Өлең, жыр, ақындар

Дүниеге жарасады күн менен ай

  • 10.08.2018
  • 0
  • 0
  • 6902
Дүниеге жарасады күн менен ай,
Бұл заман да тұра бермес бұрынғыдай.
Мысалы бұл дүниені мен айтайын,
Теңелер бір заманда кедей мен бай.
Өзгеріп одан кейін заман болар,
Жолына шариғаттың күмән болар.
Қызығы: кәрі-жастан ұят кетіп,
Тәртіпсіз, ар жойылып тамам болар.
Үлгісіз ата менен ана болар,
Еркекті әйел билеп дана болар.
Бір асып, бірде тасып көкігендер,
Таусылып құлазыған дала болар.
Күншілдер көрінгенге қуғын салып,
Ақыры күнәсізге жала салар.
Үлгілі-өнегелі салты құрып,
Қаптаған айналасы қала болар.
Сарыарқа сары жайлау жер тарылып,
Өрісі жоқ, жырық-жырық дала болар.
Сары қымыз сапырулы қолдан кетіп,
Сарғайтып ішетұғын шайы болар.
Ұлы — арсыз, қызы ұятсыз болып өсіп,
Бала емес, пәле баққан жайы болар.
Келер заман адамы көп білем деп,
Надандығы соңғыға мәлім болар.
Шариғат пен хадистен жұмысы жоқ,
Құранды қате оқып күнә болар.
Оқыған ғұламалар таусылған соң,
Ақыры ұры-қарысын молда қылар.
Өзіңнен туған бел балаң,
Саудагердей сарт болар.
Бірге туған жақының
Алыстан бетер жат болар.
Сыйынған пірің молда-саудагер
Бір Құдайға шет болар!
Таудың түгі кетіп, тасы қалар,
Ағайынның жақсысы кетіп,
өңшең жау, қасы қалар.
Құранда минал жәннәт әннас қалар,
Бұл күнде - иа апо әннәс қалар!
Мың ғалымнан ғайн, мим-ләм артық,
Оқиды атақ үшін наһу мантық.
Айырылып қой - қозыдан қалай тұр[сын],
Халыққа шариғат жолын түзу айтып?!
Ендігі молда мақсаты мал таппақ,
Құдайдың мүлкіне, ұжмақтың кілтіне ие болмақ.
"Құдайы садақа беріңдер!"- деп,
Аңқау елді алдап, ақымақ қылмақ.
Сиқырын он қашырға шайтан артқан,
Мұның бәрін қожа - молда сатып алған.
Кедейді қанап, аңқауды алдап,
Шайтанның сиқырымен пайда тапқан.
Бағызы - бағызы шариғат бар,
Шатақ үшін таралған.
Алуан-алуан молда бар,
Тек алу үшін жаралған.
Сұрауменен сұрамшақ күн көреді,
Ұрлықпенен сұғанақ күн көреді.
Құран сөзін сатып молдалар күн көрмесе,
Бұл пақырларың аштан өледі!
Осылай жүріп жатыр дін сарсаңда,
Көбейіп қожа-молда бұл қарсаңда.
Жалғанда кісі ақысынан құтылмайсың,
Қажыға жылап жаяу жүз барсаң да!
Шариғат, кітап сөзі қалды тозып,
Беласты шылғи өтірік шыннан (асып)озып
Дүние үшін молдалардың пейілі азып,
Бұлар жүр быт-шыт қылып дінді бұзып.
Дін қайда, осы күнде білім қайда?!
Тұрған жоқ анық көңіл бір құдайда!
"Лақ, тоқты аламын!"- деп жүрген жаннан,
Ойлайсың тиеді деп кімге пайда?!
Айналайын, шариғат,
Атың бар да, затың жоқ.
Айтушы бір өзгертіп,
Жазушы екі өзгертіп,
Өртеп жіберер кітабың көп.
"Жаназа оқыдым!"- деп, бір алып,
"Құран шықтым!"- деп, екі алып,
"Қамыр садақасы"- деп, үш алып,
Кәріпке деген садақаны және алып,
- Суық қолды сұм алаяқ,
Асып өлтіретін молда көп!
Қожа-молда дегенде, қожа - молда,
Оқитын құран сөзі күнде молда.
Көріп отырып құран сөзін ақша қылған,
Түбінде сол тамұқтың шырылдар жан өзің, молда.
Дүние үшін оқу оқып болған молда,
Болғанда баста сәлде, кітап қолда,
Білгені өз басына пайда етпесе,
Масқара ел алдында болар сонда.
Бұлар сол оқу оқып, ұқпай қалған,
Шын емес, айтқан сөзі болып жалған.
Жұртқа айтып, шариғатты өзі тұтпай,
Қазақтың қой мен тайын алдап алған.
Тамұқтың түбі терең неткен деймін,
Бір тас түсіп ішіне кеткен деймін.
Түбінің тереңдігін сонан байқа -
Екі жүз елу жылда жеткен деймін!
Ішінде сол тамұқтың құдығы бар,
Көп адамда саларлық былығы бар.
Күнінде қияметтің зар жылайтын,
Онда қылған арамзаның қылығы бар.
Ішінде сол құдықтың сандығы бар,
Имандыға айтылған таңдығы бар.
"Иманды адам тозаққа жанбас!"- деген-
Алланың айтып кеткен жарлығы бар.
Ішінде сол сандықтың жыланы бар,
Имансызға айтылған ұраны бар.
Алдымен сол тозаққа молда күйер,
Қанайтын кедейлерді, пиғылы тар.
Халыққа шариғатты дұрыс айтпай,
Қолында кәлима алла құраны бар.
Іздесең сауап молдалар,
Құран оқы молаға.
Қасына түне демейді,
Келіңдер қайтып қонаға.
Өлім барды шашады,
Жоқтың артын ашады.
Қосылып сендер тонама!
Жылап сықтап жатқанда,
Олжадан ойың барларың
Қараң өшсін, жолама!
Құран оқып күңіреніп,
Сары уайымға саласың,
Берсе қағып аласың.
Тәңір алдына барғанда,
Соларың дұрыс бола ма?!
Молдалар өзгелерді кәпір дейді,
Көбі надан, наныңыз, түк білмейді.
Өзімшілдік көкейін тескен сорлы,
Аузына келгенін айтып, жанын жейді.
Сұрқия сопы молда алма тілін,
Беті тұнық, асты ылай, ол бір-жылым.
Өнерсің, өнеге алсаң, үлгілі елден,
Адамшылық өнер мен берер білім!
Осы күнгі адамдардың бірталайы,
Ұры, қары, қу-сұмның жан жолдасы.
Қазағым қайтып ел болад, қарағым-ау,
Ойлағаны басшының - өз құлқыны?!
Бұл өтірік соз емес, шын расы,
Кәсіпсіз ұрлық қылған кәрі-жасы.
Кедейліктің иесі осы елде,
Оңдырар ма сәулесіз өңкей масы?!
Мәшһүрді бар екен деп есіне алсын,
Аяғын аңдамаған қия салсын!
Жасымда қожа кесіп сүндеттеген,
Қалғанын, жақтырмаса кесіп алсын!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ақыл туралы

  • 0
  • 0

Көрінген көзге жылы бет емес пе,
Құдайға имансыз құл шет емес пе?!
Адамның тіршілігі - тіл мен жүрек,
Екеуі екі-ақ жапырақ ет емес пе?!

Толық

Ахтам хазірет һәм Ғалы батыр

  • 0
  • 0

Бисмилла, қалам алып жаздым хатты,
Үміт қып пайғамбардан шапағатты.
Жанаділ шаһарының патшасы
Естиді: "Батыр бар, — деп — Ғалы атты!"

Толық

Қажымұқан

  • 0
  • 0

Орта жүз: Арғын, Қыпшақ, Қоңырат, Найман,
Дүниенің төрт бұрышына құлаш жайған.
Арғынның түп атасы-ақын Құтан,
Деушіге: "Болған ақын Мәшһүр қайдан?"

Толық

Қарап көріңіз