Өлең, жыр, ақындар

Шашу

  • 23.02.2022
  • 0
  • 0
  • 1593
Айналайын, Маңғыстау!
Мінезің маңғаз, жаның ақ.
Киелі қара шаңырақ
көтерілгенде көк тіреп,
үлкен мен кіші жамырап
сүйінші деген хабарды
бірінен бірі қағып ап,
жатырсың ба екен жадырап?!
Бір аунап түскен шығар-ау
үш жүз алпыс аруақ!
Мен де бір сенің құрағың,
мойныңа тағар тұмарың,
жанымды тербеп жыр-әнің,
бірлігі елдің - ұраным.
Маңғыстау туын тікті деп
қуанғанымнан жыладым,
тәңіріме тәуба қыламын.
Тепкілеп, тәңір-тағдырым,
даламды талай сынадың.
Суала жаздап бұлағым,
таусылып төзім-шыдамым.
Қайтадан ақбоз аспанға
қалықтайды енді қыраным!
Асылдар басқан топырақ -
тұлпарлы елім, нар елім!
Таппаймын сенсіз жан емін,
айқайлап салсам, ән едің,
алшаңдап барсам, аға едің,
талықсып бара жатқанда,
арқамды сүйер тау едің.
Жүдеу өмірде сән едің,
далада — тақтай тақырда
шөліркеп шыққан дән едім,
қайсар жандардың қалдығы,
жалбарынбаған жан едім.
Елдігің менен ерлігің,
көсілген кербез кеңдігің
жаныма менің нәр берген,
сұңғыла сырбаз сән берген.
Қара жер беті - сең бүгін,
жүдесең мен де шерлімін,
сен қуанғанда әлденем,
желкенін керіп тал кемем,
жарысып енді таңменен
өмір-айдында сәнденем!
Жырымды төгем жақ талмай,
тұрайын қалай шаттанбай!
Қашаған — сөздің дүлдүлі,
Сәттіғүл — жырдың шынжыры
қос тұлпар мініп көсілтіп
тойыма келе жатқандай.
Оғыланды жақтан нұр шапақ
даламды түгел жапқандай.
Абыл мен Есір дәл бүгін
төгеді күйдің жаңбырын
оркестрлерден жасқанбай.
Ақбөбек мінген ақбоз ат
алшаңдап аяқ басқандай.
Елдік пен кеңдік — ұраны,
шаттанып тәуба қылады
кәрісі қалмай, жас қалмай,
жаңа бір күнге бастардай!
Теңізде ығып сеңдері,
кеудені шаттық кернеді.
Ендігі арман мендегі —
татулық болсын тынысың.
Еңбегің — елдік ырысың.
«Көргенді елдің ерлері
осындай болады екен» деп
сүйсінсін Отан сендегі
ұл менен қызға зерделі,
тыныштығы кеткен Жердегі
қасиетті жұмақ, мекен боп
мейіріміңмен жұбат сен мені!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қазақтың дәстүрлері

  • 0
  • 0

Қазақтың дәстүрлері
Қазақтың әдеті көп дәстүрі мен,
мен-дағы оның бәрін жақсы білем.
Фариза Оңғарсынова

Толық

Жезқазған

  • 0
  • 1

Жезқазған — жыр қайнарым,
мыс балқып қойнауында тулайды ағын.
Көзіндей батыр мінез бабалардың
ұлы — мәрт, қызы — көркем нұрлы аймағым!

Толық

Махаббатсыз, сезімсіз көңіл жетім

  • 0
  • 0

Махаббатсыз, сезімсіз көңіл жетім,
мұндай күйде түсің де, өңің де – түн.
Жомарт жастық жылыстап, жас ұлғайса,
жалғыздығың сезілер со күнде тым.

Толық

Қарап көріңіз