кездерім аз, достарым, шат көрінген,
ұққайсыңдар жанымды ақ көңілмен.
Талай бұздым тып-тыныш күндеріңді
қайғы тұнған өзімнің сәттеріммен.
Біле алмадым мені не тыншытарын,
тастаймын да ысырып күлкі таңын,
қайғы-мұңсыз жерлерден шеттей берем.
тек осындай достықты пір тұтамын.
***
Тас қалады шырт сынып,
сынар темір, жезің бе...
Әлемдегі мықтылық
тек ғаламат сезімде.
Сол бір нәзік талшықтар –
арадағы көпірлер.
Қырқып, кесіп жаншып қал –
үзілмейді со тіндер.
Ол сезімнің арқауы
үзілер мұз деміңнен.
Жүрек көзі, қалқаны –
сол бір тіндер керілген.
Келем
өзің жанымда
қыл көпірдің үстінде.
Мұндай сезім барында
әлсіз небір күштің де.
***
О, менің сол бір адасуларым!
Есімде бәрі: жарасып жаным
өзіңмен бірге келе жаттым мен
елемей бөтен қала шуларын.
Мейлі мен сонда адастым, бәлкім,
әдептен шықтым, оғаш деді әркім.
Есіңде шығар: «Ұят-ау...» - дедім,
оралса-ау сол бір жарасты қалпым...
Айқай мен шудың тоқтамай легі,
сансыз тұяқтар таптардай мені...
Ұқтым мен бірақ
жанымды жаңғыртқан
сол бір күндердің ақ таңдай лебі.
Елең еткенмен денем кей үнге,
ермейді жаным желең-сейілге.
Сол шырын сәтім болмады менде
саған дейін де, сенен кейін де.
***
Менің досым жынданып
әйеліне ұрсады.
Соғыс ашып сызданып,
ұмыт болып нұр шағы.
Досым тісін жүр егеп
(біреу зорлап косқан ба?!)
Қатал дейді тым ерек
рюмкалас достарға.
Ішсе екен-ау менімен –
жоқ, татпайды-аү. татпайды.
Сәл кешігіп келіп ем –
ұйқтамайды, жатпайды.
Менін досым тілдеді,
ұрысты кеп жарына,
азабы аздай күндегі,
азаптады тағы да.
Өш алам деп осылай,
киноға ертпей кетерің.
Білмейсің сен, досым-ай,
жалғыздықтың не екенін.
РИММА КАЗАКОВА
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі