Өлең, жыр, ақындар

Тілеу

  • 19.02.2022
  • 0
  • 0
  • 2096
Тату-тәтті ортаның мұңы шалғай,
маңайына жарқырар нұры шамдай.
Менің жаным ауырады, аз халқымның
жүрсе жақсы жандары ұғыса алмай.
Алшаңдаған арланды құмай жығар,
алауыздық ел ішін лай қылар.
Екі мықты шекіссе, ортасында
мерт болады кінәсіз былайғылар.
Адам көңілі қалады татым құрттан,
жайсаңдарды күңкілшіл жақын құртқан.
Елің азып-тозарда ең алдымен
азаматы айырылар татулықтан.
Ағалары – асқар шың қырау шалған,
жігіттері ат баптап, қыран салған
дала көңіл халықтың перзенті едік
елдікті айтып ұрпаққа ұран салған.
Асау ғасыр!
Іріні үгіп демің
бара жатса, сөнердей үміттерім.
Мен тілеймін: күңкіл мен ұсақтықтан
сақтағай деп даламның жігіттерін.
1985
***
Мойындатып заңдарын
матап қойды Жер мені,
еркіндіктің тарланын
ұстатқысы келмеді.
Ғашық болдым – масқара!
(Сөге қоймас мені ешкім),
енді қанат тақса да,
ұша алатын емеспін.
Жақсы көру – Жер ісі,
(жерде және құт, дарын)
бұл сезімнің не күші
бар екенін ұқпадым.
Шыр айналды бас, мен де
Жермен бірге дөңгелеп.
Сезімдерден мас кеуде,
шарықтадым сол жебеп.
Дидарындай баланың
күліп атты таң тағы.
Жақсы көрген адамым
мені Жердей тартады.
Қанымдағы дүсірден
көтерілді еңсе-күн.
Тартылысты күшіңнен
айналайын, Жер, сенің!
1984



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жақсының елемейміз жақсылығын

  • 0
  • 0

Жақсының елемейміз жақсылығын,
жөн білер саналыға тапшы күнім.
Оясыз сөзді ұқпайтын жаңалықты
ұлы Абай Колумбыдай ашты бұрын.

Толық

Әзіл

  • 0
  • 0

Жабырқап жүргеннен бе жүдеп кей күн –
елпіл жоқ, меңіреу бір түнектеймін.
«Аспаннан құлап қапты – анау жерде
Күн жатыр!» – десе біреу, дір етпеймін.

Толық

Дастарқан

  • 0
  • 0

Дастарқанға шақыру-ақ мүң екен:
ұшып тұрды тақта отырған зұлымдар,
Жандарында бір кеш жатқан арулары жымыңдар:
кеуделері тырсиып тұр, дәл арадан аумайды,

Толық