Күй-қаршыға
1. «ТҰМАНДЫ»
Бәйгеге қосып ақын алатайын
сапарда Атырауда ем. Жазатайым
бір топ жан келіп жетті Алматыдан –
шетінен «сен тұра тұр, мен атайын».
Болуын менің жолым тілеп ерек,
жүйкесін бауырлардың жігер егеп,
мен жайлы сөз айтуға кепті бәрі,
қадірін елі білмей жүре ме деп!
Ұшырған Қаршығасын қыран елі,
сыңғыр үн Сұлушашым шынар еді,
Тұңғышбай – тұлпар тілді,
Құдайберген –
киелі көркем сөздің Құлагері.
Серідей сұлу сазбен Нұрлан інім
шырқаса, ығысқандай қырдағы мұң.
Тайпалған темір тұлпар «Тұмандыға»
жеткізді, той болардай мұнда бүгін!
Ән-Сәуле, «Бейнем-ауға» салшы, жаным,
қалықтап «Тұмандыда» қалсын әнің!
«Тұманды» – кие мекен – туған жері
қазақтың күй дүлділі Қаршығаның!
Ауыл-ай! Қонақ деп күн-түн жүретін,
қыз-келін көздерінен нұр күлетін.
Халықта не кінә бар, тек оларды
басшылар, қосшылар ғой бүлдіретін.
«Жеті арал». Жусан дала. Күннің демі.
Жүгірген жалаңаяқ құмның лебі.
…Елімнің аспанында Күй-Қаршыға
«Сарарқа», «Серпер» болып күмбірледі!
2. НАМЫСҚА ШЫҚЫРУ
Күй-ұлттық заңды мұра,
онда елдік қасірет бар, жалын да бар:
бір сүңгітіп халқының тағдырына,
намыстың шаңын қағар.
Дегендей жорыққа шық,
«Аққу» саз алмасады дабыл күймен.
Толқындар «Бозашыда» «Көбік шашып»,
зарлайды «Нар идірген».
Кектенсе Құлан ақсап –
тарихтың талма жолы ол елім кешкен.
Көзін салса «Адайдың» ұланы асқақ,
«Бес ару белін шешкен».
Көрмесе ел дара бегін,
жанында жазылмастай қалар табы:
«Саржайлау» қайдасың деп саналы елім
бетке алар «Сарарқаны».
Ит үрер, қора бақпай,
ұлт-тамыр үзіледі, солса дарын.
Нәр сеуіп тірілтеді «Домалатпай»,
шықпаған болса жаның!
Сезінбес қарыс шүйде
халқымның басындағы шерлі азапты.
Кез келіп тұр алатын Намыс-күйге
тоғытып кей қазақты.
Кетпесе қаны ауысып,
күй сазын Хан, қазы да тыңдар, сірә?.
Қанаты көк аспанды дара құшып,
самғасын Күй-Қаршыға!
3. ДОМБЫРА
Дүние астаң-кестең – айран бәрі:
әлі де шабақтаймыз қайраңдағы.
Намысқа жеке шауып Домбыра жүр –
қазақтың көзі тірі Пайғамбары.
Шешердей дүниенің сан сұрағын,
тыңдайсың таусылғандай жан-шыдамың,
теңіз боп тебіренесің, төгілгенде
күйлері құйын саусақ Қаршығаның!
Жүргенде көкірегіме мұңым қатып,
найзасын озбырлыққа сұғуға тік
япыр-ай, келе жатқан секілді ме
самсатып сарбаздарын Сырым Датов?!
Барады сәуле қалмай жырымда түк,
болды ма дәл бүгіндей бұрыңғы уақыт –
домбыра Тәттімбет боп сұңқылдайды,
суырып жүрегіңді шымырлатып.
Қазаққа түстенбей жүр Қыдыр-бақыт,
сорласа елің, мән жоқ ғұмырда түк.
Тоқа-шек безілдейді, қалжыраған
кеудеңнен бедеу Арды құлындатып.
Жан-жақтан құрсағанда белес-бөгет,
еңсеңді көтересің, елес, жебеп:
ойлайсың осы жігіт-күй Құдайы
кәдімгі Құрманғазы емес пе деп!
Бұл заман ойлыларға жаңа сабақ:
әркімге бас шұлғимыз, дана санап.
Домбыра! Өмір нәрін шаш мәңгіге
қазақты өлім-жұттан арашалап!
1998
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі