Өлең, жыр, ақындар

Қашқын

  • 12.02.2022
  • 0
  • 0
  • 905
(аударма)

Фрагменттер

VII
Чили, елім менің,
Жасыл жайлау мекен ең.
Көк теңіздің жағасында жайбарақат жатқан бір
Көкірегін жапқан нұр...
Бүгін, міне, қараймын:
ұлылықтың белгісіндей жатыр жалғыз ақ айдын;
Одан басқа қалғаны -
Лас-қоқыс, көшкен елдің жұртындай,
Жоқтық үні тұр тынбай
жүрегінде менің туған елімнің.
Ей, жолаушы,
Вальпараисо қаласына қарашы –
сонда ұғасың наласы мен жарасын.
Азаматы Чилидің,
қатал жердің ұлдары,
өзіне еркін тимей туған құндағы,
дауылдар мен қоқыстарға көміліп
өмір кешіп жүр бәрі.
Вальпараисо,
кедейліктен жараланған сәбиің,
ойрандалған әр үйдің -
бәрін-бәрін көрген сайын соламын,
жүрегімді оқ тескендей боламын.
Мен қайғырам сен үшін,
Халқым үшін, сосын мен
Америка деген мына ел үшін.
Жатыр бәрі сүйегіңді кеміріп,
Құтырған ит секілді олар еліріп.
Туған жерім Чили ару тұлғалы,
Жаралады сені жаттың тырнағы.
Сенің аппақ пәк кеудеңді аяусыз
Қаңғып келген аш төбеттер былғады.
VIII
Вальпараисо, мұхиттың қалыңдығы.
Сүйем сені жаныммен,
Жүрегіммен, мендегі бар жалынмен.
Сені ешкімге бермеймін мен, бермеймін!
Өзім ғана аялаймын, тербеймін.
Саган ешкім көз салуға хақы жоқ.
Сені менен айыратын жан болса,
Мен ешқашан бітіспеймін, кек қылышын сермеймін,
Сені жатқа қор қылмаймын, аяулым,
Соның үшін күресемін, кішірем.
Сенің жаның, сырыңды да - барлығын
тек мен ғана түсінем.
Жағадағы аруым,
бір сен үшін мен дайынмын тірліктің
Қарсы алуға бар азабын, дауылын.
Мен әуелден саған ғана құмар ем,
Сенсіз маған тар секілді бұл әлем.
Теңіз сүйіп тотықтырған жандардың –
бәрін-бәрін шын сүйемін мына мен.
IX
Вальпараисо,
кететіндей сыйып шағын шыныға,
ойыншықтай сүйкімдісің ұлыңа.
Мұз толқыннан егер азап тартпасаң,
ойыншық боп тұрар ең, сен мұныма.
Сүйем сені жүрегіммен, санаммен,
амалым жоқ, сенен кетіп барам мен:
бостандыққа қол жеткен соң, қалайда
ораламын саған мен.
Мен сенімен бостандықтың таңына,
отырасың емін-еркін тағыңа,
аймалайсын, сонда мені от деммен
шаттық құйып жаныма.
Келбетіңе қырмызы
ғашық әр кез Чилидің бар ұл-қызы.
Саған ешбір тең келетін ару жоқ,
Су ханшасы, Антарктика жұлдызы!
Махаббат пен өкініш әні
* * *
Сіздің-үйге мен ылғи жанарымды қададым:
Жүреді онда әндетіп ыдыс-аяқ, табағың.
Немесе тау басынан құлағандай мың бұлақ,
Сенің күлкің соларға қосылады сыңғырап.
Қабырға да ол үйде тіл қатады, мен білсем,
Тіл бітеді тасқа да көктемдей боп сен жүрсең.
Сен жүресің іс тігіп, әндетіп гүл егесің,
Тамақ жасап жүгіріп, кетіп қайта келесің.
Үйден өзің шығып ең, кетті сонда өң менен:
шілдедегі тал түсте боран сездім бөлмеден.
Мынау маңда еш үн жок, тылсым тыныш айнала,
Ерке бұлақ жағамен сырласады жай ғана.
Біз тұратын қаладан жалғыз-ақ үн шығады –
үнің, қалқам, ол сенің —Паблоның құмары.
***
Ұмытпаймын қолдарың
семіп қалған қызғалдақты тірілткен.
Бар табиғат - тау мен теңіз, орманың
Саған қарайды үмітпен.
Мазасыздау жүргенің
туған жерге мейіріммен нәр беріп.
Қалампыр гүл шашып еді бүрлерің,
Жердің беті жүре берді әрленіп.
Сенің қолың тегінде
Қасиетті қара Жерден жасалған,
Жүрегімді жібіткен-ді менің де
қатып қалған қашаннан.
Жаныңда ылғи шалқып жүрсем ән салып
Қолдарың ғой берген маған бал шабыт.
***
Мен сүймеймін және де сүйем, алма көңілге,
Сүю менен сүймеуден тұрады ғой өмір де.
Көлеңкесі бар жердің күнгейі де болады,
Қадірі жоқ оттың да соқпаса егер бораны.
Өмір бойы жалындап сүйіп жүру үшін мен
(сүймей жүрсең аумайсың
тастан соққан мүсіннен),
Махаббатсыз құр оймен баспау үшін еңсені,
Сүйіктім-ау, бір мезгіл сүймей жүрем мен сені.
Сонда менің көңілім тыныштықтан безеді:
ылғи сүйіп жүруден жалығарын сезеді;
Мәңгі сүймей кетудің кайгысынан қорқады,
Сосын тағы сүюге ұмтылады ол тағы.
Сүймей жүрмін десем де,
сүйем, тәтті таңдайлым,
Қайткенде де өзіңді сүймей жүре алмаймын.
***
Көз қуантқан көп жұлдыздың ішінен
Мен таңдадым өзіңді,
Содан бері тек сен болып
дүниені түсінем,
сен деп ілем көзімді.
Сансыз жасыл толқындармен жарысқан
бір денені аңдадым.
Ол дененің толқыннан да
мөлдірлігін алыстан
байқадым да, таңдадым.
Сонсын мынау дүниенің бар нұры
Құйылды да жаныма,
Кездестім мен күліп атқан таңыма!
Сен жолықтың жүрегіне ақынның
жаралғандай ақ күннен.
Қасиетті туған жерден, ақылдым,
өзіңді іздеп таптым мен.
***
Сен күліп ең, жапырақ бүрін жайды.
Ағаш біткен жайраңдап жымыңдайды.
Нұрлы күн де күлімдеп жер аруға
саусағымен сипалап сыбырлайды.
Сен күліп ең, шашырап сыңғыр үнің,
дүниені жаңғыртты бұл қылығың.
Тазарғандай ластан түскі ауа да,
Аспан мен Жер - бәрі де нұрлы бүгін.
Сен түнекті күлкіңмен жарқыратып,
Түндер сонда кетеді жалқын атып.
Жапырақтар самғайды көк аспанға,
Қанатсызға ол деген жарты бақыт.
Сен күлгенде бұлақтар сайдан қарғып,
Күңгірт өмір жөнелер жайраң қағып.
***
Тыныш таптық жүзімді баққа барып,
Сүт сәулелі дүние жатты ағарып,
Тек екеуміз. Рақат күйге ендік-ау,
сандырағы қаланың артта қалып.
Ошағымыз оты өшпей жалындаған,
Шымылдығын түсірді лағыл далам.
Махаббат па елжіреп сүйіспеген,
Оп-оңаша сәттерді сағынбаған?!
Ащы шындық - ғашықтың сыйынары
(шындық жолы әлемде қиын әлі).
Шындықпенен ақ сезім араласып,
Қос бокалға өзен боп құйылады.
Сөйтіп ақыл, махаббат ұласқанда,
Қос қанат боп шырқайды шың аспанға.
Сөйтіп туады сезімнің мөлдірлігі,
Сонда жайнар даланың солғын гүлі.
***
Менің аппақ көңілдім,
Біз өлім мен өмірдің
ортасында арпалысып жүрсек те
жарасымын таптық екі көңілдің.
Бірақ бәрі өзгереді күні ертең:
басқа жігіт басқа қызды құшады,
Біздің мынау қайталанбас түн, еркем,
Көзден бұл-бұл ұшады...
Бірақ, сәулем, қуанам мен:
жарқын күн
бізден соң да тіршілікке шашса нәр.
Біз болмаспыз.
Ал бәрібір бал түннің
ләззатына тамсанады басқалар,
Сонда тағы жаңа өмірлер басталар.
***
Әлемдегі асыл заттың барлығы
Есіміңмен аталады бір сенің:
қымбат тас пен бүршік жайған таң гүлі –
тек өзіңсің. Ауруымның білші емін.
Сенің атың ақ айдын ғой шалқыған
Менің терең жүрегіме құятын.
Сол айдында талай өзім балқығам.
Сонда жүріп бойға қуат жиятын.
Сенің атың сырлы әлемге баратын
жан баспаған құпия бір жолдар ғой.
Кеуде керіп жанға рақат табатын,
Сенің атың хош иісті орман ғой.
Қара көзің қадалсыншы жаныма,
Айдыныңда тұншықтырсаң, сол ғана ем.
Есіміңді қайталаумен тағы да
ұйқылы-ояу мас болайын сонда мен.
***
Адасып қап орманда бір бұтақты сындырдым,
Сыбырлайды ол сонда әуенімен бір мұңның:
әуенінде дауылдың өксігі бар тынбаған,
Найза сүққан жүректің
демі естіліп тұрды одан.
Әлдеқашан ұмытқан бір әнімді сонда мен
жаңа есіме түсіріп,
қайта айтқандай болған ем.
Қараңғы түн жалмаған бір үн келді құлаққа,
Сезіп тұрдым, ол әуен естілгенмен жырақта.
Ұйқылы орман ішінде ұйқылы-ояу қалпымнан
сергіп кеттім сонда мен шошынғандай салқыннан.
Сынған бұтақ әуені қалмай қойды артымнан.
Сонда менің өн бойым әлденеден дір етті,
Бала күнде жоғалтқам туған Жердей тіректі...
Енді, міне, кездейсоқ сынған бұта үнімен
Сол аймақтың жұпары шарпып өтті жүректі.
***
Қайдан уақыт тапсам-ау
сенің алтын шашыңды тойлау үшін,
Санап бәрін жалықпай, ойнау үшін.
Сүйгенінің көзіне ғашық бұл жұрт,
Мені шашың құмар ғып қойғаны шын.
Сенің шашың алтын ба, от-жалын ба,
Орман ба әлде, жол-жосық жоқ па мұнда?
Орман болса, жұрт қорқар. Ал мен бірақ
қақпасын да табамын, соқпағын да.
Ал сен өзің адассаң саспа, жаным,
Тек мені ойла, ұмыт сен басқа барын.
Сені сонша сүйетін мені есіңе ал.
Мені өзіңсіз қаңғыртып тастамағын.
Жердің үсті қайғы, жас, жасқанар үн,
Біреулерде бос күлкі, басқада - мұң.
Міне, осындай қым-қуыт тіршілікте
Мені, жаным, өзіңсіз тастамағын.
***
Кішкентай ақымағым!
Теңдесі жоқ сұлуым, ақыл, арым.
Сенің ернің күздегі қызыл қарбыз,
Қарбыз жеуге өзімді шақырамын.
Кішкентай күнім менің!
Қуанғаным, өкпелеп түңілгенім.
Төсіңдегі екі айға ұмтылам деп
қаншама рет алдыңда дірілдедім.
Мен ешкімге бұлайша жүгінбедім.
Ақымағым!
Жұлдыздарды сен бе деп бақыладым.
Толқынды да сен бе деп қуып кетем,
Ұстай алмай сілемді қатырамын.
Ақымағым, ақылдым, құдіретім,
Мен сәбимін алдыңнан жүгіретін.
***
Сені сүймей жүре алман бір күн де есен,
Сенсіз көңіл - күз күні жаңбырлаған.
Қайғым да сен, сүйіктім, күлкім де сен,
Гүл ерніңнің таңбасын қалдыр маған.
Ай сәулесін түсірме, осы ерінмен
қорға мені, көп іздеп жолыққаным!
Егер өксіп оянсам төсегімнен,
Адасып қап түсімде қорыққаным.
***
Сені іздеймін оянып түндерде мен,
Тисе сонда жұп-жұмсақ қолың сенің,
Шаршауменен дел-сал боп жүрген денем
тыңаяды. Сергиді көңіл, сенім.
Түнекте біз, сүйіктім, қыдырамыз.
Бірімізге біріміз тығыламыз.
Сен болжайсың қашан таң ататынын,
Атады ғой... тек ол таң - бүгін аңыз.
***
Мен ойлаймын:
екеумізді махаббатпен табыстырған бұл заман,
әділетті қиянатпен алыстырған бұл заман
кетеді өтіп.
Басқа көктем, басқа дәурен келеді,
басқалар гүл тереді.
Сонда мынау
менменсіген үкіметтің басшылары бүгінгі,
өздерінше данышпансып әккі болған жырынды;
саудаменен өрлегендер жылы үйлі -
бәрі, бәрі құриды.
Біздің мынау кайталанбас түн, еркем,
Көзден бұл-бұл ұшады...
Құриды рас
жауыздықпен ауызданған көзәйнекті құдайлар;
кұдайларды қолдан жасап бұқшаңдаған сығайлар;
қолтығына кітап қысқан солар-сынды
бар ғылымның сандығы;
топастар да көре алмайтын танауынан арғыны;
мақтаншақтар, желөкпелер - барлығы
жаңа дәурен келген кезде -
жас па, мейлі кәрі ме! -
құрып кетер бәрі де.
Сосын мына дүние
әлгілерден тазарған соң ашылады жаңғырып,
Сүйіктім-ау, сен секілді
қыздар жүрер бал қылық.
Қайғы-мұңсыз күн кешеді, жадырайды бұл халық,
бидайлы қыр жайқалады самал желмен ырғалып.
***
Тұла бойым салқындап өлдім дедім,
Сені ойладым сол сәтте жаным ашып.
Сені сүйген, сен сүйген сол күндерім
Кететіндей көрінді бәрі қашып.
Кітаптарым жинаған өмірімде
(олар менде, білесің, көп еді ғой),
Бәрі ұмыт боп сен қалдың көңілімде,
Қос жанарың - жанымның қорегі ғой.
Өйткені бұл махаббат тіршілікте
ең бір мөлдір сезім ғой оты күшті,
Өлім келіп қалғанда, күрсініп те
үлгермейсің. Сол ғана өкінішті.
Айналаңның барлығы тұманданып,
Жалғыз сенің көздерің елестеді.
Өлімнен тек сол жанар шығар да алып,
Басқа ештеңе құтқарар емес мені.
***
Мизамда жолдар жалтылдап,
Шақырып жатыр бізді алға.
Алмасы піскен жалқын бақ
Жақтырмай қарар ызғарға.
Чилидің жері көгілдір,
Көгілдір теңіз, аспан да.
Таппайтын тыным өмір бұл
Сүрініп тағы басты алға.
Әр нәрсе бәрі орнында
Тірлікпен жатыр күйбеңдеп.
Оранып бозғылт торғынға
Толқындар жатыр сүйреңдеп.
Сүйіктім, мына біздер де
жүреміз ылғи жолдарда:
өйткені тірі жүргенде
сыймаймыз ешбір қорғанға.
***
Бір қайғыдан бір қайғыға ұласып,
Тамыр жайып, көз жасына сыр ашып,
Асау жүрек өз-өзінен алқынып
бірі жүрсе, екіншісі тартынып,
Шын махаббат өрлеп алға келеді.
Кейде суға малшынамыз жүзбей біз,
Алда үміт бар, одан күдер үзбейміз.
Мен шіркіннің кей қылығы
саған қайғы болмастай,
Бұл өмірдің көлеңкесі
маған қайғы болмастай,
Екеумізге жаңа мекен іздейміз.
Ол мекенді іздейміз біз сызданған
шөл даладан, қара тасты құздардан.
Жан баспаған, тапталмаған пәк жерге
қолымызбен ұя салу - бізде арман.
Біз сүйіп ек, ұғысып ек тіл қатпай,
Өр сезімді өсектерге былғатпай.
Адамдары әр сөзіңді санаған
Кетпесек бұл есі ауысқан қаладан,
Махаббатты былғаймыз,
ал былғасақ, адамдықтан жұрдаймыз.
***
Сені жалғыз, қалқам-ау, сынар жерім:
жүрген жерім қашанда тұман менің,
Сол тұманды мөп-мөлдір жаныңменен
мәңгі-бақи серпілтіп тұрар ма едің!
Ақ жаныма үңілсең егер менің,
Жоқ күншілдік, көре алмау дегендерің.
Құлай сүйген қалпыңмен тұрсаң мәңгі –
Осы мені, сүйіктім, жеңер жерің.
Сонда сенсің әнім де, гүлдерім де,
Сонда шалқар шабытсың жыр көгінде,
Қажып едім тірліктің тартысынан,
Айықтыршы жанымда жүр де бірге.
Сені жалғыз Күн сүйсін, мен сүйейін,
Ала алмаймын мен тартып таң нұрынан –
Қызғанамын өзгенің барлығынан.
***
Шіркін, байғұс ақындар,
Соңдарынан өсек пен өлім қуған,
Сонда да олар қаймықпай өмір қуған.
Әділетсіз, шындықсыз тіршіліктен
Ерте есейген, жаралап көңілді удан.
Тағдырлары бүлыңғыр тұманданған,
Сеніп кейде жарқ етер бүларда арман.
Түнде ұйқысыз дөңбекшіп тар төсекте,
Қажет болса сескенбей құлар жардан.
Лаққан жұрт ақынды сынар жаншып,
(жала, өсекке сосын ол тұрар малшып).
Ал шошқа өлсе, өкінер ақымақ жұрт,
аяғансып, өтірік жылағансып.
Соның бәрі қасірет шектіреді,
ақын жанын торлайды кек түнегі.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Мама

  • 0
  • 0

Түн еді. Жел соғып тұр
жанған оттай лапылдап.
Аспан асты шатырлап,
үйлер, тіпті, көпірлер

Толық

Ұлытауым

  • 0
  • 0

Қойылған ескерткіштей нұр күніме,
ұқсайтын туған жердің кіндігіне
киелі бір өлке бар қазағымда,
ту тіккен тірлігіме, бірлігіме.

Толық

Қарымта

  • 0
  • 0

Мынау соғыста мерт болды:
ондаған достар, жігіттер,
ондаған арулар - үміттер,
ондаған сәбилер;

Толық

Қарап көріңіз