Құрманғазы
Бірінші кітап
АРНАУ
Мұңдасы, көшкен елдің қиялдасы,
Ал, тебірен, ақ сақалды күй атасы,
Келеді сені тыңдап баяғыдан
Өлкеңнің өзен, тауы, қия тасы.
Білмеймін, қанша жанға күйің дарып,
Ашулы, ащы өзегін өтті жарып...
Білмеймін,
«Сарыарқаңмен» қош айтысып,
Қанша жан қабіріне кірді барып.
Келмейді оны ойлағым,
баяулағым;
Сен маған әр толқыны аяулы атын.
Тасимын тасқыныңмен бірге сенің,
Келмейді ұзақ жолға жаяулағым.
Бір қызын мені туды толғасын деп,
Адамның асыл жанын талғасын деп.
Бұлыңғыр замандағы ата Құрман
Жүрегін жүрегімен жалғасын деп.
ПРОЛОГ ОРНЫНА
Азғырда, Жалпақшағыл Жиделіде,
(Жиделі әлі күнге дейді елі де)
Кектеніп ол заманда құм қазағы,
Сарнады сол арадан күй желі де.
Ол тұста саңдақ аттар сандалатын,
Ізінде барымтаның қан қалатын.
Қайғыны әкесінен бала үйреніп,
Жаралы жүрегі бар жан болатын.
Он бесте қыз зарлады шашын жайып,
Қарақат көз шарасын жаспен шайып,
Аулақта жігіт салған ән жылады –
Махаббат күнде болды кезден ғайып.
«Қош» айтып айлы түнде ән жосылды,
Әніне махаббаттың жел қосылды.
Тұншығып түнде шолпы сылдырлары,
Жарасы жас жүректің қатты осылды.
Білмеймін кім көргенін бақ пен құтты –
Еңбекті қарсы алдынан қайғы күтті.
Жиіркенбей саптыаяққа құйып алып,
Адамның ащы терін адам жұтты.
Дей ме екен ата-анадан жас қаламын,
Жұт жылы жер қойнына тасталамын –
Әйтеуір жаман еді жылағаны
Көрпеде көзін жұмған аш баланың.
Әлде осы тағдыр соққан «гүрзі» ме еді:
Ізгі адам өз еңбегін кірсінеді,
Сыртынан қойшы үйінің тыңдасаң да,
Түн бойы күрке бейне күрсінеді.
Өмірдің алдамшы еді жалтырағы...
Білмейсің қайда екенін жан тұрағы;
Болса да бүгін сендік, ертең бөтен,
Жартасы туған жердің, жапырағы.
Бүгіннен онда жаман ертең еді;
Жау тисе көресіңмен көр тең еді –
Адамнан адам баққан жылқы безіп,
Босаған көз алдында өртенеді.
Айқассаң тонаушыңмен,
жете салып,
Қаныңа суытасың төсің малып,
Жағасын жаңа тіккен шапаныңның
Ақ құйын ат үстінен кетеді алып.
Болады жанын жерге құлағандай,
Сиқыр жел өлі шашын сылағандай.
Адасқан енесінен бозша бота,
Сен үшін қыр басында жылағандай.
– Сабады-ау, түйреп кетті-ау!
– Өлді білем!
– Өмірде сенен қалып не деп күлем?!
Мұны айтып өлігіңе шешең құлап,
Жылайды, бола алмайды дертке бұл ем.
Әр жұртта қалып елдің бір маңғазы,
Жоқтады ойдан қысы, қырдан жазы.
Осындай азасы көп күндер кешіп,
Жанынан жалын төкті Құрманғазы...
ҚОЗЫБАҚ САЗЫ
Жас бөбек!
Барлық ойын көз алдында,
Тұрсаң да сескенбейсің қаза алдында;
Қасына қызығың кеп түртіп қашса,
Жүгірмей жалаң аяқ төзе алдын ба?..
Өзіңдей бұл да бала ойыны көп,
Жүреді сағыз теріп, желкегін жеп;
Жамауын оған біткен бөз көйлектің,
Білдірмей ұры қолмен жыртады шөп.
Табаны түсте құмға күйіп-пісіп,
Төлдермен құдық суын бөліп ішіп,
Торғайдан қозы үріксе бірге шошып,
Әуреге жүруші еді күнде түсіп.
Атасы бұл кәсіпті ұсынғалы екі жыл;
Ұққан да жоқ ісін әлі
Жанындай сүюші еді қозы-лағын,
Оларын демеуші еді кісі малы.
Ал бүгін, ала құйын желді күні
Төлдерден неге айырды тағдыр мұны?..
Қозы-лақ әлдеқашан ұзап кетті,
Оларын ұмыттырды құрай үні.
Құм ұйтқып, ұсақ іздер болды ғайып,
Түбінде кәрі бұта бұл мұңайып,
Әлі отыр,
Күндегі ойын есінді жоқ,
Кеткен бе әлем мұңға бүгін байып?..
Білмейді дүниедегі жоқты, барды,
Дейтінің кімдерді бай, кімді жарлы.
Оятып оңашада сәби жанын
Несіне тыңдады екен мұңды - зарды?!
– Қурайдың, –
дейді ол бүгін –
мен бір «әнін»
Көп тыңдап көкейіме қондырамын...
Кеп-кеше Ұзақ күйші безілдеткен
Сазына ұқсайды екен домбыраның.
Бейшара кәрі қурай тұлданады,
Сазына жаным кәміл алданады –
Бір кезек өксігенін қоя қойып,
Бұл-дағы кәдімгіше долданады.
Бұл-дағы кәдімгіше ышқынады,
Жұлқынып әлдекімге күш қылады –
Шашақтан айырылған соң алжыған ба,
Үш күліп, минутына үш жылады.
Кәдімгі тоқтамайтын жұрт жалынбай
Үні бар қаралы жар жоқтауындай.
Үзіліп бұтағынан жапырағы
Тұлданған жалғыз, сірә, жоқ па мұндай?!
Бір кезек қурай тынды;
Құр сүлдені
Дем алып, бәлкім, солай тұрсын деді,
Айныды, тыншымады, үһіледі! –
Шалдардың бола қалды күрсінгені.
Жанына жақпағандай тыншығаны,
Тағы да шықты қурай қыңсып «әні»,
Үзіліп осындай-ақ талушы еді
Құшақта қыз баланың сыңсығаны.
Қурайды зарлатқанда жел-борасын,
Тапқандай сарынынан ол бір асыл.
Қызығып алды қолға екі қарыс
Қыл ішек, жұқа қалақ «домбырасын».
Жоқ еді бұл аспабы кеше кеште,
Тағдырдың базарлығы осы емес пе –
Түн бойы Ұзақ күйші күй боздатып,
Сарқылған сары қымыз кесе, месте.
Елемей зекіргенін бір шалдың да,
Естімей десе біреу:
– Қамшы алдың ба?
Таянып екі жағын осы бала
Күйшінің жатқан еді қарсы алдында.
Күй тоқтап, жұрт айығып мүлде ойынан,
Әңгіме гулегенде мал жайынан,
Оларға құлақ түрмей ата күйші
Бір мұның сипап еді маңдайынан.
Ол бұған бос құмартып қал, демеді –
Қолына сен де осыны ал! - деп еді.
Жадында сақталмапты басқа сөзі,
Тағы да тапсырғаны әлде не еді?!
Оны ойлар қазір мұның жоқ шамасы,
Дегендей «ұмытқанды жоқтамашы!»
Қыңқ етсе құлағына қылдың үні –
Секілді қорегіне жұтқан асы.
Бір соғып, қыл үзілсе қайта тағып,
Дыбысты отыр бала кейде бағып,
Бұйыртпай нәзік үнің құлағына
Тентек жел әкетеді кейде қатып.
Сезгендей бұдан әрі сыйламасын,
Ән тұрмақ, шұлғымады қурай басын;
Қып-қызыл енді көрсе күннің көзі
Секілді теріп болған барлық жасын.
Жел кетіп, кеш келіпті жедел жұрт,
Қорқыныш көкірегін алды бүріп.
Қара лақ төбесінде ойбай салып
Барады жоғары ұшып,
бұлтқа кіріп.
Лақ байғұс қайғысымен қамап үстін
Дегендей
саған ақтық қарап ұштым,
Тыққызып у тырнағын жүрегіне,
Қанатын жамылыпты қарақұстың.
Япыр-ау, қай төбеге қаны тамбақ,
Талай көз қарады ма оған таң ғап?..
Ажалын қанат қылып, қалқып еркін
Ауылдың үстімен лақ ұшты самғап.
– Япыр-ау, –
деді бала - шынымен-ақ
Болды ма сонау кеткен сол қара лақ?..
Бауырыма басар едім, ей қарақұс,
Өзіме қайтып берсең сәл жаралап.
Сонымнан қалмаушы едің сорлы бала,
Ол бастап туғансың ба шерлі бола!..
Бағана жұлып берген бидайығым
Асаған керең бе еді аузың тола?
Бидайық тілеп бүгін үш кеп едің,
Сол екен қолымды ақтық иіскегенің –
Жауызға жүрегіңді уыстатып,
Бұлайша өлтіргенім - не істегенім?
Ауылға осыны айтып зыр жүгірді,
Сүрінді, аяғынан кесе ұрды.
Басқа лақ, басқа қозы есінде жоқ,
Неше сор асты бала, неше қырды.
Ауылға тақалғанда бала жалшы,
Бір сезім дей берді «сап бола қалшы!» –
Бұл ғана бұл ғаламның күнәкары,
Баққанын келеді айдап өзге малшы.
Сабырмен тыңдап еді үлкендеріне,
Шығады өктем дауыс әлденеше –
Шарпиды ет жүректі өрт лебіндей,
Бұл үшін күйіп жатыр, қайран, шеше.
– Неткенің – деп жатыр ол—дақ
салғанын?..
Сен үшін соққы жемей жоқ қалғаным!
Қайғының аспанынан қанын жауып,
Бұдан да жақсы еді ғой лақ болғаның.
Бұл ма еді бұл баланын тілегені?..
Неткені жақсы ананың тілдегені?!
Әлде, осы болғаны ма:
– Балам өлсін!
Ауыл-үй күлсең маған күл! - дегені.
Әлде, ана айтарынан жаңылған ба,
Түкті қол төбесінен жұмылғанда?!.
Еңіреп жіберді ме есіл ана
Ең соңғы жұдырықтан жығылғанда?
Әйтеуір, еркін кезіп жүретұғын
Күндегі ауыл емес ауыл бүгін;
Бармайды онда бала, түн аулақта
Сезімнің арқалайды ауыр жүгін.
Қатпаса амалы не бұғанасы,
Төгілсе нетуші еді түнде жасы –
Ауылдан шошынды да безді бала,
Өзіне жат сезілді өз анасы.
Құлаққа бағанағы бермей үнді,
Аулақта сырын бүгіп дала тынды.
Жүрегін титтей қолы қатты басып,
Тінтеді бала кезі айлы түнді.
Аң көрсе бала көзі үйренбейді,
Жыландай жата қалып иреңдейді,
Қас болмай қайтушы едің көрінгенмен,
Аң тұрмақ ала қашсаң үйден бойды.
Бұл бала жыласа да ышқынбайды,
Өз жанын өз жауына ұсынбайды,
Қасқырдың көзін көрсе шақпақ шатып,
Дүниеден жасырынып ұшқындайды.
Елеусіз жүрегінің қатты ұрғаны;
Жылауға екі көздің шақ тұрғаны;
Елеусіз ол төбеден, бұл төбеден
Ананың «Ақ ботам» - деп шақырғаны.
...Үреймен өз көзінен таң атырған
Осы еді-ау бір кездегі бала Құрман.
Осы еді-ау ең бірінші темір қақпан
Алдағы ащы күйге бола құрған.
АҚСАҚ КИІК
Жас мерген.
Оны көктен көздеді құм.
Елеусіз қашқан аңнан өзге бүгін.
Мінгені әлде құла, әлде торы,
Жабудай жамылыпты өз көбігін.
Байқатып ат сабылар болар шағын
Толқын жүр айналада: олар сағым.
Жәй жатпай оппа құм да жануардың
Қалады асап-асан толарсағын.
Белгісіз үлесіне не тұрғаны,
Белгісіз қабағын не қатырғаны
Ұқсайды тұғырдағы қаршығаға
Тұнжырап ат үстінде отырғаны.
Әлде бір ашулы ма ниеті жатқа
Әлде бір жаны аши ма еркі жоққа?!
Неліктен қаусырмалы жадағайды
Кернейді екі иығы екі жаққа.
Терең көз, түкті қабақ, қалың ерін
Айтпайды айдалаға не тілерін;
Ұрланып кеуде ғана күрсінеді
Төге ме ыстық дәмі әлде шерін?..
Шалқайып шаңқай түсте сусар бөрік,
Жалаңаш маңдайында жатыр көрік,
Өзімен қырға шықса қылт етеді,
Ақ мылтық арқасына болған серік.
Бұлаңдап түсе берді ойға Құрман,
Сылдырлап айқыш жүген, айыл-тұрман.
Көсілді көз алдынан қырға киік,
Деген ғой: «Ажалыма бетім бұрман!»
Далаптай екі бетін ыстық жалап,
Үстіне үлкен мұрын тер домалап,
Етектей орамалын тілесе де,
Қозғалмай Құрман аңын тұр сығалап.
Кетсе де орғып алыс келте құйрық,
Енді оған бұйырмады құмнан сүйрік.
Ып-ыстық қолдауынан көрді барып,
Өзіне бағышталған елім жүйрік.
Ізінде қаны қалды, өзі қашып
Барады бала киік қырдан асып;
Неліктен аңшы жігіт бірге кетпей
Бармағын иегіне тұрды басып?..
Алдынан көп түнеген келді биік,
Бұл жолы аунамайды құмын сүйіп.
Жарасын қолтығына қатты қысып
Шошиды аяғынан ақсақ киік.
Шошиды ақырғы рет ақсақ киік,
Жас қияқ жарасына кетсе тиіп,
Бейшара жер бетінен құтылғанша
Жүрегі бітті білем жанып - күйіп.
Ұзатты, құлдыратты құмның жазы,
Бейбақтың осы-ақ шығар қылған назы!..
Сағымға бойын жуған жас киіктей
Әлі тұр көзін алмай Құрманғазы.
– Қап! - дейді ол
неге атпадым құр далаға!
Ақ жаным аямасам толғана ма?
Қимаймын оған бірақ көз жасымды,
Жаралы жүрегі бар ол ғана ма?
Жоқ! Аттым, құшағымды қусырына,
Кешірім сұрамаймын осыныма:
Жаралы бала киік маған ұқсап,
Қайғымды ішіп тұрмын сусыныма!
Жоқ!.. Неге айдалаға қарап қырын,
Дауыстап жүрегімнің айттым сырын?..
Қайдасың! Не күйдесің, ақсақ киік,
Жетем бе ажалыңнан саған бұрын?..
Бос шошып жараңды сен неге ұлғайттың?
Мен неге меңіреу түзге мұнымды айттым?
Қалдырып қасіретіңді өзің кетсең,
Мен қалай сапарымнан жалғыз қайттым?
Кел маған! Қарғамай кел! Түнейік бір.
Сен өлмей, жүрегімде шошы да жүр!..
Бұйырсын жайлауына менің жаным,
Кел, менің құшағыма күй болып кір!
Мен сені табам іздеп; тілесең қаш!
Айдаймын желге қарсы атымды аш.
Ал кеттім...
мен осылай қатты шапсам,
Ашылар, бәлкім, менің көңілім жас.
Қайдасың, ақсақ киік, не күйдесің?..
Қорқасың, безінесің, неге өйтесің? –
Мұны айтып қатты шапқан Құрманғазы
Жалаңаш сүйдіреді желге төсін.
Атының ащы термен көзін жуып,
Сағымнан жұтып қойса қайта туып,
Үстінде құстай ұшып жадағайы
Кетті ол көз ұшына күйді қуып.
ЕРЕГЕС
Жыл толды ескі кәсіп тоқтағалы –
Жылқымен қыста Құрман ықпағалы,
Құраулап ыстық күнде қауға тартып,
Жоқ қарап ер төбеге шықпағалы.
Жыл толды бал қымыздан жұтпағалы,
Ерніне майлы сарқыт жұқпағалы,
Ұсынып қоламтаға мұзтабанын,
Жалынта ұлтарағын жаппағалы.
Көп болды көзгіл шұбат ұрттағалы,
Күркесін ескі жұрттан жықпағалы,
Күбірлеп өз-өзінен домбырасын
Бейуақыт шертіп жатып ұйықтағалы.
Себеп бар серке жанға қасаратын,
Болса да бір сол үшін бас алатын,
Бермеді-ау Дөңбай бұған жыл еңбегін –
Тайшығын - тақымына басар атын.
Адам бір әділдікке сағынбай ма?..
Ол неге көрінбейді сағымдай да?! –
– Дөңбайда дөненім бар, балам! – деген
Мешінде өлген әке Сағырбай да.
Ант ішіп сұрамасқа жылдық үнем,
Құрықтың кесті бауын қыл түбінен
Кетті бұл. Бел байлады күнкөріске
Тұлыпты тұмса түйе, мылтығымен.
Жері жоқ ағайынды запы қылған,
Дейтұғын: «Тіленбеймін, затым ұлдан!»
Сәуірде бір ат келді, нағашысы
Бесқасқа беріштегі Мәтіғұлдан.
Сол аттың есінде ме сағымдағы
Көбігі күн нұрына шағылғаны?..
Белдеуде енді жалғыз елеңдейді
Әупілдек үнін тыңдап шағылдағы.
Үстінде ай сәулесі ағарады –
Кеппеген ақты тері бағанағы;
Маңдайын ол сүйкесе сықырлайды
Жұпыны жолым үйдің сағанағы.
Бір уақыт аш бүйірін сәл тартты да,
Жануар жалт қарады салт аттыға.
Салт атты - сақалды жан түсе қалды
Іздеген жолым үшін дәл тапты да.
Ұйықтатып келді тегіс Жиделіні –
Әсем ән қарсы алмады, күй де мұны. –
Бармысың, Құрманғазы? - дегені бір
– Оятты осынау тек үйдегіні.
Әуелі адам ба деп атты құшып,
(Әрнеге ұйқылы көз қақтығысып)
Ақыры құшақтады Құрманғазы
Жол соққан жолаушыны қатты қысып.
Күңк еткен құлақ тосып қарт сөзіне,
Қарады қараңғыда нарт көзіне;
Май шамын асыл ана Алқа жағып,
Жолым үй жолаушыны тартты өзіне.
Болмаған ана негіз қай балаға? –
Ақ қылыш тасын таппай қайрала ма?..
Сарыалқа, Алтыналқа ел атаған,
Қажымай отыр әлі қайран ана.
Ол көрді өз бақытын, өз шерін де,
Жап-жарық жұлдыз ағып өшерін де...
Аспанның көп тыңдады күркілін де,
Ашулы найзағайдың нөсерінде.
Өмірден ұмытпайды ұғынғанын, –
Қызықтап өртке желдің жұғынғанын,
Табанды теңіздің де күнге қарай
Ақ басын мың көтеріп жығылғанын.
Ол көрді суық бұлттың сылынғанын,
Шу ақта мұздың жылап жылынғанын;
Ол көрді аз өмірге разыдай
Құлпырып гүлдің жарқын жұлынғанын.
Дерің жоқ мұнда пейіш, мұнда дозақ,
Табиғат күнде шытқыл, күнде аңызақ,
Барлығын ұғып болған жүрегі бар,
Отыр ол жолаушыны тыңдап ұзақ.
Болмаса бойда намыс, тұнық ары,
Аржайы, алғыр жанның құны кәні?
Құлағын жаулығынан шығарып ап,
Еңкейіп суық сөзге құнығады.
Ол солай хабаршыға тым құлаған,
Құл ақта дыбыс бардай түн жылаған.
Уытты жүрегіне у төгіліп,
Құрман да құба суық тұнжыраған.
«Жүрегін өсірді жау батырдың;
Бұйыртпа мазағына Әубәкірдің!
Жағаға күшті қолмен тартылғалы
Талықсып ақ шабақтай ауда тұрмын.
Сүйген жарың Әуес».
Оқыды ол осыны ашып мұсылманша,
Қарт сөзін ауызекі ұсынғанша,
Ойланып отыр енді қырсық күнде
Қияға барады деп құсым қанша?!
Шал айтты қиыстырып шешен, жорға: –
Кетпесін, кедей бала, есен молға!
Әубәкір Ақбайұлы старшина
Сәскеде келіп түсті Есенғұлға.
Әсте мен әркімдерге керек емен,
Әйтсе де босағадан көреген ем:
Әубәкір әлдекімді іздегендей,
Түргізіп кешті көрді керегеден.
Алқызыл күнбатыста бұлт ыдырап,
Аулақта аунақшыды бір тұғыр ат,
Шандатып кете барды күннің астын
Желіден ағытылған жылқы жырақ.
Ауылға бет түзеді қой маңырап,
Енесін ермек етті ойнап лақ.
Мейірін жеткізгелі ботасына
Боз іңген ентеледі ойға құлап.
Ауыттап мініп алған бір үлекті,
Сорлы ақын сонадайдан жыры жетті.
Әуес қыз иығында шарқаты бар,
Осы кез отауына жұрт өтті.
Құлақта шолпысынан қалды ызың - үн,
Ол ғана патшасындай бар қызыңның.
Ақ қолын кеудесіне жинап басып,
Сор болды-ау сол өткені балдызымның.
Әубәкір отау жаққа - сыртқа құмар;
Мұртында күлкісі бар жұрт бағынар. –
Айнамды бос шошытпай алам! - деді.
Жетінші қыз жүрегін жұтпағы бар.
Бас құда, барлығымыз, аяқ құда,
Үлгердік үркер туа шай, асты да.
Ұрланып ол сағатта Әуес шығып
Жүгіре жоғалыпты ай астына.
Баланың көзі жеткен жеңбесіне:
Сескеніп шашбауының теңгесінен,
Бұрымын кұшағына қысып апты,
Қағазды қалдырыпты жеңгесіне.
Жасырын сыбырлаған жалғыз үні,
Кім білген, қандай үкім таңды өзіне?!
Тұрды ма кірпігіне мөлдір моншақ
Қадала қарағанда таң жүзіне.
...Селт етті Құрманғазы,
бұзық аңды
Көргендей мұздап қатып жүзі қалды
Сары алқа білезікті кәрі қолын
Бір сілтеп әңгімені үзіп алды.
– Бар, - деді баласына өктем бүгін –
Көрермін ағып түссе көктен күнім!..
Құдайдың ортағы жоқ; жетегіне
Дөңбайдың жылқыдан ал Көктеңбілін.
Ұйып бір тыңдар десем ел үніңді,
Сұм тағдыр қаһарына кері мінді,
Айдатсын аямаса Сібіріне,
Манаштан әкеліп бер келінімді.
– Қала бер, қайран шеше, жетті майдан,
Шыққан жоқ атқан аңым терең сайдан.
Жағадан алатұғын жауы жоқта,
Ұрыншақ ұл туады қатын қайдан?!
Демеймін қу жанымды құса қылам –
Жетпесем, арманыма пышақ ұрам!
Мұны айтып, Құрманғазы арпалысқа
Ананың ажырады құшағынан.
KЕЛІH ЖОЛЫ
Ерттеулі ен далада қос сәйгүлік,
Құм шөбін құнығады аштай жұлып.
Елсізде отыр Әуес, Құрманғазы,
Көзді көз, мың жолықса, қоштай күліп.
Жер адыр, аспан биік, кеңірек те,
Төрінен тұрады нұр төгілед те.
Махаббат құшағына еніп алған
Екеудің жұмысы жоқ төңіректе.
Құмарта құшақтайды үмітін жан,
Азғырдың ыстық төсек - құмы тұнған.
Екі жас - еркін тотай. Бұл сағатта
Бұрнағы түп әлегі ұмытылған.
Сүйіспей ерін неден аянады?..
Бет қызыл ұятына боянады.
Түседі жер анаға дене құлап,
Қарашық сөніп барып, оянады.
Тағы да еркетайға ер төнеді,
Бетке бет тақалады, өртенеді.
Махаббат жалынына жүрек төзбей,
Шаттықтың шарпуынан дерт енеді.
– Аямай Ақбаяндай балапанын,
Ыстықтай ішкен оның дала қанын! –
Мұны айтса, қыз шошынып Құрмашының
Бетіне басады ыстық алақанын.
– Қорықпа! Көріп алар, сірә, басым
Тағдырдың даярлаған сыбағасын.
Ит болып жүре алмаймын тойған жерде,
Ізімнен мейлі жауым сығаласын.
Қорықпа! Көріп алар, сірә, басым
Тағдырдың даярлаған сыбағасын!..
Өлгенше өжет жаным дұға дейді
Өнердің екі ішекті құба ағашын.
Тарылтып қысалаңда тынысымды,
Туғаннан сор азапты дін ұсынды.
Тәңірім бұл жолы да бұқсын десе,
Кеудемнен қайтып алсын дыбысымды.
Ол солай жығылмады тәубесіне,
Алмады «күпір болам» деуді есіне.
Қараса, аянышты ақ маңдайын
Қыз оның сүйеп қапты кеудесіне.
Тағы айтар таба алмады асқақ үнін;
Ол сипап қара шашын жас жарының,
Алысқа, әлдеқайда көз жіберсе,
Ілбиді баран атты, артта - құлын.
О да бір жас жігіт пе жиырмада,
Ызамен шола ма екен қиырды о да?
Әйтеуір шықты бастап жадау көшін
Жұп бар тайлағында, сиырда да.
Шашбауын қайта түзеп тағып Әуес,
Қараса: қара белде тағы да көш.
Шөлдеген неше күндей ел секілді –
Адамы ескі жаңбыр қағына өш.
– Ел неге үрке қашты қойша құмнан!
– Қай ауыл?
– Кім біледі, қай шағылдан...
– Балықты батағадан дәмелі ме,
Болды екен Бозан суын кім сағынған?..
Білмекке Құрман, Әуес атқа мінді,
Қалдырып аптап ыстық артқа күнді,
Қос жүйрік алып жетті көш басына
Лақтырып ауыздықтан ақ сабынды.
Жаңағы бие мінген дөңестегі
Қарт екен, илікпейді кеңескелі.
Еленіп түк демейді, естімей ме,
Әлде бір миы ауысқан емес пе еді?..
Сен оны қайғылы да қаралы деп
Алмайсың. Қабағы бар қара дүлей.
Ұйпалақ бет-ауызы көк жабағы,
Аларып қарағаны алады үрей.
Көзден бір төкпегендей жылап жасты,
Күліп те көрмегендей сұр албасты.
Мынау кең дүниеге – сахараға
Келгендей осы күйде түрі алғашқы.
– Ассалаумағалайкүм!..
Үндемейсіз.
Қалай ша сәлем алмақ жөн демейсіз.
Қарт ата, неге бізге қатал қарап,
Ашылып бір тігіп қатпай жол бөгейсіз?!
Қайтер ең аяулыңды алса дырау?..
Кінәм ба кәрі басын шалса қырау?..
Тағы да түк демейін, түк демейді,
Аларып тек қарайды шал саңырау.
Жоқ! Мұның бекітпепті тәңір аузын,
Құлақта қалмаса да саңылау дым... –
– Қайтпаймыз! Хан салығын ала қаштық!
Айғайлап бар айтқаны саңыраудың.
Саңырау кете берді қалды бұлар,
Жабырқау енді көздің алды мұнар.
Екі жас Жиделіге бет түзеді,
Тәдбірлі маңдайында хандығы бар.
Қиялдан Құрман нені ізденеді?
Шаттығын неге ғана үзген еді?
Білсеші қатарында қарай-қарай
Қара көз жаңа сүйген қыз келеді!
Ұзатты бұлар елдің көшін нендей,
Құрманға енді жұмбақ шешілгендей,
Ойласа қаңғып үнсіз ет жүрегі
Қатыбас шал кінәсін кешіргендей:
– Кім білген, мекен етіп зынданды да,
Бейшара бір жылдары жынданды ма?..
Әлде ол өз бетінен есте қайтпай,
Қасарып өскеніне жүлде алды ма?
Жоқ, әлде ұқтыра алмай ешбіреуге
Тас берік жабылды ма ескі кеуде? –
Құлағын өз қолынан бекітті ме
Жердегі көп бұйрықты естімеуге?..
Жұтты ол бәлкім ащы тіл уын да...
Болжауым оны мазақ қылуым ба?..
Білем мен: адам оны ашындырған,
Көзінің тартып алған жылуын да.
Мұнша көп ұқтырады дала бүгін
Адамның жан түкпірі алалығын.
Өзгенің несі барын түсінбейтін
Өттің-ау, қайран аппақ балалығым!..
«Балалық, балалық!» деп дауыстады,
Әлгі бір ойды Құрман тауысқалы.
Қылықты қыз алдында енді ғана
Ол өзін бір тәкаппар тау ұстады.
Су да жоқ суыттықта, қанша сайда,
Қысаңда қыздың шөлі қанса пайда:
Еңкейіп екіндіде ат үстінен
Қарақат жұлып берді Қалқатайға.
Жол ұзақ жортуылда ат сабылтты,
Оранып күн де батты ақша бұлтты.
Ай еркін көк жүзінде көлеңкесіз,
Қайтсін ол хандығыңды, патшалықты?!
Онда жоқ ыза-кек те, бұрқасын да,
Ол ерке жұлдыздардың ортасында.
Босқындар жерде ғана жатыр түнеп,
Жылт еткен оттарынан қорқасында.
Құм жапан.
Мұнда қандай үй тұр еді?..
Жел жақта сасық құйқа үйтіледі.
Моладан күрең көзді мысық қашып,
Елсізде бала жылап, ит үреді.
Оларын шайтан болсын - кім елепті?
Ғашықтар алты малта үнем етті;
Жамылып екеуара жалғыз шапан,
Аулақта ақ ұйыққа түнеп өтті.
...Енді жоқ мөлдір кезді түн сұғанақ,
Бозторғай - бұтадағы тыңшы қонақ
Әлгіде көтерді әшкереге;
Шағылдан шашырайды күн сығалап.
Ашынған албырт демін алты күн ап,
Арғымақ кешегіден артығырақ;
Ойнайды күннің қызыл сәулесімен
Жалқын жал екі бірдей, жалқын құлақ.
Көркем-ау таң пердесін сызып ашса!
Көрсең-ау Құрманымды қызы қаста.
Ауылға апам менің түседі енді
Бір қабат Жиделіде қызыл асса.
Уа, өлең! Тегін өткір жайдан десем,
Еркім бар қайда қонып, қайдан көшем –
Мен жетем құйғып барып сүйіншіге,
Мен алам не берсе де қайран шешем.
Тасталар дәлір, жамбы, ғана, тойға,
Кимешек кигізер-ау тағы апайға.
Үстімнен күміс жауса құр қалам ба, –
Айғайлап мен де кірем талапайға.
Жоқ, тоқта! Не қылады-ай мына жүрек!?
Бұл кейде бұлқып солай бұра жүред...
Ып-ыстық көрінбей ме сүйеріне
Қызығын қызың болып бір-ақ рет?
Болмаса ол қызығын егер сенің,
Бөтеннен бастала ма бақ, өркенің?!
Сәнің ғой сәл қызарып босағаңа
Әуелгі сүйенгені ақ өркенің!
Деп едім соған жырды құл етермін,
Кетем-ау тойын тастап Құрекемнің?!
Қайтейін, өзгеше бір өлеңі бар
Тағдырға тақау келіп тұр екенмін.
ТҰТҚИЫЛ
Алыста мұнартады шағыл ағы,
Жасанда Дөңбай қажы шаңырағы.
Итарқа, қалмақ үшін қоңсылары
Ауылдың тұяқ кесті шаны жағы.
Өзінше осы Дөңбай жан асылы,
Азғырда аш-арықтың жанашыры.
Бүлк етпес қалың беті қала берсін.
Бүгін бар бұл ауылдың жана сыры.
Апыр-ау, жігіттері ентігеді,
Кімге сор, кімге сәтті жөн тіледі?..
Ауыздан шықса бір сөз қағып алып
Қатындар үйден - үйге жөңкіледі.
Бармайды жалақ сары бала малға,
Жетілген сынық - сылтау бар амалға.
Өтірік қара кемпір күлгенсиді
Көз жасын ұрлап тығып орамалға.
Айтты ма әлсізге бір әлді кесім?..
Оқылмай неге қалды әлгі бесін?..
Дөңбайдың дөкір қара дойыршысы
Айтып тұр әне, тыңда, әңгімесін.
Бүйірін таянады ентігіп кеп,
Ол солай өмір кешкен есіріп тек,
Мазағын мақтан қыла сөйлегенде
Қамшыны көтереді екі бүктеп.
– Мен, - дейді, - тосқауылда кешті күткем;
Сабазға таңда тидім бес жігітпен.
Бүлдірдім дүниені... өкінбеймін, –
Ер болып ондай сірә естіліп пе ем?!
Адамды аяп, сірә, ақы алғам ба?..
Боялып болған қоныш, тақам қанға.
Ағып кеп жолымүйін жығып өттім,
Ауылға ақ сұр келіп тақалғанда.
Бұл шағыл жаңғырықты, ол шағыл да...
Қазанын төртке бөлдім ошағында.
Шешесі бақанымен жолатпады,
Ойпыр-ай, кім болды екен дер шағында?!
Адамды ақырғаны тоңдырады,
Бір өзі бір жігіттей он-дүр әлі
Арбасып ала алмадым бауырынан,
Сыры бар сылдырмалы домбыраны.
Қайтсе де таныттық-ау бай қажыны,
Төгілді төсегінің сайға жүні.
Алдынан інісінің шыға ма деп
Байладық домалатып Байғазыны:
Алыстан Құрманғазы оны ұқпас па?..
Айғайы анасының:
– Орып таста!
Бес бөрі бұлаң етіп жөнеп бердік,
Шараң не мылтығынан қорықпасқа?!
Қалмағам серіктерім бірі қаста;
Баяғы өзім жаным cipi қасқа –
Кесірлі келін бетін көрейін деп
Сұғына жасырындым сұлыбасқа.
Кейінде келер десем жығып арба,
Қып-қызыл қыз жасауы - жүгі нарда,
Бір өзін әкеліпті жетім тағдыр
Жер құшып етпетінен жығыларға.
Арудың шықса керек әбден есі,
Талықсып жерде жатты ақ денесі
Сабырмен салқын барып аяулының
Бетінен көк желетін алды енесі.
Қара көз сонда көрді көктен күнді,
Жел оған шашу етті от пен күлді.
Жығылып жатқан үйін құшты-ай келіп
Жылқыдан алған батыр Көктеңбілді.
Айтпақшы, Көктеңбілге барғызбады,
Сол ғана қаным қайнап, жан қызғаны.
Көзім жеп қала берді көп жылқыдан
Қажекем қалап мінген жалғыз малы.
...Дөңбайдың айтпақ еді мақтаншағы
Сөз құрап не ғаламат жоқтан тағы,
Желігіп желкесінде, маңдайында
Әлі де ойнар еді көк қалпағы.
Тұс-тұстан түгел кетті ұйтқып шаңы
Қабаған өңшең ала «үй құтпаны».
Бұлдарда аулақтағы жылқышының
Ауылға «Аттан!» салып құйғытқаны.
Қым-қуыт бола қалды әлгі жиын
Қарақтан аруақтың жалғыз үшін.
Кім білген оңашадан осы ауылға
Не сұмдық әкеледі жанды құйын.
Сүйенген асасына Дөңбай еңкек
Шамдана шығып айтты:
– О қай тентек?!
Жалтырақ жамылғаны қара лембөк,
Басында селкілдейді ноғай телпек.
Тұрғандай артып ауыр тасты иығы,
Бардай-ақ дәулетінен бас күйігі;
Қармаса кәрі қолы омырауын
Төсінде қалтыранды таспиығы.
Жақтырмай қара халық құжынаса
Би қажы бір қарады көзін аша,
Тыныштық дабырадан талап қылып
Ақырын көтерілді ұзын аса.
Төңірек тұра қалды тынып іштен;
Қарт қабақ салбырады сынып іскен.
Ақшұнақ беті-көзін бір сипады
Тақуа медет тілеп «ұлы күштен».
Күбірлеп көмейінен ол «әумин»,
Көзінің қиығымен шолады үйін.
Көсілген төбеттермен бірге келді
Жаңағы алыстағы ала құйын.
Ақ сордақ сүртілмеген жақтан лай,
Қаны бар шекесінен аққан жылай;
Жылқышы сауға сұрап «бабасының»
Алдына домалады аттан құлай.
Мәсіге жақты көздің жасын барып,
Илан сен: анық осы асыл тарып:
Жүрегін рақатқа келді бөлеп,
Сол үшін өз қолымен басын жарып.
Мың артық сатылғаннан байға зұлым
Имандай сақтағаны бойға зілін.
Үйірін қысырақтың осы бала
Алдына салып берді Байғазының.
Байғазы берік түріп көкті ғана
Кедейлі Бозан құлап кетті мана.
Құрман тек үнсіз үйде; кім біледі,
Құпия дыбыс досы көп тұра ма?
Мия мен құм үстіне созып әліп,
Жанынан отыр күйші төзім алып.
Кеңеспей кесірі мол бір ic қылған
Өкінді Байғазыға өзі қалып.
Әлгіде көріп келді бала мұны,
Күйшінің жүрегінде дала мұңы.
Әзірше өз қолында берері жоқ,
Өмірден көп секілді «аламыны».
Кеңесін тыңдап келді бала түгел;
Айтқаны: «қалың көзді қаратып өл!»
Міне, енді жатыр жылап; тынбайды да,
Жарасын бір баланың қанатып ел.
Тиген деп кім соққысы жұмыр басқа,
Ел түгел естігенше құмар босқа –
Анты бар даладағы өз қылығын
Ауыздан өле кетсе шығармасқа.
Бар айтары:
– Тақсыр ата!
Кешір, ата,
Бір іс болды масқара:
Жете бердім,
Бөтен елдің
Жігіттері сулатты.
Қуып кетті қысырақты
Боратып ап,
Қарабайлы тарапына.
Тақсыр атам!
Менің атам!
Жер койнына тастама!
...Қия көрме
Жон терімді таспаға!..
Бос әуре өзге жанды өзімсінбек,
Мұндайда ұлын яки қызын сенбек.
Әміршің тұр алдында; соның көзі
Секілді не заманғы қызыл шөлмек.
Ол еді-ау жас шағында нөгердегі
Атанған «Бөкейліктің жүгермегі»
Жазаға төземісің, өлемісің –
Бәрібір оған басың не көрмегі...
Өзі де қолдан түсіп ескі таяқ,
Жатады ертең түкті естімей-ақ
Білмейді мүсіркеуді тірлігінде,
Көрген жоқ бұл жалынып, ешкім аяп.
Қалшылдап үкім айтты жас жандыға,
Көзіне көрген жанның жасты алдыра.
Бұтаға бұқты тегіс балалар да
Жазадан сәби жүзіп жасқандыра.
Ышқына қатып жылау... шал күбірі;
Әркім-ақ өз жағасын алды бүріп.
Түтеген түк көргісіз әлгі жерде,
Масқара, екі аяқты аң дүбірі!..
Дейміз бе осыны да жалғыз өлген?..
Осы ма тәңір оғы дәл жіберген?..
Ауаға сатыр-сұтыр ойнап шығып
Ақ сойыл шаң көтерді әлгі жерден.
Саны көп шалдың күмән, шүбәсінің
Ойласа оқиғаның, сірә, сырын.
Баршаға өмір келді атқа қонбақ
Тоздырмай кеткен ізін шығасының.
СОТ АЛДЫНДА
Сүйекпен нақышталған әр қапталы
Ақбайдың ағаш үйі нар қақпалы.
Бай, болыс барша жұртты шақырыпты
Осында «күпірлерді» қарғатқалы.
Әлек боп шабармандар шұғыл іспен,
Танған жоқ таң атқалы жүгірістен.
Келген жұрт кең сарайға әрең сыйып,
Еденде елу қатар жүгініскен.
Биікте бір қанатта тақуалар,
Үкімін іштей отыр оқып олар;
Адамның ажалы мен азабына,
Әзелден өздерінше пәк куәлар.
Діншілдер ортасында қажы Дөңбай,
Жаны шат бір адам жоқ қазір ондай, –
Дегендей: «Он артынан жүзді беріп,
Сот аузын сатып алсам, қазынам бай!»
Олардың ашық жатыр көк құраны...
Ортада түсі суық сот құрамы;
Төменде ел сабырсыз гуілдесе,
Сот күміс қоңырауын соқтырады.
Солардан арғы төрде, кеңшілікте
Киіп ап пенсінсін кеңсірікке,
Ақбаев Әбубәкір отыр оғаш,
Қарай ма қалың жұртқа кемсініп те?..
Кім білген, жандар үшін сорлы маңдай
Бүтін ол күтіп отыр сырды қандай?..
Аузынан шыққан шылым түтіні де
Сумаңдап жөнеледі сұр жыландай.
Отыр ма сайлаудағы антын бұзып,
Арам ой ағысына малтып, жүзіп?..
Қатал ол... Жарқылдайды жалғыз ғана
Аққұба саусағынан алтын жүзік.
Ал, міне, үнсіз - тілсіз ғарыптықпен
«Күнәкар» жандар келді халық күткен.
Ешқайда қарамайды, осы өмірден
Адамдай ақ көңілі қалып біткен.
Бұл сәтте аш-арықтан әлді ажырап, –
Қобалжып арттағы жұрт алды азырақ.
Екі ұлын Сағырбайдың мылтықтылар
Айдап кеп отырғызды алға жырақ.
Жауапты жалғыз рет ыршығалы
Байғазы қырын қарап қырсығады.
Тентектің барлық ойы: «Өлтірерде
Жанымды әзер болса бір сығады!»
Ал, сонау Құрманғазы: «Ерікпен мен
Келдім, - деп отырғандай, –
зеріккеннен», –
Үкіммен, үреймен де жұмысы жоқ,
Мегзейді қиялға жол беріп кеңнен.
Дегендей зұлымдарға: «Жасты мүшкіл
Жазала, құмардан шық, қастық іс қыл!..»
Жүзінен қаны қашып, қалыпты тек
Қара сұр миығында ащы мысқыл.
...Қоңырау әр денені пысықтырды;
Тақымнан қалды біреу қысып бірді, –
Атынан ақ патшаның, «ғаділдіктің»
Ақсақ сот шойнаң етіп ұшып тұрды.
Елдегі шабысуды, атысуды
Қоздырған ақсақ Әбіш аты шулы,
Түйені түгіменен тағы жұтып,
Бүгін де аямасқа ант ішулі.
Ел одан не жақсылық етер үміт, –
Өз жарын өзі өлтірген екеш ұмыт.
Сөйлесе ақ кірпідей дүрдиеді,
Астынан танауының екі елі мұрт.
Оны әсте «елдің дәмі, тұзы ұрмаған,
Сыйлаған тәңір осы құзырды оған».
Аузында бүгін міне:
– Екі сотқар
Жылқы алып, бейуақытта қыз ұрлаған.
Киелі қажыны да мазақтаған,
Тартқызып қартайғанда азапты оған...
Адасқан екі пенде тағы-тағы
Кінәні мойнына аз артпаған.
Әбіл: (Байғазыға қарап)
Жалған сөздің арты сор,
яки қатты...
Жасырмай паш қылып айт ақиқатты.
Аяққа жығылғанға мүсіркеу бар,
Абайла!.. Азат ғұмыр бақи тәтті.
Байғазы:
Бәндедей өз кінәсі бәрінен де аз,
Толғайды тіпті мұқым әріден саз, –
Адалға зұлым рас тағзым етсе,
Сен жығыл аяғыма,
кәрі жемпаз!
Жоқ сенде адалдықтан түйір қан да,
Жетіксің жетім жанын сиырғанда.
Старшин, қажы-қалпе, өзің барда
Өзгеге азат ғұмыр бұйырған ба?!
Ал, менің қылмысым жоқ.
Дөңбай:
Уа, лағынет!
Сауысқан сары қыста ала қанат?..
Таратып ақ малымды балықшыға,
Сен қылдың мені мынау далаға мат.
Көргем жоқ нақ өзіндей құлда сұмды,
Күйдірер құдай сеніп қу басынды!
Байғазы:
Ал, менің арғы-бергі зәузатыммен
Өзімнің ащы терім құмға сіңді...
Кім бәсе, қайда бәсе, көп сауысқан
Тірідей қан-сөлімді жеп тауысқан?!
Жемтікке құзғын сендей құнығар ма?!
Құл еттің. Жаның, сірә, мұны ұғар ма?
Ақымды сонда сенен әпермеген
Құдайдың әкесінің құны бар ма?
Апыр-ау, мұнша қылмыс ас батыра ма,
Десең де: «Үсте тұр Алла, аста тұр Алла!»
Ақ пейіл пақырлардан садаға кет!
Тақуалар:
Анық бүл күпір болды, астапыралла!
Байғазы:
Мекендеп ішін сонау Қой - үңгірдің,
Екі күн сауық-сайран,
ойын құрдым.
Ол рас: малым текке кетпесін деп,
Апарып аш-арықты тойындырдым.
Хабарсыз одан менің туыстарым,
Білмейді қайда қандай қуыс барын...
Ол үшін Сағырбайдың ұрпағына
Демессің: «Түгелімен у іші бәрің».
Әбіл:
Так, так-с!.. Тас қамауға апар да, жап!
Күтіп тұр мұны кәміл «сапар», ғазап...
Ал, мырза, Құрманғазы, сізге бола
Қалайша ар-ұятын сатар қазақ?..
Есерге ел жылқысын тонаттыңыз,
Бір сізден өндіреміз он атты біз...
Қалайша басқа біреу қалыңдығын
Ұрлап ап, жүрегінен оны аттыңыз?..
...Мынаусы батты білем жанға тым-ақ,
Біреуге біреу сөзін жалғатып ап,
Айғай-шу арасынан қисабы жоқ
Аспанға лақтырылды жалба тымақ.
Азғырдың арық - бақа көк кедейін
Көремісің?.. Кеуде толы көк пе дейім, –
Қорғаштап сонау тұтқын сұр жігітті,
Даңғаза басылмады көпке дейін.
Сөздері:
– Статьяңды ап көрелік!..
Етпесең ғаділеттік, ақ төрелік
Жарлы мен жақыбайдың ортасынан
Сәйгүлік он арғымақ ат берелік.
– Күнәсіз күйдірмеңдер ақ баланы,
Бойда бар өнері мен бақ-талайы.
– Саламат жаннан сауал алынбасын!
– Ақталсын Құрманғазы!
– Ақталады!
– Буынсыз жерге пышақ ұрындық па?..
– Біз келдік ақ сары бас ырым қып та...
...Ақбаев енді ғана мына сөзін
Шалқалап жатып айтты орындықта:
– Асылан, алар деймін бұл сипатта
Ғаділ сот ел талабын илтипатқа.
Ал, сізге. Сағырбайыш, айтарымыз:
Сауғасыз кеткен қызды қайтарыңыз!..
Қойынға жасын төгіл қарғайтұғын
Жаны қас жалған жүрек қай парыңыз?..
Қыз жетер: фәни де - қыз, жұмақта - қыз,
Қиянат-қилап істен жырақтаңыз.
Мал беріп, бата қылған бар деседі,
Пақырдың жігітін де жылатпаңыз.
Жатпай ма һәмән келін - көпшік өліп? –
Не қажет қатын үшін кекті болып? –
Айлакер Ақбаевтың бұл «ақылын»
Күтпеген өзге бір іс кетті бөліп:
– Құдай-ау, түлкі ме еді төре деген,
Түгі қатып тиын - тышқан төре жеген?! –
Мұны айтып ақ шарқатты асыл Әуес
Шашылып ішке түсті терезеден.
Қаларын, ғайып болып жоғаларын
Біле алмай, әлгі діншіл ағаларын,
«Ақ сайтан», «ақ сайтандап», «сүбіхандап»,
Ұсталы бәрі бірдей жағаларын.
Ашынған есін Әуес ентігеді –
Қашан ол соңынан сөз ертіп еді?
Түтіккен... Бүгін оның ажарына
Ешбіреу отырған жоқ елтігелі, –
Аяйды қара қазақ сұғынбайды,
Жан лебін жанарынан сығымдайды.
Құсталы Құрманғазы енді ғана
Жарқ етті. Мәнісін жұрт ұғынбайды.
Ол сөзді жаладан жар ақталмағын,
Ең алғаш ашу-кегін ақтармағын...
Уа, ғажап!.. Манаш қызы ұстарадай
Тісімен тілді өзінің ақ бармағын.
Кім көрген бұдан өжет қалыңдықты: –
Ең таза неке су - деп, қанын жұтты.
Қадалып бай - болысқа, судьяға,
Қаратты бір өзіне қалың жұртты.
Оқушым! Нені көрдік ақырында?
Жаны тұр шыға жаздап алқымында!..
Сескенбей қазақ қызы қан ішер деп
Әзелден ойлаған жоқ ақының да.
Әуес:
Ақбаев, старшина құдіретті
Жаныма жазылмастай құзыр екті.
Мен одан айдалаға ала қаштым,
Бір ғана махаббатқа құл жүректі.
Ал, мені жазғырсаңдар кінәм осы-ақ,
Бұйырмас дедім маған, сірә қосақ.
Ақбаев қолқалаған жүрегімді
Аш бөрі қойсын дедім бір-ақ асап.
Ақ бетім тоятына жараса шын,
Құзғын да болсын дедім арашашым.
Жан-жаққа желмен кетіп, шырмауыққа
Оралып қалсын дедім қара шашым.
Әкетті солай намыс ертіп алға, –
Не дерсіз өлімге де еркі барға?!
Жақсылық көре алмаса екі көзді
Таласып жесін дедім екі қарға.
...Өлмедім... Хордың қызы өзім екен,
Бақшам бар сайраңдасам өзіме кең.
Жаралған бір мен үшін жалғыз тәңір,
Көрінем періштемен көзіне тең.
Міне, ол – тәңірім мені өлтірмейтін!
Әбеке, пендең емес ол кірлейтін!
Соттама!.. Күн тұтылса қорқатұғын
Бабаңның көз алдыңа келтір кейпін!..
Не сұмдық оған уым кесті дейтін?!
Құдай жоқ Құрман сазын естімейтін, –
Өлгенше өнерді сүй!.. Маң далада
Құлазып қалады ертең ескі бейітің!
Ұғып ал! Қайғысынан бір басынын
Жынданған шағы деме ұрғашының! –
Өжет жар осыны айтып, тәлтіректеп
Ұмтылды құшағына Құрмашының.
Қым-қуыт көтерілді елдің үні,
Ешбіреу тыңдар емес ендігіні.
Қалшылдап ақсақ Әбіш құлап кетті,
Табады қояншыққа емін кімі?
Үрейлі тақуалар үшкіреді,
Қазірет қағаз езіп іштіреді.
Құлпырған Құрман ғана, мынау даң-дұң
Айғайдан санаға бір күш кіреді.
Көздері бал-бұл жанып, күлімдейді
Елестеп өлген әке «ұлым!» - дейді...
Күн бейне күркірейді... Ат дүбірі...
Арғысы құлағына ілінбейді.
Мылтық та енді мүлде еленбейді,
Бұл ғана өз-өзінен елеңдейді
Білегін қайта-қайта жалаңаштап,
Белгісіз бір сарынға ерем дейді.
Құсаның қара бұлтын таратқалы,
Ол бір сәт бері аттады,
әрі аттады.
Ел, кенет мылтықтыдан ажыратып,
Тұтқынды алды-артына қаратпады.
– Ақталдың?
– Өнер ұлы, азат болдың!
– Үкімі кесілген жоқ азап - сордың!
Сүйінші! Қасиетің арқасында
Тағдырдың тауқыметін аз-ақ көрдің.
– Әбіштің құдай өзі талықсытты,
Қабағын аруақтар анық шытты! –
Жұрт солай шуылдасып, жамырасып,
Боздағын бостандыққа алып шықты.
Құрманның үлесіне жақсы ат тиіп,
Жалына қолы жетті. Мақсат биік...
Сағырбай ұрпақтары аттанарда
Естілді ел ішінен «Ақсақ киік».
Соқыр шал отыр оны безектетіп,
Және де бір жас ұлан өжет кетіп,
Бабадан қалыспайды, осынау күй
Барады оттан ыстық өзекті өтіп.
Кеудеге жатыр сарын жылап кіріп,
Құрман да өз күйіне құлақ түріп
Шошиды; арман - қиял зымырайды
Жаралы жас киіктей құлап тұрып.
Асыл жан нұр сәулелі шұғылалы
Жеткен жоқ биігіне шығып әлі –
Заулайды... Екпінінен безек қағып
Жел - құйын әлдеқайда шығынады?!
Екпіннен әлі қанша жел еседі?
Қанша жыл қайран дыбыс ілеседі?..
Үн кетіп,
бір төбеде өзің қалсаң,
Олжалап оны кімдер үлеседі?..
Жоқ, оны томай алмас жендетің де!
Құяды ол Еділ, Жайық, Жемге түнде.
Шырқайды таң атарда кең аспанда,
Күймейді өкпесі де жер бетінде!..
Күй боздар айт күні де, күзем күні,
Кіндігін кіші пенде үзер күні...
Осынау бір қиялда ат үстінде
Шіренді Құрманғазы үзеңгіні.
БҰРҚАСЫН
Алғашқы қарлы - құйын; ызың онда.
Көкшақа бүркеніпті мұзың жон да.
Бозшолақ тартқан арба екі аяқты
Қоңыздай қозғалады ұзын жолда.
Қиында қыршаңқының жанын жалдап
Ертеден сүйрегені екі солдат.
Аштархан түрмесіне асығады
Бершімек қабырғасы бекі сорлы ат.
Біеруі тыншу отыр есірінбей,
Бір солдат масығады есі кірмей,
Соңынан ілеседі қара жаяу
Еріксіз Сағырбаев екі бірдей.
Сұғады суық қолын етке күз де,
Қар мұздақ қатты ұрады бетке - көзге.
Қарайды Құрманғазы тегершіктен
Тегісте қала беріп біткен ізге.
Қарайды сонау қалған алысқа да,
Онда тек алақұйын ағыс қана.
Дегендей долы желдің ысқырғаны
«Үйге қайт? Адасасың! Аң ұстама!»
Үкім бар. Құтылады одан қай күш?!
Ұлисың сезбей, боран байғұс!
Қырында Құрманғазы ескен бе еді
Оңаша денесіне оранбай қыс!?
Аң дейсің. Аң да дарқан бай танапта,
Құлаққа ол үніңді қайталатпа.
Күзен де күзеті жоқ жылы көрде,
Еркі бар қашан кетсе қай тарапқа.
«Үйге қайт!» - деме, боран!
Өз қасында
Жүре бер, жүрген сайын із жасыр да:
Ауылда көрсетуге көпсінеді
Ана мен асыл жардың көз жасын да.
Әкетті-ау ердің қолын, әттең буып!..
Келді оған бір-ақ рет әпкем жуық.
Қыстаудан қылмыстыны ұзатарда
Қалдырды ақ мамасын атпен қуып.
Жетпейді жан ашырға үні барып –
Ұйқыда түк сезбейді мұны халық.
Жауыздар жасырын бір үкім оқып
Келеді ұрлап оның ұлын алып.
Хабарсыз төсегінде әркім елде,
Ер мұңын жеткізбейді қарлы жел де.
Әлі тұр Ақбаевтар сақ-сақ күліп
Сонау бір ақ құйыннан арты белде...
Қатты соқ, қарлы - құйын,
төңіректе! –
Қайтесің аяғансып еңіреп те?!
Есіл ер сенің асқақ сарыныңды
Кеудеге құйып алсын кеңіректе.
...Әнеки, Құрманғазы.
Басқа ноқта
Кидім деп тартынбағы бос талап та –
Бір сәтте жылы ғана күле қалып,
Сүйсіне көз салады бозшолаққа.
Ұғынар қарағанмен тұғыр нені?..
Ат жерге тезек тастап, түбі жеді.
Сол замат Құрманғазы бозшолаққа
Күйім деп мынау сазын күбірледі:
– Мен де талшық тірнектедім,
Құса жинап құр неткенім!..
Тие қояр нысанасыз
Ызаны да құрметтедім.
Бекер екен, әттегене!..
Шынымен-ақ ап келе ме?!
Мақсатқа жаңа болдым ие,
Бозшолақ атты боқ дүние!
Алдым - мектеп, алдым - аш күн.
Мейманы көп қалғымас түн.
Жалтыр көк тас - суық төсек;
Төленбейді онда бас (құн!)
Онда күлкі удай ащы,
Темір тордан ән де қашқын.
Бәрібір!.. Бетің болды күйе,
Бозшолақ атты боқ дүние!
Солайша кеткен еді қыс басында,
Оралған енді көрсең құс та осында.
Көктемде жетті Құрман ел шетіне
Түрменің айтып ұзақ «қыссасын» да.
Ойда жоқ жасырынып алмақ тыным;
Ұйқысыз енді өткізер азат түтін
Есінен әсте шықпас мынасы ғой
Алғашқы аманаты абақтының:
– Ізіңді бар дұшпаның бағар аңдай,
Артыңнан ат салғызар ағаны алдап.
Тереңнен жүрексінбе батырар деп,
Желкендей алысқа кет ағараңдап.
Өзің бар сұрапылдың ортасына,
Табынба ескі жаға жартасына! –
Әр адам теңіз - дүние бір толқыны
Алады жүзе білсең арқасына! –
Келеді мұны жаттап парызындай,
Қалың гүл қабылдайды арызын жәй.
Күйшінің жан жүйесін дуалайды
Көңілді төңіректің бәрі жындай.
Иіскесе қызғалдақты бұза - жармай,
Жүзінен жоғалады ыза қалмай.
Өзінше қашқын емес, жылы күңгірт
Ұядан енді шыққан ұзағандай.
Оқушым! Саған айтар сырым ептеп:
Жатпадым абақтыны сүгіреттеп.
Жапырақ желді күні темір тордан
Жасырын оған әлі сыбыр етпек.
Көп барар құлыптаулы қақпаға да
Келін, шал, әлі неше қаптап ана, –
Адамның түрмесіне аяқ жетер,
Сол емес соқтырған үй «хақ тағала».
Білесің: онда шаштың артады ағы,
Жеңілдеп ет - сүйегін, ер қадағы.
Өткізсең өміріңді бұғып ұйықтап
Бір «парыз» өтеледі арқадағы.
Адамның қамайтұғын ақыл-есін
Содағы жыр болып па ақын үшін?
Келеді Құрман қашып; туған дала
Жұпардай жұтқызады аңқып иісін.
Келеді көзін алға жұрт қадай,
Ақ үйлер масатыда жұмыртқадай.
Беріштің берекелі 6ip сыбайы
Аулаққа қыс - тебіннен жылыпты адай.
Адайлар елде бүгін шат-ты ғажап,
Әлде бір өліспекке ант қылажақ.
Он-он бес ошарылған ер төбеде
Сардары садағы бар атты қазақ.
Әнеки, өңшең асыл көкмойнағы
Орғыды; қисық қылыш көкте ойнады.
Жарқылдақ ақ беренді жігіттердің
Ашуы, жалыны да көп бойдағы.
Дамыл жоқ дабылшының түтігіне,
Санатқа шақырады ту тігіле;
Оздырып бозбаланы ұраншыға,
Қарғыздың от қояды қу түбіне.
Арқалы аға мерген, әне, сабаз,
Түсірген олжасына қараса мәз –
Ақ бұлттан құлап келіп көк кербезі
Көгалда талпынады қараша қаз.
Бұрылды тыныққалы күйші адайға,
«Бір мырза ер салғызар қиса тайға».
«Хабарсыз Құрманғазы: дүйім халық
Жарақты қол қосады Исатайға».
Құртқашаш, құланқұйрық арасында,
Тартады жалғыз жаяу қарасынға.
Қалың қол бет түзеген Бекетайға
Адам деп оған, сірә қарасын ба?
Қайнаған өңшең алғыр жас зығырдан
Оп-оңай дүбірлетіп асты қырдан.
Оңаша үнсіз қалған ақ отаудың
Есігін еппен келіп ашты Құрман.
Адайдың не біледі жұрты мұнан? –
Кескінді денесіне сырты күмән:
Иығы көне сары көйлегінің
Тершіне жылтырайды жыртығынан.
Болар ма түс әулие, өзі мұндай?
Бар-жоқты келіп отыр аз ұғынбай.
Танылған арқасына орыс кенеп
Ғаріптің бір түйіншек азығындай.
Жаңа шыт бұйырмаған бай мүшеге,
Бас иді бір-ақ рет бәйбішеге.
Мүсәпір босағада жүзі жарқын,
Өмірге келмегендей қайғы шеге.
Жебесін ширатады қара мұрттың,
Тартады бипаразын қала - жұрттың.
Түтінге төзіккені дегеніндей
«Бәрін де тәбетіме қана жұттым».
Жиһазға қызыл-жасыл, көк – қаралы
Көңілді өткір көзі көп қарады.
Жалынды жас қонағын ишаратпен
Әйел де көз астынан жеп барады.
Осындай болса болсын жамағатын,
Береген бармағынан дем ағатын.
Ақ бұйра шұбат толы ала зерен
Ұсынды өз қолынан мама - қатын.
Оны қой!..
Құрман үйді көре келе
Бұйырмас бұйым тапты төреге де:
Шаптырған алтын-күміс шанағына
Домбыра кемсінеді керегеде.
Ол қалай ішкізеді ас батырып,
Асылдың аташы да басқа сұрық.
Тізілген шашағына лағыл – маржан
Қашықта қалтырайды босқа тұрып.
Тиеп құралайдың асығындай,
Бойында бір қызық бар жас ұғымдай.
Ыстығын ер көңілдің арттырады
Сағынып енді көрген ғашығындай.
Ақырын арасында жылып тастың,
Содан соң бұрқанатын шығып тасқын.
Бір сәтке қылықтыны маған бер! - деп,
Алғызды домбыраны жігіт - қашқын.
АЙЖАН ҚЫЗ
– Сыңқылдап бір ән салады,
Сықылықтап күледі.
Әм шырайлы, әм саналы
Жан тәрізді. Кім еді?..
Кім де болса келе берсін:
Көйлек онсыз жыртылған.
Қайтсін әйел келемешін,
Менің мынау түр-тұлғам?!
Әрілесе қыл самайым қорқытар,
Әрілесе асқақ сұлу қор тұтар –
Отырды Құрманғазы осыны ойлап,
Әлгіде қыл пернесін басып ойнап.
Сөйлеткен домбыраны қойды қайта,
Қыз келді; ақ қолында асыл оймақ.
Жан бар деп әдепкіде қыз ұқпады;
Құлпырды ақ бетінде қызыл қаны.
Өзімен сейілденіп өзі ғана
Сүйріктей саусақтарын қызықтады.
Ұшқалақ тотайлығын жиі қыла
Асылды бәйбішенің иығына
Момақан Құрманғазы кеш ілікті
Ойнақы қара көздің қиығына.
Бір сәтте қалды-дағы тыжырына
Сөйледі бәйбішеге қыз ұрына:
– Бұл ағаш әзідегі дәруіш пе
Әлдекім құшатұғын құзырына?!
Кім бұзған домбыраның мәні, шырқын
Құлағын бұрағансып... Бәлі, шіркін! –
Әулекі жаралмаса адам деген
Өзінің байқамай ма әлі сұрқын?!
Маңдайын ұстағансып сәл бүгіліп,
Бұлайша ару бикеш салды қылық.
Ұшынан аяғының жүгіргіштеп
Ізінше домбыраны алды жұлып.
Алды да,
ерке сұлу пәк түледі
Жетердей бір өзіне бақ - тілегі...
Су жібек жең аузынан суырылып
Асылды күй - шанаққа ақ білегі.
Жүйрік қол періштенің қанатындай,
Жай көзін ұстай алмай қалатындай.
Сұқпатты сұлу төсі көтеріңкі,
Ілгері ұмтылады бала тынбай.
Ол қашан тәңіріне шақты мұңын?!
Ұқпайды ұзатылар шартты күнін.
Адайда Мамырайдың Айжан қызы
Мастана шертті күйін шаттығының:
Тақ күні ту-дым,
Балапаны қу-дың
Өзім болдым. Ай-дын
Көлге төсім шай-дым.
Ұштым,
Кеттім
Үсін
көктің
Аралап ас-тым,
Әніме бас-тым.
Жетпей қалды жерден
Атқан оғы мерген.
Төре де
Көре де
ар-ман-да;
Атада,
Бата да,
бар маң-да.
Та-та-та,
Та-та та,
та?..
«Та-та-та!» - жанның сыры алып қашпа
Әдемі жазылғандай анық тасқа.
Адуын күй тоқтады. кім біледі,
Жолаушы қыз өнерін әлі ұқпас па?!
Мұны ойлап, ақ бетінен алау шыға,
Қараса Айжан сұлу жолаушыға,
Ұқсайды қыс - боранда балық аулап,
Көк теңізде көргені мол аушыға.
Теңіздің душар болсаң тентегіне,
Дәулеттің қарамайды кем, теңіне, –
Шетінен шекпені жоқ, өнері мол
Деуші еді ән салады кең төгіле.
Деуші еді «шын таныса әр ағаны
Перизат құштарына жарағаны»...
Таныдым: өткір екен өр жігіттің
Мұртынан қатал күтті қарағаны?!
«Mici мол бейтаныстан қорынбас кім?»
Дегенше домбыраға қолын қашқын
Ұсынды; жадырады қалың қабақ
Сұранып рұқсатын қарындастың.
Ақ бикеш сындырмады мұның сағын,
Сөкпеді сыры жұмбақ ұрыншағын, –
«Құжырып құлағымен естімесе
Демек пе: «Үйді босат, үнің шағын!»
Жолаушы күлдіреуіш күмбезіне
Көз тікті... одан әрі күн көзіне...
Алдында паң домбыра жатыр шалқақ
Қымсына қыз жасырын күлді өзіне.
Шүбәлі Айжан әлі «атасына»,
Шынымен туған ба деп бақ асыра.
Тықсырып ту басынан домбыраның
Бес үлкен саусақ келді сағасына.
Ал, кетті бебеу сарын ырық бермей,
Бала - қаз, мойыныңды бұрып көрмей
Нетерсің?! Ерен екен жатпайтұғын
Жұртының махаббатын жұрт термей.
Сал - мырза әлденеге күйінген де,
Жұпыны әдейілеп киінген бе? –
Дыбыстың көк дауылын сапырғаны
Дегендей:
«Көркем ханым, күйім кем бе?»
Басталып бір күй кетті асау - бұрқақ.
Қыз ойы:
«Адамзатты жасау, бір хақ,
Қолыңда сенің ғана; сенің пендең
Сен берген асқақ үннен неге қорқақ? –
деуші едім».
Мынау жігіт сескенбейді,
Адамға көкірегі дес бермейді.
«Мен де бір нұр тегінен жаралыппын,
Мұз құйсын жалыныма, өшпен», дейді.
Апыр-ай, мына жігіт селт етпейді,
Аусарым басылмаған тентек дейді
Алдымда жолбарыстай жұмарланып
Бүп-бүтін жүрегімді жентектейді.
Және де өнеріне жүгінемін,
Түскендей иығымнан жүгі ненің?..
Құдды бір желді күні етек, жеңім
Шашылып, ыққа қарай жүгіремін.
Ықтан да жасқанамын, жалт безінем,
Алқынам, жасырынам жат көзінен.
Азаттық ұясында дамыл таппай
Жүрегім арпалысып жатты өзімен.
Үрейлі безіп жұрт күлемін де,
Кесілген кісен бардай білегімде.
Ашамын құшағымды қамқоршыға...
Өңім бе, түсім бе бұл - білемін бе?..
Білдім бе қадірін бір сыйлы бастың?..
Кімге мен құшағымды қидым, аштым?..»
Осынша ойдан сұлу айыққанда
Тамамдап отыр екен күйді қашқын.
Үй жым-жырт жан секілді күйін ұғатын,
Самайын әзер жаңа жиды қатын...
Ілтипат, еткен келіп қонағынан
Сұрады сұлу сонда күйдің атын.
– Жақсы қыз, - деді Құрман,
құрғыр әзіл
Оятып кетті жаңа құрбы назын.
Дариғай-ай, бұзады ғой ақ бетіңді
Сүренің жазуындай бір күн әжім.
Кәдеңе қалсын дедім жарап үнім
Басыннан ауғанда да жаңа күнің.
Дәлудың ақпанындай арсы-гүрсi
«Адай» деп атын қойдым жаңағының.
Заң болды ерегеске ер шешіну,
Емендей жай соғылса ерте сыну.
Асығыс қараңғы үйден қашып келем,
Қолын бер, қоштасалық, ерке сұлу.
Қыз айтты: - затым әйел болса-дағы,
Мен дарқан сайрандағы көл шабағы.
Жақсыны жаяу нағып жіберермін,
Атаның маған рас қонса бағы.
Төзем де суық қатер төне келсе,
Тірелей қаңқу - өсек және көмсе.
Ағажан, отауымда қонағым бол,
Ат мініп, асыл киіп жөнегенше.
...Айжан қыз мамадағы «Өркөжекті»
Мінгізіп жұмсады бір елгезекті –
– Сауық бар! Жиналыңдар, желғабаздар!
Әп-сәтте осы хабар елге жетті.
Әп-сәтте қашқынды бір жер алғандай...
Демейсің оған: «Іште жараң қандай?» –
Өзі де ұқсамайды кіріптарға,
Өзгеше Құрманғазы жаралғандай.
Өзгеше киіндірді озық ана,
Сейілде сыртта Құрман өзі ғана.
Қарайды жақсы түстей төңірекке,
Оп-оңай сұлулықты көз ұға ма?
Әнеки, әр тараптан ән келеді,
Алыстан ноқат дерсің, сан денені.
Бұлықсып жалғыз аяқ бұраң жолда
Келіңдер судан қайтқан сәнденеді.
Қыздардың кешкі шыққа кеңістегі,
Көк сауыр малшынады кебістері.
Атүсті құшақтасқан құрбылардың
Сонадай созылады келістері.
Кең дала көңіл кірін аршығасын
Сен де бір шат өмірде бар шығарсың...
Осылай жасаңытып адай – ауыл
Өнердің қабыл алды қаршығасын.
ҚҰТҚАРУ
Отыр Алқа баяғы налып елде;
Өзі болған бүгін бір бәлігер де:
Құмалақтан ұсақтас түрлі-түсті
Алашаға шашылған бәрі жерде.
– Әне, - дейді ол, - шаңдары ұйысқалы
Бүлгін-бүлгін жолдардың қиысқаны...
Екі жүрек күптігей, маңдай ашық,
Я,сәт!..
Берік жатыр құйысқаны.
Бос сөзге ана неге зерікпейді,
Болжайды: «дарқаншылық», «ерік» - дейді.
Себеп бар: жөпелдемде жүріс салған
Керемет кеше тағы бір іс болған:
Адайда Құрманғазы үш күн жатып,
Шаттығын қайта көзден ұшқындатып.
Ауылға сepi-салтаң келе қалса
Үйі тұр кіре алмастай ешкім батып.
Саралқа есік ашпай зіркілдеді,
Аулақ кет маған өлім - бір күн!» - деді.
Өз балам келіп тұр деп ойлаған жоқ,
Құданды, пайғамбарды құр тілдеді.
– Сен, - деді,
– Бұйыртпаған ерді жарға,
Ашпаймын есігімді ел бұзарға!..
Өз атын сан қайталап Құрманғазы
Шам - намаз шамасында енді зорға.
Ақ шеше сарғайыпты, сағыныпты,
Құрман соның қажыған шағын ұқты.
Босатпай құшағынан ол сағатта
Бұлайша батыр апа шағыныпты:
– Құрманжан!
Ойда-қырда жау есірді.
Кәззаптан ала алмадың-ау өшіңді!
Қашқынның қатыны деп ұстап кетті
Алты әскер қазақ-орыс Әуесіңді.
Еденді қазды түге - саз үйілді,
Тінткізді Ақбаев пен қажы үйіңді.
Айуандар абақтыға бесігімен
Алты айлық алып кетті Қазиыңды.
– Не дейді?!
Ыстық тамшы жуып бетті,
Серінің миығында суып, кепті.
Ақыр ол сабыр тілеп анасынан,
Соңынан сүйіктінің суыт кетті.
Сол себеп жайып тастап алашаны,
Тынымсыз Алқа бүгін бал ашады.
Оны қой, оқушы дос!..
Көрсең, міне
Жеткен жоқ отрядқа баласы әлі.
Жеткен жоқ сынасарға батыр түлек,
Отряд жер ортада жатыр түнеп.
Төңірек желкем; аспан тас қараңғы.
Ақселеу теңселіп тек шаш таранды.
Сұлаған сақшы бала өлі жандай,
Өзгелер масахана басқа оранды.
Законның мұнша қатал кесігіне
Көндігіп, кештен бері есі кіре,
Әскерден сайға жуық Әуес отыр
Асылып сәбиінің бесігіне.
Үстіне, басына да қара салған,
Бір уыс ару тұрқы аласарған.
Жып-жылы жас бауырын бүлкілдетіп
Ақырын ақ мамасын бала сорған.
...Қайтеді, көнеді де қырсығына...
Тығылған тығыз бұлтқа нұр - шұғыла.
Шөп басы қаптаған бір адамдай-ақ
Алыста, жақында да тұр сұғына.
«Я, сәт!..
Көкірекке жан тұрақта!..
Құрмашым көріп бұғып, жатыр-ақ па?!
Бұлайша сергек сұлу елеңдейді
Ақырын жаңбыр тисе жапыраққа.
Уа, менің Шалқу деген досым қайда?!
Ол шіркін келуші еді осындайда.
Ол шіркін киіп-жарып жөнелетін
Не тұрсың маған десе шошынбай да.
Бір шабыт келді міне, безектеді,
Өлеңді қоя тұр деп кезектеп,
Ал енді, біразырақ айтып алам
Ол берген өзге сезді өзектеп.
Білесің, суға кетсек тұншығасың
Тіршілік үмітінен тұл шығасың.
Ақырғы минутында қарсыласпай
Толқынға тойып болып тыншығасың.
Демейсің енді жаның толғанады,
Нысапсыз бірінші рет шөл қанады.
Жоғалып су түбіне единица,
Шымырлап батқан жерде ноль қалады.
Тереңнің құшақтайсың құмы, тасын,
Өмірден көргеніңді ұмытасың.
Ешкімнен медет тілеп, жалынбайсың,
Көңілін кейінгінің суытасың...
Ал, бірақ, арпалыста соған дейін
Айтарың: «Өмірге әлі соғам дейім» –
Ойыңнан жоғалады өзің кетіп,
Тірі деп, атамаса қоғам кейін.
Жарыққа, ауаға да талпынасың,
«Тұр ма, деп, ішілмеген, бәлкім, асын»
Денеңді қараңғыдан ала қашып,
Тұныққа батып - шығып алқынасың.
Ол сәтте жапырағын су ысырған
Тал - бұтақ саған жақын туысыңнан,
Қармайсың - үзіледі соны мәңгі
Шығармай әкетесің уысыңнан.
Осы да дүниенің бір мысалы –
Әркім-ақ азаттыққа тырмысады.
Ал, енді оралайық отрядқа,
Әлгі бір қараңғыда тұрмыз әлі.
Әуесті соңғы үміттің қысты көзі,
Лапылдап күйіп-жанған ыстық өзі.
Ақырын түкпіріне алар ма деп,
Түнерген терең сайға түсті көзі.
Апыр-ау! Мынау сайда табысқалы
Тұрғандай құрбы-құрдас, таныстары.
Көзіне көрінеді жылы ұшырап
Жыңғылдың, тобылғының тал ұштары.
Андаса зердесімен ақырындап,
Әлгі жер әлденені жатыр ымдап:
Осынау салалы бір сайға түсіп
Ойнаған баяғыдан жасырынбақ.
Алыста ақ көжектей шығынғалы
Есінде жүгіргені, жығылғаны;
Қызарып қызғалдақтай орамалы
Ақ изен арасына тығылғаны.
Алдынан құмай тазы аң қашқаны
Секілді жалтарғаны, алдасқаны.
Алаңқай аңқау бала Құрманғазы
Бір сәтте бұққан қыздан адасқаны.
Асырған Әуес одан бір амалын
Қалдырып шырмауыққа орамалын,
Шүйілген асыл - аңғал соған-дағы
Бүркіттей алтайыны соғардағы.
Тасада қарап жатпай қытық жаны,
Әуестің тағы да бір қылтиғаны;
Ауыртты қолға түсіп ақ білегін...
Қызық қой қыз еріні, бұлтиғаны...
Алдында алма беті өртше қызып,
Қыз көзін қырсықтана сүртсе қызық.
Тисе ғой соның аппақ алақаны
Жағына «жазықтының» шырт дегізіп.
Тиіссе, қыз сырына бір қаныға,
Бөтенге соның жаны бұрғаны ма?..
Тағы да Құрманғазы жағын тосты
Еркенің екінші рет ұрғанына.
Ол алғаш осы орында өпті бетті,
Дариға, сол күндері өтті-кетті!..
Махаббат ақырында торға түсті,
Несіне тәңір соны өткір етті?!
Қараңғы бүгін көрсем бүкіл аймақ;
Өмірін қызығымен біттім ойнап.
(Осылай мен дегенде жан құзыры
Жағада пайда болды жалғыз ұры).
Әне, ол тобылғының ішінде,
Не себепті?.. Атып кетпек үшін бе?..
Жо-жоқ... Бөркін көтеріп шақырады.
Кісім бе?..
Уа, жасаған, өңім бе, түсім бе?..
Жаңсақ ә?.. Қайда?..
Жо-жоқ...
Сайда шын анық.
Мазасызданып,
Аттар шайнайды ауыздығын.
Ал, ұйықта түге, жауыз, бүгін!..
Міне, мен ұрландым.
Бір ләм-мим деместен
Ғайып боп жоғалам қазір.
Қазір...
Міне, қазір...
Күзеттің ұйықтағаны азырақтай,
Таң да тұр көкжиектен әзір атпай...
Ақырын Әуес алды бесіктегі
Қазиын ақ мамадан ажыратпай.
Ұқпады, жүрек тулап басылды ма?..
Шешінді; қапияда тәсіл бұ да:
Бір сәтте қара шапан ақ бесікке
Адамдай қала берді асылды да.
Жүріске түйе малы көнді баста-ақ,
Ол терең тағы талай құмды баспақ;
Жанылмай жайбарақат күйісінен
Жалғыз-ақ ояу қалды қомды қоспақ.
Қараңдап алыс кетті қашқын ана
Кім білер, тағдыр оған қас қыла ма?
Ол әне, дене суып, жан қызына,
Елеңдеп жетті сайдың жар - құзына;
Қосылды үн шығармай өзі барып
Әлгі бір бейуақыттың жалғызына.
Ол барды деме қышып қосағынан
Жасқанып жат біреуін пышағынан,
Әнеки, арыстандай үлкен дене
Баланы жұлып алды құшағынан.
Я, сәт, құндағында тыншыққалы
«Шыр еткен» бала қайтып үн шықпады.
Әйел де тартылды бір магниттей
Түк демей, бауырында тұншыққалы.
«Оянып бәлкім күзет қаранды ма?»
Мұндайда өшіресің қаранды да..
Зым-зия...
Дүбірлері бір-ақ рет
Аттары сай түбінде қараңғыда...
ҰСТАЗ
Жансыздар ел ішінде алды нұсқау –
Қашқынды қайда жүрсе аңдып ұстау...
Есігі, терезесі алаң – ашық
Қаңырап Жиделіде қалды қыстау.
Көнеріп ата-мекен тозар асыл,
Оған да басқа түссе төзе аласың.
Азғырдан нағашыға асты Құрман,
Ұрлап ап өз әйелін, өз анасын.
Бітелген әлдеқашан кеткен ізі,
Неше бір аударылды айдың жүзі
Астыртын ел ішінде Құрман, Әуес
Атанған бай баласы, байдың қызы.
Бұл кезде Құрманғазы қалаша паң
Киінген; паңдығынан парасат ал...
Бөрібай атаныпты бөтен елде
Жебелі қара мұртты, қара сақал.
Сұрасаң арғы түбі аға сойдан,
Негізі Беріш ұлы ағатайдан.
Тигенше сөз кезеңі жиын-тойда
Айықпай отырады сағат ойдан.
Жырау боп тыңдатыпты санға жырын
Үстінде сары қымыз, cap қазының.
Жалпыға паш қылыпты хикаясын
Жаужүрек Исатайдың сарбазының.
Заузада құрбан айттың құрметіне,
Орданың отау тігіп қыр бетіне,
Қыз-қылаң, жігіт-желең, оған айтты:
«Сауықпен, сал Бөрібай бірге түне».
Ал, соның ызы-шуын айтам бөліп:
Кермеде не бір тентек шайпаң көлік.
«Айгөлек», «Соқыр теке», «Алты бақан»
Іңірде жатты дерсің шайтан қонып,
Түн ғажап; көк түбінде көз адасқан,
Ай жақтан ақ жібегін созады аспан.
Тал-шілік ортасында от жарқылдап
Сұлудың қанша бірі қазан асқан.
Сарнатып отыр тағы сабаз ұлан,
Қобыздың қолын алмай сағасынан;
Алысып бел - жігітпен бесті қымыз
Тасиды тай терісі - сабасынан.
Ебдейсек ересектер тасығалы,
Шараны шайқап ұстап асығады.
Дүйім жұрт көп күтеді Бөрібайды,
Түскен жоқ соңғы белден асып әлі.
Көр, әні, делбешілер көк арбаның.
Қос күрең арғымағын доғарғанын.
Күймеден жаңа шықты оқығандар
Бір солар әкелгендей көп арманын.
Смычок қолдарында, лағыл сырнай...
Шешпейді фрактарын жалындырмай.
Ақ қолғап, сақал-мұртсыз жас төрелер
Жартыкеш есіріпті жағын қырмай.
Ішінде біреуі бар, салы білем –
Қошемет көрсетеді халық үнем;
Азырақ айтқызалық сырды осыған
Салғызып самал жаққа қалы кілем.
Ол түнде ставкада кеш жатқасын,
Зеңгіген отыр бүгін ұстап басын.
Қаңқу сөз шықпасын деп хан орданың
Тас берік жапқызыпты іш қақпасын.
Ұстамақ сөз болыпты дұшпандарды –
Қайдағы өңкей қашқан-пысқандарды.
Астрахань, Оренбург, Питерден де
Барханға солар талай тұстан барды.
– Ох, и бір қазақ, көрдім сүгіреттен,
Сол менің түні бойы сұғым өткен.
Қағазда қашқан дейді қатыны да
Ізінен дыбыс бермей сыбыр еткен.
Сүгірет - тоятына төнгір әлі
Мұз балақ секілді бір дөң қыраны.
Қамауда қалмақтарға, орысқа да
Тамаша тартқан дейін домбыраны.
Қашыпты жолығыпты салон – бақта
Қалмақтың протестанты Саранжапқа
«Не кричи, не шуми» күйін тартып,
Сабапты урядникті паром жақта.
Сүгірет қандай?.. Жо-жоқ, ол қыран емес,
Береді қорқынышты бір аң елес.
Көр сүңгі - кірпіктері көзі жемпаз,
Тұла бойы шырт-шатақ, брань, егес...
Қарады оған қанша тақсыр ұлық,
Жүздері шамға таман лап бұрылып.
Жүдә мол жұрт алды сол сүгірет
Жағалай қолдан қолға лақтырылып.
Біздің жаққа келулі бөрің қашып,
Ұштағаннан қалың құм төрін асып.
Мағлұмдайды волостной Әбубәкір
Ақбаевыш Ақбаев мөрін басып.
Дәптеріне қашқынның түртіп атын,
Савельев ұнатты түр - сипатын.
Ол питерлік журналист, ақын мырза,
Қайдам, қалай аударды ілтипатын?..
Бунтарі деп оны бір Жайық, Нарын,
Көп оқыды қағаздың жайып бәрін.
Сүгіретті түсірді сүгіретке,
Жазып алды жаңағы жайыттарын.
«Аян оның себебі бір тәңірге,
Көп емес... Бағынады жұрт әмірге.
Бұғау керек бұзыққа. Ал бейкүнә
Жақсыларға хүрмәтлу орта бірге».
Жас төре еткен түңгі мәжілісті
Паш қылды; алқа-қотан ауыл үсті
Сапырып салқындағы cap қымызды
Даладай дастарқанын жазып ішті.
Қыз белін төрелердің қолы қысты;
Ақ күміс бокалдар да жолығысты.
Тасыған құйрық-бауыр даяшылар
Табаны жерге тимей өліп - ұшты.
Бір шоғыр төңірегі балдыз - жезде,
Бөрібай келіп жетті осы кезде.
Жұмсады бәйіктерді сонадайдан
«Атының басын ұста!» - десіп өзге.
Біреулер құшып соны өпті білем;
Халықтың көз тұнады көптігінен.
Жаңағы жантайысқан жас төрелер
Сәлемге көтерілді көпшігінен.
Сал бөрі рыцарьдың жолын қуған
Былғары деңбітпенен белін бұған;
Жарылып ортасынан жол береді
Ынтығы басылмаған елі думан.
Жоқ оның награда - шен төсінде,
Жоқ оның жерден шалғай шет есінде
Өңірі жарқылдаған алтын түйме,
Қалпағы қара мақпал шекесінде.
Манаурап жұмылады көзі мүлде,
Білмейсің, сені қалай сезуін де;
Қолында бос ойнаған ақ трость,
Ұп-ұзын темекісі езуінде.
Құп алды аяғынан тік тұрып ел,
Төселді тағы да бір түкті кілем.
Кім ойлар осыны да күні кеше
Түрменің қашыпты деп түкперінен.
Беймағлұм ішкі сыры әлеміне
Еркелік көрсетеді сал еліне;
Сал ізет білдіреді салқын ғана
Бас иген төрелердің сәлеміне.
Қоршады өнерпаздар тығыз мұны
Күйлетіп домбыраны, сыбызғыны.
Еліктеп құдіретті иесіне
Қозғалы отыр енді қобыз жыны.
Оларсыз мұң-шеріңе тарқам бар ма –
Күй-қуат «сайтапым бар, арқам барға...»
Ақ қылаң ай жарығы жетпеген соң
Аспалы шам байланды арқандарға.
Нұр - сәуле шашырады тербетіле,
Жұрт құмар Бөрібайдың келбетіне.
Қолымен отты көзін көлеңкелеп,
Тәкаппар ол қарады ел бетіне.
Байқады: кім нәрегей, кім бағылан –
Болғандай кім бәйтерек, кім бағыбан.
Шәкірті шешіп берді домбырасын
Сақтиян әшекейлі құндағынан.
– Уау! - деп ол бір қозғалды сөз басында;
Тыншыта аулақты да, өз қасын да.
Демдерін ішкі тартқан желғабаздар
Ауқымды соған мойын созбасын ба...
– Уау, арыстан еді Исатай.
Жолбарыс еді, мерт болды.
Бір қазасы дерт болды,
Сары азамат, сардар жан
Қаны судай төгілді,
Қабырғасы сөгілді;
Жалынды боздақ жас кетті,
Қанжығада бас кетті.
Алай да, алай, алай да,
Алысты көзбен шолдым көп.
Ақ Жайық пен Бозана,
Ағашты Нарын, көк теңіз,
Бітіспес күнге келдім деп
Ханға айтады лағынат!
Ал, атарын болса, маған ат.
Жұртым аман барында
Құлазыман солдым деп,
Исатай мен Махамбет
Өкіне ме екен өлдім деп?!
Жұрт қалды тағы да бір қозғалысып,
Ақырын бал қымызды қозғап ішіп.
Жауады жапалақтап кілемге де
Көбелек от айнала озған ұшып.
Қабағын мынау түннің түйді аспаны,
Ақша бұлт қарауытып қиғаштады.
Бөрібай осы кезде домбырада
Ел бұрын естімеген күй бастады.
«Кішкентай» күйдің аты не себепті...
Оны бір дарқан - дария десе нетті?..
Исатай - Махамбетті пәруар танып,
Асқақ жан асау толқын еселетті.
Зор деп ол мақтамады көзге асылын;
Ел сүйді әдебінен озбас ұлын –
Бір парыз білімдіге өмір көшпек
Өнерін азырқанып өз басынын.
Осынау үлкен күйді тағы-тағы
Шәкірттер қағып алып ағытады;
Күңгірт түн жөнеледі күңіреніп,
Біреуді біреу сөзі қағытады.
– Күйдің бұл падишасы дана туған.
– Жошымен жолы белек Наратудан.
– Табиғат, айналайын бітіміңнен
Айнымаған асылын жаратудан!
– Күй ме сол баяғы зар жалаң, көне?!
– Міне саз!..
үйреніп ал, жаман неме!
Артықша сыбағалы болған үшін
Алланың тамұғына жанам деме.
Әрненің көңілдене басын шалып,
Көпшілік қызынады осыншалық.
Өрендер әлгі күйді алып жатыр,
Бесті айғыр, атан - түйе бәсін салып.
Бұл кезде жүзі суық жас төрелер
Адамын батып отыр әшкерелер.
Солар бір көз алмайды Бөрібайдан
Кім білген Бөрібайдың жері қайдан.
Бұл елге келді қалай?..
Мағынасын
Әр саққа отыр, түге жорып ойдан.
Тағы да қадалады... Сұғы өткен
Түндегі айнымайды сүгіреттен...
Жалғыз-ақ, айырмасы - қара сақал
Қабақтың қалың еді түгі неткен!..
«Сөз емес әдемілеп киінгенің...
Білеміз, ызасы еді күйің ненің...
Ұсталдың, кезбе жігіт... сені бізге
Өзіңнің танытады құйын - желің».
Жұрттан бұл жат пиғылын жасырыстап,
Төрелер іштен жауын жатыр ұстап.
Қашқынды қамар болар бейқамында,
Жалт берсе өлісуге жан тұрыспақ.
«Шалқыса күйші тағы еркі білгей»
Дегенше іштерінен ел күбірлей,
Төрдегі төрелердің қолдарында
Жарқ етті браунинг екі бірдей.
– Ұсталдың, Сағырбаев, қашқаныңмен
Ал, не көрдің думанда асқан үннен?!
Алсаң еді орныңды
Аулақтағы
Арлан бері тазалап ашқан іннен.
Құламайды бәйтерек түбі ескірмей,
Ал, сен біттің... Өзгені түгестірмей,
Жатсаң еді одан да тыныш ұйықтап,
Салқын көрде мәңгілік түк естімей.
Ұры - сотқар дегіздің қазағымды,
Айтып қақсап отырсын мазағыңды.
Бағышладың кешегі бұзығына
Осыншалық дуалы ғажап үнді.
Под арест!
Білдік біз көп ісіңді.
Күмбірлеген бір ғана күбі - сынды...
Көшіп-қонып ерте-кеш жатар қазақ
Естімей-ақ, жадыгер, дыбысыңды.
– Еттен өтті-ау, мына сөзі есердің!
– Төзіміне сияр емес еш ердің!
– Көк төбетке көзін берсе ойып ап
Мұсылманның баласына кешер дін!
Атып салсаң өлгеніміз мың артық! –
Жас шәкірттер төрелерге мұны айтып,
Тап берісті; Құрманғазы тоқтатты:
– Қайтесіңдер мұңсыздарды мұнайтып?!
Құрманғазы Сағырбаев, ие, мен,
Келем өрлеп қиын шатқал қиямен...
Нарын, сені тағы тастап кетем-ау,
Бүлінсең де өзім туған ұям ең!..
Барам-дағы. Бармаған ол торым ба?..
Құдайлардың наказдарын орында!..
Кетсеңші тек қазақ аттан садаға,
Шен-шекпенді түбіріңмен орыл да!..
Ұры - сотқар сендерсіңдер, «төре ағам»,
Жазықсыздың жан қызығын тонаған.
Заулап барып түсер едім тақсырға,
Әттең, дүние-ай, сыпырылса томағам!..
Әттен!.. Әттен, Әбубәкір Ақбаев...
Ақбай...Жо-жә!..
Енді теріс ақпайық...
Тұтты ғой деп өлі көлдей тұнбалық...
Мен кетемін, қара көзді түн қалып.
Байласаңдар қолым әзір, мырзалар,
Оған шейін «Ақбай» күйін тыңдалық.
...Тым-тырыс елді көрсең бұл шақтағы
Біреуге біреу шерлі мұң шақпады;
Жалғыз-ақ бикештердің көздерінен
Ызаның ыстық жасы моншақтады.
Әуелі «Әттең-ай-дан!» басталып саз,
Дағдыға түсіп кейін бос тарықпас –
Ащы бір күй зекіді төрелерге
Төбеден жай түспесе басқаны ұқпас.
– Зұлматтар тілеп менің өлерімді,
Жеріме сыйғызбады өнерімді?!.
Айдауда Үркер кетер Құрманғазы
Қайран ел, сағынарсың ол еріңді!
Сонда да ажалымнан наным бұрын
Таусылмас;
Суытпаспын жан үңгірінен;
Тілемен тірлігімді шоқтығымда
Жығылып жатар болса жалым қырын.
Мен бе екем бақыт жолын тоспалайтын?!
Сұр заман қара құлпы тастан айқын...
Сор - азап, бейнет менің дұғалығым
Бойымнан қасиеттеп тастамайтын.
Досымдай құрметтеймін қасіретті,
Үні бар оның өлмес қасиетті.
Шабыттың аппақ құсы бейуақытта
Оңаша мені талай қасына ертті.
Мен үшін құдайыңмен бүгін бірлей
Көтерген жотамдағы жүгім дүрдей.
Сол менің сомдайтұғын қабырғамды
Нар - қоспақ баласына жүгіндірмей.
Пірімін жала-пәле жабысқанның!
Жамбасы тас төсекті жанышқан мың...
Дозақ та маған пейіш! - дейді бейне
Осынау тартқан күйі данышпанның.
...Жер емес кінәсізді әркім ақтар...
Асығыс алда талай қарғымақ бар:
Тұтқынды, төрені де күймесімен
Алысқа алып ұшты арғымақтар.
Шолпанның ақ сәулесін қалжыратып,
Бозамық таң келеді қалғып атып;
Тірілеп тік тұрған тек аяғынан
Кейінде қара тастай қалды қатып.
Екінші кітап
АБАҚТЫНЫҢ АЛДЫНДА
Темір тор, биік қамал, қара құлып,
Қояр ма үлкен жанын жара қылып?!
Әне жүр надзиратель сап-сарала,
Иыққа суық қару-жарақ іліп.
Дегендей: «сор - азаптың, өлімдердің,
Ғаламат неше түрлі зорын көрдім»,
Алыстан үрей шашып түксиеді
Шетінде қара сұр үй Орынбордың.
Таң атса ағылады ел осыған –
Әркімде бір түйіншек бересі нан.
Қол бұлғап тұтқындарға мен де бейне
Қақпадан қатын, шалға ере шығам.
Шығарда «ғазырайылдар» осындағы
Тінтеді тілдің астың, ұшын-дағы,
Тінтеді бешпетіңнің жамауын да
Беймаза жүрегіңнің тұсындағы.
Одан соң тіміскіден құтыласың;
Жиылған қала, дала жұрты басым
Арбалы, атты, жаяу, түйелінің
Ішіне сен де барып жұтыласың.
Отырсаң,
Аузы-басын бусаң-дағы,
Қолқаңа құйылады қу шаңдағы.
Ал, бірақ, содан халық бір кетпейді
Сан дүркін полицеймен қусаң-дағы.
Бұл маңда түгел алып қыр, беткейді
Жайылған кешке дейін кір кеппейді;
Үрейлі үнсіз кіріп, жылап шығып,
Халықтар түрмесінен бір кетпейді.
Адвокат, шағым-арыз жон асады,
Ал, мұнда арық - тобыр жыласады.
Ағызып ат-тройка өте шықса,
Қоғадай жапырылып жол ашады.
Еркінде Еділ, Жайық ен Оралы,
Қалаға неше залым енер әлі?..
Бірінде экипаждың тұнжырайды
Алтын мен жез киінген генералы.
Бірінде неше түрлі «сері» көрген
Қайтады жесір пері серуеннен.
Күледі ол құйын болып жаралдым деп,
Кейінгі шаңдағымен сені көмген.
Бірінде қанден итке шал ентелеп,
Шошқаның ақ майынан «төлем төлеп»,
Бірінде қара ноғай қазіретті
Зонтикпен отырады көлеңкелеп.
...Барлығын көзбен шолды таң атқалы
Саралқа;
Арқасында тамақтары.
Қарт ана асығады Құрманды бір
Құшақтап, құса-шерін таратқалы.
Тотыққан беті күйіп желді күнге,
Бүгілген баяғыдан бел бүгінде;
Қашанғы ақ жаулығы қарқарадай,
Шапанның бір шалғайы белдігінде.
Жүрегін өтсе-дағы заң жаралы,
Кезінде жасымаған жан бар әлі;
Тілдесіп, бейтараптан сұрағанға
«Түрменің керек, - дейді, - жандаралы».
Айтып ол аты-жөні, ұлтын әрі,
Ілгері килігеді, ұмтылады;
Терезе тесігіне қолы жетпей,
Ызалы көмейінде үн тұрады.
Дауысы қарлығады, қалтырайды,
Кім одан бұл сағатта хал сұрайды.
Қазыны қапшығымен ұры әкетіп,
Біреуді біреу мұнда қамшылайды.
Әнеки ұры жігіт жалаң аяқ,
Барыңды сол алады жоламай-ақ...
Күні жоқ тыныш өткен ұрғызбай-ақ,
Аузынан аққан қанын жаламай-ақ.
Көрсе де неше түрлі сөлекетті,
Демейді ол: «Мені мұнда сор әкепті».
Қас пен кез арасында қағып өтті,
Алқаның азығын да сол әкетті.
Ақ шеше тарс түйіп сұр қабақты,
Ұзатты өз көзімен сұғанақты;
Адамның арын төккен - қайыршы күн,
Қарғысын ана тұрып соған атты.
– Ұры кім? Әр моланы бір ақтарып,
Тонайды өлікті де жырақ барып.
Біреуді біреу жеген заманада
О дағы өз парызын жүр атқарып.
Азап - сор ағыл - төгіл - «көк несібең».
Сұм заман!.. Қасиетті сол несімен?..
Баламды – бақытымды қазір маған
Түрменің іздетеді бөлмесінен.
Кім кепіл періште де қатты ашына,
Ит болып тәңірісін қаппасына?! –
Саралқа осынау бір ойға толып,
Қарады абақтының қақпасына.
Түрмеден шықты бір топ еңіресіп,
Қайғыны ондағымен тең үлесіп.
Сірескен екі сақшы ортасынан
Ашылды анамызға темір есік.
Айып па жақсылыққа жорып қалса,
Боздаса ботасына жолыққанша?..
Оқушым! Біз осыған ілесейік,
Алда тұр хикаялы жорық қанша!..
ҚАЙРАН ШЕШЕМ
Құлағы әлдеқандай ызың құшқан,
Кеудесін кәрілік пен құзыр қысқан
Саралға салқын кірді абақтыға –
Дозаққа адам соққан қызыл қыштан.
Іңгәлап темір тордың ар жағынан,
Қақсайды жаңа туған «зар-жақ» ұлан,
Терезе тесігінен қарғыс айтып,
«Су бер!» деп ұсынады маржа құман.
Мұнда да жатқаны ма халық өсіп,
Тұтқында туған бала халы нешік?..
Шыр етіп жерге сәби түскен үйдің
Аузында құлыптаулы қалың есік.
Қаз-қатар қалың есік құлыпталған,
Тұтқындар тұтқасында жұлып болған.
Кім білсін, қаңыраған қара пештер
Қай жылы ақтық рет жылып қалған.
Ешкім жоқ мұнда, сірә, жарық күткен,
Аспалы шырақтар да жанып біткен.
Теріскей терезеден қарар ма едің,
Күн көзі, қасиетті жарықтық сен!
Бұл орын жаралмаған бастан баққа...
Адамға ажал мұнда бас салмақ та..
Қарт ана қараңғыда осыны ойлап,
Үн-түнсіз өрмелейді баспалдаққа.
Ізетпен офицер де ілеседі
(Қаталдық оның ғана үлесі еді),
Неліктен ол бейшара оңашада
Жақсылық саған бейне тілеседі?
Оған да бататындай ана шері,
Оның да бір ғажайып бар әсері.
Байраққа, атаққа да алданбаған
Адамның осы қандай баласы еді?..
Жік-жапар бола қалды ол несіне?..
Кім кепіл бүйткені үшін өлмесіне?..
Ерекше Перовский тәдбірі деп,
Құрманның ол әкелді бөлмесіне.
Бір себеп мұның-дағы барлығына,
Өнердің кім бағынбас жарлығына?
Жақында жәйіт болды көнбейтұғын
Түрменің қаталдығы, тарлығына.
Бал болды таяуда бір таң атқанша,
Ішілді тәтті шарап, тамақ қанша?..
Отырды нөкерімен губернатор
Өзгені өз көзінен таратқанша.
Алдырды өнерназды әр халықтан,
Түстіктен, тау тараптан - Арқалықтан.
Әнші мен қанша биші құтқарылды,
Биылғы төленбеген бар салықтан.
Жоғары отырғызып төрге өзінен,
Генерал кеңес алды кербезінен;
Зайыбы оған айтты:
– Мұңды сазды
Даланың тыңдау қажет киргизінен.
Ол айтты ярмаркадан тыңдағанын,
Жұрт жинап бір домбыра тынбағанын.
Және де еске салды сонау жылғы
Жыртық бет жылқышының таңдағы әнін.
Шұлғытты жар талабы генералды,
Адъютант Орынборды он оралды.
Қаланың шетінде бір қасапшы қарт:
«Тұтқында отыр, - депті, - өнер алды».
Жазғызып аты-жөнін, түр-түсін де,
Беделi бөлек депті жұрт ішінде.
Қасапшы күрсініпті, тағы айтыпты:
«Жарықтық азат болып жүр түсімде».
...Ала көз, алпамсадай, қабақты жан,
Айдалып балға келді абақтыдан.
Дәм ауыз тисе-дағы «ішпәрадан»,
Ішілмей кері қайтты арақ бұдан.
Біреулер қызып алды жел-өңештеп,
Жабайы мұның жұрты, ел емес деп.
Ызғарлы тыйым салды Перовский
Күлгенге күпі - тонды келемештеп.
Генерал бейне жаны ашығандай:
Біледі - кімнің іште өші қандай,
Ол әсте, ақымақ болып жаралмаған
Өзгенің қайғысынан шошығандай.
Сөз берді домбыраға жыласын деп,
О да бір торға түскен лашын деп.
Саудаға көздің жасын салатұғын
Обадай осы да бір рас әдет.
«Танып қал, табиғатым, құлығымды!»
Ішінен түйді қазақ бұл ұғымды.
Шалқыта «Балбырауын» күйін тартып,
Шаттыққа душар етті ұлығыңды.
Қадала талай ұлық көп қарады,
Ызғарлы бұған деген леп бар еді.
Бір ғана бейтаныс жан ынтызардай,
Күйшіні сұқты көзбен жеп барады...
Құшқандай бүгін осы бір адам бақ...
Ол қайтсін құлақ - күйін бұрап, андап –
Шалқытты!
Шағаладай ақ сұлулар
Толқыды орындықта бұралаңдап.
Біреулер ибадатты ізгі сақтап
Жүзімді сабағынан үзді шақтап.
Бағзы бір чиновниктер өз бетінше
Қыздырмақ «мазурканы» қыз құшақтап.
Тағы да тәлкек етіп күй - шанақты,
«Жә, жетті, - деді біреу, - күй шарапты!»
Генерал баршасына оң қолымен
Танытты тәртіп деген ишаратты.
Әлгілер тағы жым-жырт игі жандай,
Қайсақтың қара дүрсін күш қандай?..
Генерал тыңдап қалды ілтипатпен
Тап қазір ол осыған ұйығандай.
Сол қолдың майысқаны жан жарыңдай,
Оң қолды жанығаны қанжарындай.
Дыбысты шеңгелінде шырқыратып,
Сынади аямай-ақ хан жанындай.
Дәл өзі сыры жұмбақ виртуоздың,
«Сен бәлкім бұзықтарды ертіп оздың:
Осынау өнер үшін қуылғансың,
Айтып тұр лапылдаған өрті көздің».
Генерал іштей мұны топшылады,
Сақалын, сары мұртын көп сылады.
Шапшаң да, шала тартқан темекінің
Түтіні көз алдында көкшіл әлі.
Тоқтатты шырқап барып қазақ күйді,
Ұлықтар бәлкім оны аз-ақ түйді.
Генерал жылы қарап жымиды да,
Бастатты басқаларға азат биді.
Не түрлі музыкада ұлы күйші,
Әсем джаз, айналады мұны биші.
Манадан ароматы арылмаған
Шалқыды шараптардың тұнық иісі.
Ұйтқыды ұзын залдың жұрты мықтап,
Люстра шырақтары жыпылықтап...
Бокалдар бар тараптан төнкерілді,
Ағзамның саулығына жұтылып қап.
Би бітті... Досқа басын дос иісті,
Әдеппен ашыналар қол сүйісті.
Тұтқыннан басқа жанның бар құшағы
Не түрлі гүлге толды хош иісті.
Бал бітті, қызып барып таңға жақын;
Алдыртты офицерлер шандоз атын.
Тарасты үйді-үйге бет-бетімен
Тамаша әнші, биші, маңғаз ақын.
Ит біткен осы кезде үрмесі ме?..
Үзілмей үміт шіркін тұр несіне?..
Айдауда кете барды - тірі әруақ
Өзінің түнейтұғын түрмесіне.
Ауыр күн өтерінде асыға ма?..
Оныңды дұшпан түгіл, дос ұға ма?
Есіктен ене беріп бір күрсінді,
Өнердің алған сыйы осы ғана.
Бекер-ақ жақсылықты жүрек күтті;
(Түсінде көкке шырқап жүр ед тіпті.)
Түрменің ботқасын да түгел жемей,
Сол адам содан бері жүдеп бітті.
Ағаштан жасағандай жонып ұста
Жадау жан азаттыққа қолы қысқа.
Айтпақшы, рұқсат бар туыстармен
Түрменің түкпірінде жолығысқа.
Сол ғана балдан алған рақымы,
Балдағы еңбегінің сірә, «құны».
Сол үшін кәрі ананы камераға
Түрменің бастап барды бір өкімі.
...Ал, міне, түгел ашық құлыптар да,
Ақ шеше, аймалай бер, кіріп бар да.
Шошынба!.. Шошығаның ауыр тиер
Қалдары кісендеулі кіріптарға.
Е, бәсе!.. Нағыз осы батыр ана
Ер жүрек тұңғиыққа батыра ма?..
Қашаннан білмеген ол тәтті сөзді –
Еменнің иірінде бал тұра ма?!
Дегендей: «Дерттен туған жақсы бала,
Тас - түйнек емшегімнен ақ сұрама!»,
Ұлының кісендеулі қолдарына
Қадалып, қатып қалды ақ сұр ана.
«Уа, құдай!.. Қобыланды, Қараман жол!..
Жинап бер шырағыма қарадан қол!
Шыдап бақ, шыт болсаң да мори көрме
Жағасын жендет жыртқан қара камзол!»
Сау шығар ішкі зерек сарай ғана;
Ол мұңға толды бәлкім... сан ойға да...
Апыр-ау, аз арада ақ кіріпті
Қап-қара сақалына, самайға да.
Кендірмен кебісін де ілгештеген,
Құдай-ау, қайда барып, бұл не істеген!..
Қаңырап қашықта тұр домбырасы,
Көршідей көптен бері тілдеспеген.
Перзенті без-ағаштың шарапатты!
Оның да үсті-басы жарақатты.
Үйге де үкім кесіп, түрме жасап,
Оған да жабатұғын жала тапты.
Сұр қазы сонау жайып тастағаны;
Бос емес мыс шәйнегі, тостағаны.
Бекер ме, айлар өтті десем мұның
Аузына адам дәмін тоспағалы?..
Білердей мүсіркене, толғана да,
Бар екен дос-жараны бұл қалада,
Жалғыз-ақ бұрынғыдай жанары жоқ,
Шаттығы бойындағы болған ада.
«Ер - нарым!.. Көзі неге бұлдырайды?
Масқара!.. Жасын төгіп бұл жылайды».
Қалайша қайран шеше бұған төзіп,
Баяғы бір орыннан бұлжымайды?..
Жоқ, енді түгесілді төзім деген,
Оңай ма үн шығармай өзін жеген?..
Намысты намазындай жоғары ұстап,
Ол қашан көз жасынан безінбеген.
Ер деген, нар дегені налып, күйді –
Басынан бастау керек әліп-биді –
Алқаның шарт дегізген шапалағы
Жағына баласынын жанып тиді.
– Жампоз деп бекер саған жар сұғынды,
Су неге жанарына жасырынды?!
Сарқып бер құдайыңа менен кейін,
Көрсетпе көзіңдегі жасығыңды!
Бір жолғы олжасындай қанжығаның
Медетсіз неге мұнша қан - жыладың?!
Жәргелтай жаман шора туған болсам,
Несіне қалжа тілеп қалжырадым?!
Апыр-ау, енді кім бар ақ бұған жақ?..
Болар ма ана сөзі ақтық азап?
Жоқ әлде «нар баласын қарпығаны»
Жанына бәлкім мұның жақты ғажап?..
Уа, ғажап!.. Көптен бері үні тынған
Бұлбұлым! Ұшандағы ұлы тұлғам!
Құдай-ау: «Баяғыдан бар екен деп,
Шапалақ әлдеқашан ұмытылған».
Әлгіде жау да сені батып қанша,
Күрсінді, көзің жасы ағып тамса.
Жан-шуақ, енді міне, жадырадың
Офицер кісеніңді ағытқанша.
Ал көріс!.. Бақыт әлі бар екен де...
Тағы сүй!.. Маңдайын сүй!.. Бәрекелде!..
Ал, енді жез иықты жендетіңе айт:
«Бекзатым, домбыраны бері әкел!» - де.
Отырып офицерге ол ымдапты,
Құдірет өз бұйрығын орындатты.
Түріңді екі жеңін жалды Құрман,
Темірдей білегі де оның қатты.
...Оқушым, сен екеуміз орашолақ –
Ұғарсың өзіне бір қарасаң - ақ...
Тыңдалық тыным алып енді біраз,
Сайрасын қапастағы қара шанақ.
«Қайран шешем!..
Қайран шешем!..
Сағындым!..
Жаңа бір сәт жанарыңа шағындым.
Көз алдымда күллісіндей бар болдың
Көк теңіздің, Ақ Жайықтың, Шағылдың!
Қайран шешем!..
Күзеткенің түгел ме?
Маған деген көжектерің түгел ме?..
Бел үстінде белгісі жоқ кешегі
Байғазыға көз еткенің түгел ме?..
Қайран шешем!..
Дүр сілкінер Жайық та
Дүбір бар ма, әлде бүгін ғайып па?..
Қан төгілген Бекетайда қызғалдақ
Қызыл - шақа алақанын жайып па?..
Қайран шешем!..
Жан емессің жүргінші!
Аялдашы, аз ғана бір жүгінші.
Жүрегімде саған деген сазым бар;
Қайран шешем!..
Қайран шешем!..
Ұғыншы!
Түсіндің бе түрмем қандай екенін?..
Қалғытпайды қасиетті мекенім;
Осынау бір ойшыл үйден несі артық
Пайғамбары ұйқыдағы Меккенің?..
Құдай емес мұндағы жұрт қожасы.
Еркін мұнда елдің шері, ызасы.
Тарауықтай тартылады осы үйде
Неше түрлі баһадүрдің музасы..
Қайран шешем!..
Білмейсің-ау музаны:
Ол осында атар таңның азаны.
Зындандағы зиялының аузымен
Ол кеседі патшаға да жазаны.
Мың оралса оң жағыңды, солыңды,
Мылтығың да тыя алмайды сол үнді.
Дұғамен ол шошытпайды жаныңды,
Көз жасымен қандырады шөліңді.
Илан,
Мені баяғыдай мен десең,
Соны тыңдап сағат сайын мен де әсем.
Ғибадатты түрмем менің тақауда
Түн жарымда түгесетін медресем.
Батаңды бер, баба қызы, жолға сал!
Мен де жұмбақ жүрегі бар жанға сан:
Намазшамда нағашыдан жар күтсін,
Жарым түнде еркіндікпен жалғасам.
Бақыттан көз жаза қойман!..
Іздеңдер! Енді қалған аз-ақ айдан
Іздеңдер! Қараңғыда көзге түссін көлеңкем,
Бір жарқ еткен нажағайдан іздеңдер!
Сазым осы, сор демесең, бақ десең...
Бұдан артық қандай тіл мен жақ шешен?.
Тамам болдым... Табысқанша тарықпа,
Қайран шешем!..
Қайран менің ақ шешем!
Домбыра сындырмалы, сым ішекті
Осындай оның ішкі сырын шертті.
Дәм беріп анасына абақтыдан,
Құмарта Құрманғазы шылым шекті.
Ол енді өзге сөзді қаламайды,
Сұрайды хан жайлы да, қара жайлы:
Дөңбайдың қазасына жиналыпты
Азғыр мен арғы шеті Қарабайлы.
Жан еді жүрегіне ыза толған,
Әбіл сот арақ ішіп, өзі атылған.
Атақты Мамырайдың Айжан қызы
Жайықтан арғы бетке ұзатылған.
Обадан отыз үйлі Ысық өлген –
Питерден ақ киімді кісі келген.
Басынан бекіренің у жайылып,
Безіпті балықшылар Кіші көлден.
Үпіден муфти келген көсем салып,
Биылғы бітір – зекет - өсім салық.
Азамат абыржыған ел ішінде
Бір-ақ жыл, өзгерісі осыншалық.
«...Айырып байды бастан, құлды ісінен,
«Жазымыш» жаңылмапты күллісінен;
Бекер-ақ бес уақыт сиындырған
Құдайға Құрманғазы күлді ішінен:
«Сен берме бақытымды, еркімді де,
Сыйлама сүйегімді, етімді де!» –
Ол қалды мұны ғана ойға түйіп,
Есіктен Алқа шықты екіндіде.
Қап-қара, қасіретті ішті мұздай
Түрмеден ана шықты түсін бұзбай.
Офицер есік ашты ең – ақырғы
Тұтқаға оның қолын ұсынғызбай!
Ол кетті оңашада бір қиялда –
Әлгі саз әлі шырқап жүр қиянда.
Құлағын түрсін енді құрсақ көрген
Не түрлі сұқпатты мен сұрқияң да.
Уа, ғажап! Ерен сазға ердің, ана!
Мұны жоқ мұндар адам елді ұға ма?
Көз жасын қасиетті омырауды
Түп-түгел жуып кетті енді ғана?..»
Тағы да талаушымен егескелі,
Ел тегіс көз алдына елестеді:
«Сахара, сары белді ата-мекен
Жалбызы жанып біткен емес пе еді?..»
Тағы да теңіз ұлын, тау ұлын да
Тыншытпас алдағы шақ - дауылым ба?..
Асылдың жерге сіңбес қаны болды-ау
Қызғалдақ қызыл-шақа ауылымда?!..
Шүкірлік!
Тағы шүкір ұрпағыма!
Ал, тақсыр, аямасаң,
ұр тағы да.
Үлесі ердің ғана жағалы жау,
Оған жоқ тәңірінің ортағы да.
Бұғаула, есігінің бәрін жап та –
Ол сатпас намысы мен арын жатқа!..
Бетінен бейуақытта қаны шығып
Сонау күн барып қонды Нарын жаққа.
Ол соған ұқсап бағар нағылсаң да,
Сарқылмай мен де күтем сағынсам да.
Арман жоқ алыстағы күмбезімді
Алдынан бұлаңдатса сағым сонда.
...Қалдырып жаны мәңгі жас ұлыңды,
Құпия шерттің осы жан сырыңды.
Қош енді жолықпасақ,
Қайран шеше,
Көзімнен ақ жаулығын жасырынды.
ҚЫЗЫЛ ҚАЙЫҢ ҚОНАҒЫ
Дүние күңгірт бейне шаң, тұмандай...
Апыр-ау, келер күннің шарты қандай?
Бір үйде Құрман жатыр құс төсекте,
Денесін өз қызуы шарпығандай.
Аздай-ақ өзегіне өрті мұңсыз,
Сөйлейді көзін ашпай ол тынымсыз.
Еңкейіп таң атқалы жастығына
Орыстың ақ сақалы отыр үнсіз.
Жатсынып сыры жұмбақ дәрігерді,
Оңаша таңсәріден дәрі берді.
Бір ғана тілегені:
«Сағырбаеш
Сауықса, алған емі дарып енді».
Науқастың кісені жоқ кесетін де,
Қылмыс жоқ жазғыратын, кешетін де.
Ол жатыр елестетіп әбігерді
Өткерген өз басынан кеше түнде.
Оқушым, қоспасы жоқ, мұны шын де,
Бейуақыт бейнет керек күн үшін де –
Әбігер болды кеше, тас қараңғы
Мұз - нөсер қатты жауған түн ішінде.
Ол түнде алай-түлей жел де күшті,
Байқады бір ғаламат жендет істі:
Түрмеден, сонау биік жоғарыдан
Салбырап жалғыз адам жерге түсті.
Назалы нағылмайды батыл барса, –
Жоқ болды алғаш мылтық атылғанша:
Қарауыл қараңғыда жан ұшырып,
Сабылды жаяуын мен атын қанша?!
Алдырған неден, сірә, тайсалады? –
Біреуге біреу дереу ой салады;
Жасақтар төңіректі жарқылдатып,
Өкпең де тінтіп жатыр сай-саланы.
Көкке де от тізбегі сорғалады.
Аңдыздап аташ біткен ырғалады.
Қолдағы факел жанып құрығанша
Қуғыншы көзін ашып бір қалады.
...Тағы жоқ... Тағы нөсер тас қараңғы;
Торлады жан-жағынан тас қамалды.
– Ол қалай осы тұстан ғайып болды?
– Жер жұтты?.. Әлде соны аспан алды
– Қап бәлем!.. Оққа жанын болса құмар...
Көрерміз... Анық тауың бір шағылар...
– Қарашы тәңірінің жаңбырын да
Көзіңді ағызардай бұршағы бар.
Бұлайша айғай салып атырапқа,
Қарауыл қамшы басып жатыр атқа.
Ал, сонау қызыл қайың бұтағында
Оранып қашқын отыр жапыраққа.
Қайыңның қашқын бүгін өз қонағы,
Жат көзден жалғыз оны қызғанады.
Басына бұл ағаштың ұя салған
Бір кезде Мұғаджардың мұзбалағы.
Осы адам Атырауда тірі қалған
Бүгін сол батыр құстың бірі болған, –
Бұл-дағы тас қараңғы жоғарыда
Шеңгелдеп қу тұғырды бүріп алған.
Ат пен оқ баяғыша ұшқыр әлі
Төменде ажал мейлі ысқырады;
Қырандай асыл адам қиялына
Жапырақ жамырасып іс қылады.
Бәрі де көбелектің қанатындай,
Енді-енді ер үстіне қонатындай;
Көрінсе жасырғаны жат көзіне,
Күллісі қазір өліп қалатындай.
Сыбырлап жапырақтар құлағына,
Құпия сыр айтады қонағына:
«Армандай биік шырқап кетті дейді,
Бүркіт те бұл ағашқа қона - қона».
Ол құста осал болып жаралмаған –
Тұзақшы тұғырына бара алмаған.
Темір тор, түрме ғана салынған соң,
Ер сұңқар енді қайтып оралмаған.
Орын жоқ, жерде бәлкім оған әлі,
Қалайша оны көктен оқ алады?..
Тірлікте шырқау үшін, бұл арадан
Асыл зат, әне солай, жоғалады.
Біржола безбес еді ол да кеше
Азғындар: «Ажал оғын ал!» демесе;
Бұл сырды қараңғыда қайталады
Құлаққа қызыл қайың әлденеше.
Әрине, кету керек бұл арадан,
Өрт қойса, бәйтерек те құлар одан...
Қош енді қасиетті қызыл қайың,
Жақсылық өзіңдей - ақ қылар адам.
Үмітсіз қуғыншылар тынышталған –
Оларға сиынардай жұмыс болған;
Ертең-ақ сөз кетеді ел аузында
«Бұл үшін шайтан менен жын ұсталған».
Қуғыншы дейтін шығар: «Дала бездік,
Шапқылап түні бойы қала кездік».
Ал, мұнда кісен ашты кешегі бір
Қалашқа жасырынған қара кездік.
Манағы қуғыншыға жол ашпаған
Қатулы қара нөсер толастаған.
Оған да айтылады: «Пәруар деп,
Бақытын бір адамның тонаспаған».
Қайыңнан қашқын төмен сырғанады,
(Одан да аңыз болып сыр қалады) –
Түн бойы етке тиіп еріген мұз
Жыландай суық күйде сорғалады.
Ол кетті сол бетімен қала жаққа.
Жолшыбай ұшырайды әлі азапқа:
Денесі қалтырайды... Қатал тағдыр
Тағы да одан өшін алашақ па?!
Баршасы денесінің дірілдейді,
Дыбысқа құлағы да түрілмейді.
Мұз бұршақ түні бойы тоңазытқан
Жотасы уқаласа тірілмейді.
Жотасы жұдырыққа тірілмейді,
Көйлектің жағасы да бүрілмейді.
Зіркілдеп қатты ауырған зілді басы
Қай жаққа қараңғыда бурыл дейді?!
Ол болды ер бұрышқа қағытылған, –
Қаңғиды. Көздің алды тағы тұман.
Түзейді бейуақытта бетін қайта,
Жаңылып жаңа ғана бағытынан.
Апыр-ау, жаудың түспей қақпанына,
Ерлікпен осы ғана тапқаны ма?..
Осы да алыс шырқап жөнелетін
Мұғаджар бүркітіне тартқаны ма?..
«Бақытқа кең ашармын есікті де», –
Деп еді Шынымен-ақ кешікті ме?..
Баяғы бала кезде теріп жеген
Бұршақ та бүгін бұған өшікті ме?..
Осы ма өз қолымен жасағаны
Тағдырдың бұғауынан босағалы? –
Досының ене беріп есігіне,
Құшақтап қатып қалды босағаны.
– Жарқыным, көгершінім тірісің бе?..
Бұған да жауабы жоқ тірі сүлде...
Төрдегі төсегіне жеткізе алмай
Ентікті егде кісі түн ішінде.
...Жылынды жаны кеткен жалаң аяқ,
Қымталды бар денесі баладай-ақ.
Ақ пейіл ата кісі жаны қалмай
Қасына әлденеше барады аяп.
Осы еді оған туыс сол күндер!
Суретші Лавочкин сүргіндегі.
Құрманға құпиясын ашқан өзі;
Түрмеде айтылмайды сыр кімдегі?..
«Тыншыға құпиямды түсін!» - депті,
Патшаны тәлкек етіп мүсіндепті.
Сол күні ұсталыпты... содан бері
Өмірі абақтының ішінде өтті.
Өсірген өжет қылып жүрегін ой,
Шіркін, бұл абақтыға жыр еді ғой!..
Мұны жоқ құдіретті мұның ғана
Қасында көтеріңкі жүреді бой.
Түнімен түгесілмес сыбыр көбі
Баршаға бағышталды Сібірдегі.
Не ғажап өлеңдері осы кісі
«Оңаша сусыныңа сімір», - деді.
«Дариға - ай, орысшаның түбі терең!..
Ер өлең, еңіреген жігіт өлең.
Жеті қат мағынаңды жетіп ұқсам
Жүз мәрте жүрегімді жібітер ең!»
Осынша Құрманғазы опынатын,
Сонда да соған өлең оқылатын.
Ақсақал аңызды да неше түрлі
Ұзақ түн ұғындырып отыратын.
Ол әсте таңды тегін атырды ма,
Ол «сусын», ішер асты батырды ма?
Сыр қылып сыбырлайтын осы кісі,
Балтаға басын тосқан батырды да.
Асылдың айнымасқа серт етуін
Бұл адам бұғып жатып шертетұғын.
Бұл адам тауып алып ағытатын
Басынан жүрегінің шер тетігін.
Елі бар мұның Еділ іш жағында,
Біреу тұл, біреу онда ұшпағында.
Жартылай кеше ғана босатылып,
Қалды бұл Орынбордың пұшпағында.
Осынау абзал кісі ақсақалды
Ау жамап, күн көріске мақсат алды.
Алданыш қорадағы алмасымен,
Мәпелеп баласындай бақса талды.
Паром да жүргізеді кешкілікте;
Тыңшылар жол таппайды еш күдікте,
Сүгірет жұрт көзінше салынбайды,
«Ықылас бітті, дейді, ескіріп те».
«Көнеріп қалды дейді, көз бүгінде»,
Астыртын бояуларын езді күнде.
Осы ғой кешегі бір жексенбіңе
Қалашқа тығып берген кездігін де.
Не түрлі көрсе-дағы қазаматты,
Осылар құрметтейді адам атты.
Бұл ғана империя бұғауынан
Босатып алып отыр азаматты.
Ал, бірақ, кім үрейден қазір ада?..
Адамға өзінше бір құзыр о да, –
Сощиктен Лавочкин сескенеді
Оңаша қорадағы құжырада.
Сол үшін Лавочкин осы күнде
Сыртынан құлыптайды есігін де.
Он сағат Құрманғазы оянбады
Баладай балбыраған бесігінде.
Ел жата көзін ашты шошығаннан,
Құтылды «қара жылан шоршығаннан»,
Ақсақал дәм үстінде басын иіп
Ұсынды осыған тұз, осыған нан.
Болар ма бұдан тілім оқымасқа? –
Нан мен тұз пәрмен дейді бүкіл асқа.
Сергиді Құрманғазы, екі көзі
Бір тойды төңірекке, ықыласқа.
Қоянның ақ сорпасы бұрышталған
Будақтап бұған келді бір столдан.
Тағамның танымайды бағзы бірін,
Алдына неше түрлі ырыс толған.
Табақта қазақ білген «отуарнай»,
«Жапырақ» жасан қозы отығардай.
Ликері мадьярдың шамға таяу,
Оның да жанып тұрған оты бардай.
Таңырқап қарай берді қонақ ұдай;
Бұрышта жарқырайды «дана құдай».
Бар жиһаз қозғалмайды -
аспан жерге
Түспейді төңкеріліп манағыдай.
– Азатпын, кісендеп кешегі мен...
Өзгенің мазағы мен есегінен! –
Ол солай ашып тастап омырауын,
Көйлекшең атып тұрды төсегінен.
Биікте бір ғажайып сахнадан
Сөйлеп тұр өзі бейне ақын адам;
Ағат та жібереді айтпағынан,
Сұрама бұл сағатта ақын одан.
– Мен, дейді - қарап алға, артыма да,
Бас идім бүтінге де, жартыға да, –
Тарбақа сасық көлде шуылдаса,
Азғынның өсегінен артық о да.
Ал, бірақ, әлимсақтан түбі зирек
Дұшпанның азаматқа көбі керек.
Қолпаштың ортасында құдай атып,
Оларсыз түк бітірмей, көмілер ек...
Құмартпай олар саған жолыққалы,
Айқастан бар ма, сірә, жалыққаны?..
Бетіңде қаның бекер ойнағанша,
Жақсы ғой жүрегінде жаныққаны!..
Үлкен жау жақсылықты сездіреді,
Үлгерсең ажалыңнан бездіреді;
Айқаста құдіретің асып түссе,
Ол ғана шықшытынан ездіреді.
Өмірде оңға, солға із кетеді;
Түспейсің жоқ қарамай ізге, тегі...
Ал, сенің алыс досың алыс жүрсе,
Жау ғана соны соған іздетеді.
Міне, мен солай таптым асылымды,
Өзімнің өзегі бір нәсілімді.
Заманым! Өлгенімше қарғамаймын
Әзелден маған жаны қас ұлыңды.
Жау маған істеп бақты жат қылығын,
Ұмытпан оның осы жақсылығын...
Айнымас еті қапы жүрегімде
Ескірмей оған деген жатсын ұғым.
...Ағатай!.. Не деп барам?.. Түзікпін бе?
Қиял да құбылады қызық күнде.
Қарашы, білегімде ізі қалған,
Тастаппын кісендерін үзіппін де.
...Ем - дәрі?.. Қоя тұршы оны ұсынбай
(Ертең-ақ емделетін өрісім бай...)
Одан да құшақтатшы... Сағындым ғой
Сары бас Самардағы орысындай.
Науқас жан айтты мұны ентігіп-ақ
Ойда жоқ ендігі сор, ендігі бақ, –
Түкті де елемейді енді көзі,
Түкті де естімейді енді құлақ.
Жармасты жаны ғашық қарындастай,
Тынбайтын көкірекке жалын баспай...
Қапсыра құшақтасқан екеуінің
Құшағы енді қайтып айырылмастай.
Мезгіл жоқ ауруға да ентігетін,
Жөн де жоқ сабыршылық етілетін, –
Теңіздің тентек ұлы сүйе берді
Алмадай ағасынын екі бетін.
ЖАТАҚТАҒЫ ЖАҚСЫ КЕШ
Қашқынның тірлігінің жөні - ақ осы:
Берілді бейуақытта қонағасы.
Әйгілі құжырадан жоғалу шарт,
Ұзатты таңға жуық оны ағасы.
Сықситып аша берді көзін оған
Жатақтың жаман үш құжынаған.
Осында бала туып, баба кетіп,
Осында жігітше қыз ұнаған.
Осында домбыра да шертіледі,
Осында көз жасы да сүртіледі.
Әзелден қайырымды қазақ - ата,
Ол қашан өз ұлына сор тіледі?..
Құшады онда күйші, ақының бақ,
Жатпайды «жасыр!» деген ақылыңды ап.
Қазір-ақ жеткізеді махаббатын
Бір құлақ бір құлаққа ақырындап.
Жатақтың жаппасы мен тамасы «бай»,
Жамаулы қазаны мен табасы май.
Жылудан жиналады көлігің де
Ақиқат бола қалды тап осылай:
Тынбады жатақтағы жақ сыбырдан,
Арпаға ат байлады жас тұғырдан.
Қара мұрт қасапшының жер үйінде
Қадақтан жазылғанша жатты Құрман.
Бойынан пұшпақтағы пәлен көше
Кәрі-жас оған келді сәлемдесе.
Маңдағы тәуіптер де мадақталды
Ақ, қара жабағымен соны емдесе.
Әжелер ала келіп сыбағаны,
Қолдарын қолтығына сұға алады;
Сырғалы ақ келіндер енесінің
Сыртынан әлденеше сығалады.
Жұпыны пұшпақтағы өңір енді
Астыртын күн де болып күңіренді.
Осылай жадыраңқы өтіп жатты
Күздегі сүмбіленің күні реңді.
Естіген ел де мұны бір жұмада;
Нағашы қарық қылды қаржыңа да;
Әуестен сыбаға мен киім келді,
Екі бас жіберіпті қоржын о да.
Жас күйші Ерғалиға Құресінен
Бір сәлем барып еді кірешімен.
Алдында ұстазының о да келіп,
Жүгініп отыр енді жүресінен.
Оның бар жетегінде бозы белді,
Бәйгеде запы қылған озып елді.
Мәтіғұл акылымен Кенже балуан
Өнерлі қызын алып өзі келді.
...Бөбектер бұғып жатып жол қараған,
Есік, төр түгел толып болған адам,
Айтулы «Сәрсенбінің сәті бүгін»,
Құрекең аттанады бұл қаладан.
Қай жаққа?..
Кіндік кескен жеріне ме?
Сыбағаң онда тыныш желіне ме?..
«Тағы да баяғыша Нарындағы
Күйкентай, күшігеннің жеміне ме?»
Мәтіғұл нағашысы ақыл еткен
«Қауышпақ бұйырсын деп ақыреттен»
Қаншама бұған дейін бөтен елде
Күйші мен күңіреніп ақын өткен?..
Ол енді арғы бетке өтер жатқа,
Әр кеуде Төремұрат, Өтен жаққа.
Хандықтан, Қарабаудан ауып барған
Ол жерде бұдан өзге бөтен жоқ па?..
Ер десе қабыл етер екі мықты,
Осыған көңіл тоқтап бекініпті.
Бүгінгі ойдан-қырдан бас құраған
Ел оның енді қайтпас бетін ұқты.
Құрметтеп қалу керек; парыз осы!
Ең ақтық қонағасы - қарыз осы... –
Бір ұлық қоштасуға келеді деп,
Жатақтың жүгіріп жүр кәрі, жасы.
Ұқпайды одан өзге түгіңді де:
Кеш жақсы кешегідей бүгінгіде,
Бөлмеден бүйірдегі Дина шығып,
Үкілі басын иді, бүгілді де.
Кенженің Дина қызы нұр - шұғыла;
Күллі көз қарай қалды бір сұғына.
Өзгеден іркілмейді өжеттігі
Әлде бақ, әлде өзінің қырсығына.
Еркінше екі бұрым салбыраған,
Шашбауын алтын оқа сан бұраған.
Қос - етек шәйі көйлек, сауыр ерік,
Құндызы басындағы сән бір оған.
Қызыл тон бір иыққа бос ілінген,
Қос анар қолдан бейне өсірілген.
Болмашы күлкісінен күн шығады;
Перизат, не табарсың осыныңмен?!
Адамда кездеседі келбет алуан,
Сонда да өнерліге кім жете алған?.. –
Атана қолыңды сөз, балам, - деді
Төрдегі қыз әкесі Кенже балуан.
Ондайда оңдырған ба жүрек бізді? –
Жұмсақ қол ата жанын дір еткізді.
Әдейі Құрманғазы солғын тартып,
Көзінен көркем қызды бір өткізді.
«Апыр-ау, - дейді Құрман үн шығармай,
(Сескенді ойын табар тыңшы бардай) –
Ғаламда бір ғанибет жан болыпсың
Місіңнен жаман еркек тұншығардай.
Әмісе, құс келе ме жылды құртпай?..
Мен неғып кейінгіні жүрдім ұқпай?..
Кеп-кеше қоян жылы көргенімде
Сары бас сәби еді жұдырықтай.
Өлең мен құмар еді күйіңе тым,
Ерке қыз ер балаша киінетін.
Әкенің бәкісінен ала қашып
Жұлып жеп отыратын киік етін.
Сар тентек «сақау» еді ол көрінген,
Қалай тез оған әсем өң берілген?..
Өзінен үлкен еді домбырасы,
Күбідей шанағы да өңгерілген.
Ақыры Айжан қыздың жалғасына
Кез болдым... Оны біреу алғасын да...»
Төрдегі Құрманғазы төмен қарап,
Осы бір ойда қалды алғашында.
Одан соң құлақ түрді ел сөзіне,
Аз сөйлеп, (кезегі бір келсе өзіне);
Термесін ақын шалдың азырқанды,
Өмірді одан гөрі кең сезіне.
Ақшамда «Ақ желең» мен «Үлпілдекті»
Ыстықтың тамырындай лүпілдетті.
«Бес қыздың бел шешпесі», «Балдыз» күйі
Жүректен жұлып алды бүкіл дертті.
Әзелден Құрман күйі таза, шыны...
Жетер ме оған сірә, сөз асылы?..
Ұстазы кезек берді, –
безілдетті
Ерғали екі дүркін «Бозашыны».
Енді күй тартпақ еді қыз мәністі,
Ел кенет ауыз үйде қозғалысты. –
Ал, келді ұлық мейман, - деді біреу,
Қадалып есік жаққа көз қалысты.
Қорада сүрінтер деп қамыс, қоғам,
Қасапшы босағада шам ұстаған.
Ізетпен ішке кірді екі мейман
Бұрын-соң бұл қауыммен таныспаған.
Алдында Лавочкин күлімдеген.
Бешпеттің түймесі де ілінбеген.
Ол қызық ауыз үйден бір баланы
Қолына көтеріп ап «ұлым!» деген.
Есікке төрдегінің бәрі ағылды,
Шашақты кәмпит ұстап бала күлді.
Шешесін көрсетеді әлгі сәби,
(Шешесі-ай, жисаң нетті балағыңды?!)
Қасында Лаушкенің ұзын адам,
Алмайды Құрманғазы көзін одан.
Баршасы жарқылдаған киімінің
Әскери кеңсе басы қазынадан.
Ол-дағы Құрман қолын босатпайды,
Күледі, сыбырлайды, құшақтайды.
«Анық дос адам болған» деген жұрттың
Сенімін осынау бір кісі ақтайды.
Танып тұр Құрманғазы сырт мінезден:
Бай емес, байғұс емес жоқтық езген.
Осы еді-ay баяғы бір бал кезінде
Қадала қарай қалған сұқты көзбен.
Оқушым! Есіңе алшы ставканы, –
Баяғы қатты жабық іш қақпаны...
Бар еді-ay хан қолынан осыған да
Қашқынның сүгіретін ұстатқаны.
Сол осы журналист, ақының да,
Аңсап бір жолығысты ақырында;
Патшаның сеніміне сені сатпас
Мұнда бар өзгеше бір ақылың да.
Василий Савельев парасатты
Ұғады келешекті, қалашақты;
Қозғайды тарихынан қазағыңды,
Қыпшақты, сонау арғы қара сақты.
...Сақтатты бүгін бұлар ережені, –
Қымбатты қырық жамау терезені.
Ет, шайдың ермегімен осы түнде
Сөз болды, қара жөні, төре жөні.
Сөз болды оң сапары күйшінің де,
Арғының, арғы шеті үйсіннің де;
«Сыбантау», Сырдария гүлдерінің
Ашқандай көкіректі иісі мүлде.
Ескертті Савельев қалжыңын да
Жатқанын жолда тегін қаржының да, –
Сарыарқа, Алмалытау алыс, - деді,
Айтулы сапарынан қажының да.
Сонда да, Сағырбаеш, өз елінде
Саған дос сары белің, өзенің де;
Саған дос әрлесе қарақшы да,
Сөз қылмақ мақұл емес о жөнінде.
Пейіл бар пейіштей кең, тарыңқы да,
Танып қайт, елдің қызық тарихы да.
«Құла тұз» көрсетеді құдіретін, –
Жатқан жоқ жалпақ елің, бәрі ұйқыда.
Өнері, шабыты бар, арманы бар
Алдында түйелі бар, арбалы бар,
Жаяу бар әкім тартып атын алған,
Намыспен соған соқпай ар нағылар?..
Аңыздап әз баланы, хор қызын да,
Алдыңнан шығар әлі қобызың да;
Көрерсің,ереуілде ел құдай ма,
Жоқ елде жоғарының қолы ұзын ба?..
Өзіндей бұл өлкеде асыл үнді
Көрерсің көші қалың нәсіліңді;
Ұйқысыз тымақтының құлағына
Құярсың қасиеттеп асылыңды.
Өткізбе елден бөлек еш күніңді,
Мерт болсаң, кең далаңа кеш құныңды;
Тағылым ет күні кеше Еділ өтіп,
Еліңе жалғыз келген Пушкиніңді.
Әттең-ай!.. Еуропа аспабында
Бір хабар біліммен көз ашқаныңда,
Тағы бір жанбақ еді бақ жұлдызы
Музыка әлемінің аспанында.
Қайтерсің, бір серігің - өкінішің...
Сонда да алтын ғасыр өкілісің.
Бақыттан, қуғыннан да сыбағалы
Бір өзің тәңірінің екі ұлысың.
Осымен Савельев сөзі бітті,
Жатақтар жан түкпірін сезіп, ұқты.
Тағы да Лавочкин насихаты
Сағаттың бағдарына созылыпты.
Ол айтты:
«Іс қыларсың өзің біліп,
Ең соңғы қалайтыным - төзімділік,
Ыстықсың, ұрымталсың... еске сақта
Салмайды ел ішінде езің бүлік:
Кездесе білгенің шарт зұлымдықпен;
Абзал ғой оның тастар зілін күткен...
Өртке де өзің барып түсетұғын
Айың мен әлдеқашан жылың біткен.
Құрметте жыланның да іс - қылығын,
Үрейден туған оның ысқырығын.
Сен әсте сезіміңе ұйқы берме,
Дұшпанды өзінен де ұшқыр ұғын.
Оны қой, айта берсек әрідесін
Талантқа тату, араз - бәрі де сын», –
Ден қойып мынау сөзге Құрманғазы
Иықтан бір сипады кәрі досын.
Ішіп, жеп аяқтады қонақ асты,
Кеңеске елдің бәрі құлақ асты.
Тартылып тұңғыш рет «Қызыл қайың»,
Күйшіміз аңыз етті сол ағашты.
Күйшіміз әңгімені ағытты да
(Сөз соңын отыр екен бағып бұ да);
Өзінің жүрегіне өзі үңіліп
Көпсінді бақ жұлдызын, бақытты да.
– Неғылған бақыт, - деді, - жапандағы,
Шабыт та шариғатқа жат ондағы.
Білімнің қасиетті бұлағына
Түсімде бір шомылып жатам-дағы...
Күймемен Парижға да жетем жарқын,
Дос қылам тілі, салты бөтен халқын;
Ән-күйін өнегелеп Римнің де,
Түсімде мұғадарсыз етем бәлкім.
Түсімде хан да күтер жары жолдан;
Өңімде оның маған бәрі жалған.
Өңімде өз бетімнен айнымасқа
Адаммын ана сүтін қарыз алған.
Байқасам, бал жинаған арадаймын,
Армансыз қазақ елін аралаймын;
Бәлкім мен бір ауылдан шалқып өтсем,
Бір тұста жүрегімді жаралаймын.
Уақа жоқ, оған-дағы разымын,
Тыңдаймын сахараның біраз үнін.
Бастары бірікпеген ағайынға
Айтылмай базынам мен жүр әзілім...
Ал,шырақ!..
Ажыраймыз, Дина шырақ!
Көңіл аш, күйіңді тарт сен азырақ.
Жатады адам түгіл жазғытұрым
Жөңкіліп Жайықта да сен ажырап...
Жолыма жоралғыны әпкел, істе!
О Heci?.. Жылай ма екен ақ періште?!...
Қолында құдіретті күй тұрғанда
Байлық па «атан алып, ат беріс» те?
Танытшы талантыңды жөнелерде,
Манадан сусап отыр ел өнерге.
Тыңдасын ата, құрбы, мейманымыз,
Тыңдасын жас келін де, енелер де!
Қоштады мұның сөзін төр мен есік,
Сырттағы өзгелер де өрмелесін,
Босаға боз ағашы сықырлады
Дауыстар: «Сау бол, сабаз, өлме!» - десті.
Дина қыз бойын дереу тік ұстады,
Мықтының місінен де ығыспады.
Бірден-ақ тамам көзді тартып алды
Пернеге саусағының жұғысқаны.
Әуелі құс дауысын сұңқылдатты,
Одан соң күйден шықты күлкі қатты,
Одан соң біле алмадым, көк теңіздің,
Шулаған жағасында кім тіл қатты!..
Дүбірлеп құлан қашты, аң қашты да...
Осынша ойқастады алғашқыда.
Бір сәтте осы қыздың «Дәурен» күйі
Жөнелді арманымен жалғасты да.
Жұрт тегіс жаны жоқ бір мүсіндердей
Көбінің көздері де кішіргендей.
Жалғыз-ақ теңселеді Құрманғазы,
Қайыққа соны біреу түсіргендей.
«...Қайтеді, мынау бала өртене ме?..
Осынша қиялдайды ерте неге?..
Әлден-ақ қыз дәуренін қызғана ма
Кеп-кеше түк білмеген ерке неме...
Торғайдай жаны қалмай шырылдаған
Бір сарын ұқтырады сырын маған.
Апыр-ау, дүние малға сатыла ма
Сеніңде шекер-балдай шырын баған?!
Еріксіз шымылдыққа енермісің,
Сен-дағы бүркенумен сөнермісің?..
Бір жола қош айтысып жоғалар ма
Бос мойын балапандай өнер-құсың?!
Апыр-ау қызыл гүлдей семермісің?..
Ұшқындай бір жарқ етіп сөнермісің?..
Жо-жоқ,
шырақ! Әкең балуан – өнер досы,
Сен оның құдіретіне сенермісің?..
Ешкімнің ол бермейді мазағына;
Аты паш Атыраудың қазағына.
Әкеңе басынан-ақ жолдас емес,
Байлық пен кедейшілік, қаза, күнә.
Айжандай бақ, дәулетке жүгінбейсің
Жасып та, өзге қыздай бүгілмейсің –
Үкілі бөрік бастан ауа берсін,
Ертең де жарқылдаған бүгін дейсің...
Ақ жамбы желінбейді тот та қонса,
Жүлдені бар алынбаған топта қанша?!
Сахара сандуғашы болармысың
Жүрегін тозып барып тоқтағанша?!
Талай бар, ендігі қыз түлеп сен ше,
Шынардай шыны бойы тік өскенше!» –
Аңсады Құрман булай алдағыны
Ақ Дина «Дәурен» күйін түгескенше.
Шалқыса Құрманғазы, өріс тар ма? –
Қыз күлді ақ саусағын ол ұстарда;
Ақыры бет сипады; салтты бұзбай
Қол жайып, бата қылды орыстар да.
АРМАН АҒЫСЫ
Кейінде сәрсенбіде Жайық қалды;
Кең дала етек-жеңін жайып салды.
Қасқа жол қайқаңдайды белден белге
Ұқтырып өткен-кеткен жайыттарды.
Бұл жолмен бақ-талайын сынасқалы
Сағызға, Жем бойына кім аспады?..
Батырға, кірешіге, торғыншыға
Оңаша ортақ мұның күн, аспаны.
«Қош!» айтып кейіндегі қалың жұртқа,
Бұл жолмен жылап асты қалыңдықта.
Біреуі сорлы қыздың сонау белге
Депті ғой: «Оңашада қанымды ұртта!»
Белгісіз жылдарының саны маған;
Жел ғана соны жоқтап сарнаған.
Қасында қарақшының құлпытасы
Ит өтті әлденеше сарып оған?!
Ал, мынау кімнің ісі?.. Ер ісі ме?..
От жаққан үңгіп барып жер ішіне.
Ұқсайды ұры тентек пісіргенге
Бедеудің етін орап терісіне.
Біреудің кө жасына қарамастан,
Жиіркенбей жеген қанша арам астан?!
Қылыштың сынығы да қыр басында
Адамның сүйегімен араласқан.
Қай заман, қанша жерге қан ағыздың?
Өшпестен бәрі жатыр қаралы іздің.
Қалбаңдап сол төбеде әлі де жүр
Екі рет жүз жасаған қара құзғын.
...Неше күн жортып келіп, ат шалдырып
Шапанның тұйығына жатсаң кіріп.
Бұл жолда бұдан да көп ой келеді,
Кетесің тағы-тағы шапшаң жұрт.
Тағы да некен-саяқ ел кересің,
Кез барда қоналқаға үлгересің.
Ақырын таң намазда қош айтысып,
Тағы да қарияға қол бересің.
Тағы да түні бойы қутыңдаған,
(Нағашың, жездең болып күй тыңдаған),
Ала аяқ қалады ұйықтап, төсегінде,
Үргенмен естімейді итің де оған.
Не керек оған, сірә, сенің өзгең?..
Сонда да ел жақсы ғой сері кезген:
Тағы да түйе сауған жас келіншек
Таң ата ұзатады сені көзден.
Сендей сол Құрманғазы жалғыз атты;
Жолшыбай күй де шертті, жамбы да атты.
Бәрі де «көз оқытар, көңіл ашар» –
Жемейді жалғыздығы жанды қатты.
Астында бәйгі бозы бұлаңдаған,
Қиналып, аса шауып буланбаған.
Сыншылар мойнын көрсе жануардың
Аққу мен ұқсатады жыланды оған.
Көргенде үлкен, кіші – тілесе кім –
Бір бөлек сөз қылады тілерсегін.
«Мініскер емес» деді бір «сәуегей»,
Ол қалай саған бақыт тілер тегін?..
Сатсын деп саңлақ атты ол шенеген;
Сұқ кезде тілек те бар өлсе деген.
Адам аз жануардың сағағы мен
Қарыстап омырауын өлшемеген.
...Жолаушы күзектегі ел ішімен
Ұзады, аттанбады желісінен.
Ат бүгін пысқырады: сұрапылды
Сезгендей қоңыр суық жел ішінен.
Батпай-ақ күннің көзі өшті бұрын, –
Қалың бұлт қарауыта көшті қырын.
Аспанның жабығынан жарқыл ойнап,
Төңірек тұнжырады кештіқұрым.
Маза жоқ қара құс пен қырғауылда;
Соғар ма мұның арты мол дауылға...
Күндік жер әлі бұдан Төремұрат,
Қону шарт сонау шоғыр малды ауылға.
Апыр-ау, сонау әйел безектеген, –
Асығыс ала қаппен тезек терген...
Бейшара, нағылса да, біреу болды-ау
Басынан бар қызығын тез өткерген!
Адам ба жат есікті жесір ашқан?!..
Айып па ұрғашыдан жөн сұрасқан?..
Қалайша қорқытпайды бейшараны
Найзағай, қарауытқан жол, сұр аспан?..
Жолаушы солай кетті ұғысқалы.
Үрейлі әйел еппен ығыстады;
Тақымнан қара шолақ мылтық көріп,
Қос қолдап жағасын да нық ұстады.
– Жарқыным, қорықпаңыз!..
Залалсызбын... Ісі ғой оңашада ол әлсіздің...
Барар жер, басар тауым - алдым ұзақ;
Жөн сұрап өзіңізден алам сіздің.
Рет жоқ түсіңізді түк бұзатын...
Адаммын ақтан туған түпкі затым...
Ол бұлай айта түсіп... Ат тоқтады...
Жап-жақын аралары... Тіпті жақын.
Шықпады діңкелерін құртып үн де,
Жүректің не ғаламат тұр түбінде?!
Ала қап сылқ етті де, жерге түсті,
Келіншек бір қақпады кірпігін де.
Әлі тұр... Әлі көзге көз қадалған.
Бірі жоқ қарашығын қозғап алған.
Осы еді-ау асыл тоты;
оны кеше
Алыстан ұзын қолын созған алған.
Алдамшы бақыт кеше аялаған,
Енді не?.. Қатал тағдыр аямаған.
Секірді Құрманғазы аттан оқыс,
(Алдында кім тұрғаны аян оған).
Бұлайша түспес болар әркім аттан, –
Шылбыр да алынбады арғымақтан.
Денесін Құрманғазы дереу жиды;
Намыс пен оны жерге ар құлатқан.
"Тізерлеп қайта тұрды, қарманды да,
Жер - ұшық - деді саған арналды да,
Келіншек ұшып келді қанаттыдай
Жүректе жүрген бәлкім арман бұ да.
– Қыз Айжан!
– Құрман аға!
– Асыл Айжан!
Мақшарда табысар ма осылай жан?
– Ағажан! Абзал еді пейіш десең...
Өңім бе?.. Сорлы басым, осыны ойлан...
Нұр жауды, Құрман аға, үстімізден;
Әнекей, жарқыл жақын ұшты көзден.
– Иә, сәулем! Қатты жаусын қара
жаңбыр,
Көз жазып қала тұрсын күшті бізден.
Иә, солай!.. Бағымызға, заты солай, –
Аспанда ғаламат боп жатыр талай.
Жаурасаң, сағынышым сая болсын,
Кел! Аттың ығына кел жатырқамай!
Көргем жоқ көк пен жердің әмірінен
Мұншалық мүсіркеуді өмірі мен! –
...Өзіне тартып алды оны Құрман
Шапанның орын беріп өңірінен.
Паналап иектің астын, қолтығыңды,
Жаңбырдан, найзағайдан ол тығылды.
Оның да ыстық демі төске тиіп,
Жүректі бұл жалғанның еркі қылды.
– Жарқыным! Асып барам алыс жаққа,
Жөн жоқ деп хан - төремен алыспаққа...
Тағы да қашып барам, жасырам ба,
Жеткем жоқ өлмеген соң әлі ұшпаққа...
Тірлікте баршасына мейір қансын;
Қайтам ба тәуекелге бой ұрғансын?!
Ал, енді өзің білгіз: бұл тайпыда
Сен кімнің бағытына бұйырғансың?
Кісіңді жасырғаның күнә, шырақ,
Тотыны бағып отыр кім асырап? –
Аямай қара көзден жас келтіріп,
Айжанды қатты соқты мына сұрақ.
Көз дереу көзбен суық арбасты да...
Сонда да ақ жүзінен әр қашты ма?!
– Ағатай, - деді бір сәт, - екеуміздің
Баяғы бақытымыз - алғаш күнә.
Соңғы да күнәм менің сол болатын,
Есімде жақсы түстей сол ғана түн.
Кісімнің содан бері атағам жоқ
Жүректен - улы жылан сорған атын.
Болып ем оны мәңгі ұмытқандай,
Жылт етті бүгін тағы үміт қандай?!
Әлгінде атын атап жүгіріппін,
Жаны жоқ тас мүсіндей тұрып қалмай.
Қайтесің тамыры тас қуарғанды,
Мен қашан ұмытқалы қуанғанды?!
Сөзіме иланғайсың: сонау тұрған
Ақ үйде ақ сақалды куәм қалды.
Ол менің қатал ием қасиетті,
Пенде емес, оны маған хақ сый етті.
Тыншимын өлі жандай, егер сол бір
Бауырына қатты қыссам қарт сүйекті.
Бір соның көз алдында бұғып төмен,
Айтқызбай әміріне жұғып, көнем.
Әсем саз, арман, тілек, сағыныштың –
Барлығын бір сол үшін жоқ еткен ем.
Мен оның тартыларда құшағына,
Домбырам отын болды ошағына.
Қақталды қара борша сол ағашқа,
Таласты күндер алтын шашағына.
Күндерді содан бері кезекпенен
Ұйықтатам, олар үшін тезек терем.
Осындай оңашада мағынасыз
Қызарып шыққан күнді тез өткерем.
Кеспірсіз кең даланы кезеп көрем;
Мен соған күнде оңаша көз жеткерем:
Су ішкен, жалғыз оттап, құралай мен
Қу жыңғыл саясынан көжек көрем.
Жетім ұл қора қойды жалғыз жайды,
Оңаша зарлағаны жан қозғайды.
Ала қаз жұмыртқасын жылан сорған,
Өзінен басқа жанға жарғызбайды.
Бір тәңір барлығына айыпты да;
Осыны сорлың бүгін жай ұқты ма?..
Жарына серік болмақ сертім еді;
Сені де бұйыртпады... Жайықты да...
Жараспас шүбәсі көп жерге тұрған,
Үйге жүр аға болып бірге туған.
Алласы, аруағы - бәрі де бар,
Олқы емес менің түскен ірге - тұлғам.
Жөн десең ескі дертті жаңғыртуың,
Өзің көр: өзегіңді жандыр, суын.
Сөз бітті, ол ақырын сипап алды
Құманның маңдайынан жаңбыр суын.
Бір қилы Құрманғазы тұнжыр енді,
Қапаста қайран асық тың жүр еді
Мұны да құлазытты ару жастың
Бақыттан әлдеқашан тұл жүрегі.
– Іс болған, - деді Құрман, - нелер
«ғажап!»
Уа, тоба!.. Сұлулық пен өнер мазақ...
Тегінде, аңыраған саздан қорқып
Әлдисіз, жаназасыз өлер қазақ.
Жә... барам, ағаң болып «көргенді» үйге,
Маңырап малы - басы өрген биге.
Ұзақ түн көңіл айтам сол есікте
Жоғалған махаббат пен өлген күйге.
Қайтейін, қалап сүйген қарындасым,
Кісенге кісің қолы қарылғасын!..
Өтініп өз жарымнан сұрап алған
Сен едің, ақ бетеге қарлығашым...
Мен сендей жоғалтпаймын ішкі мұңды,
Имандай тұтам сонау үш күнімді.
Қоспаған қатал тағдыр жеңгелігі
Қалдырды жүрегімде ұшқыныңды.
Ал, саған айтар өлең: «Аулыңдамын»,
Не десең, жалтағым жоқ - қаулыңдамын.
Аз күнге... Ақтық рет... Тым құрыса
Қоянның көжегіндей баурыңдамын».
...Оқушым? Болды қызық аяғы да.
Бұл сәтте жылт етпеді жай оғы да;
Білмеппіз, әлдеқашан жұлдыз туып,
Аулаққа бұлт кетіпті баяғыда.
Ақынныі ендігі сөз еркі деме:
Су шөпке сұлап тұрды екі дене...
О да бір ғаріптердің осалдығы,
Сен оған еліктеме, елтіме де.
Қарасын қара дейік, ағын ақтап:
Сертінен қалай ғана айнымақ пәк?..
Ғаріптер мауқын басып, маңғыз кеште,
Жуынды сәулесімен айдың аппақ.
Салты бар әр ғасырдың, әр уақтың;
Ұстады шылбырынан ару аттың;
Сағынған ағасы мен ақ періште
Беттеді ордасына «аруақтың».
ШАЛҒАЙДАҒЫ ШАПҚЫН
– Алыстан ағасы кеп шайхы-cepi.
Тарқады ақ тоқалдың қайғы-шері,
«Бақпадың, алып кетем», - деген үшін,
Жеті күн жалбақтады байғұс ері.
– Шайқаған шаруаны күнде жиын.
Соларға босатты ғой күмбез үйін:
Ендігі қыз-жігіттің бәрі сайтан, –
Қанғыбоз қалдырмады кімге күйін?!
– Бетім - ау, есіктерін қояды ашпай,
Қоржыннан шарап алып, құяды астай.
Иісінен мылтығының ит безініп,
Қалды ғой қариялар қия баспай.
– Өтті ғой ызы-шумен кеш үрейлі.
Би атам қартайғанда кішірейді.
Қайтадан домбыраны алды қолға,
Ақ тоқал енді кімді кісі дейді?..
– Тоқалдың бұлбұл деген аты шықты,
– Би атам аузына да ән түсіпті.
– Қаңғыбоз дуалапты, осы беттен
Сорлы шал айнымасқа ант ішіпті.
– Ит қатын! Үніңді өшір!
Би атаның төгерсің қасиетті ұят-арын;
Құлағы шалған күні жоқ болады
Зәузатын, үрім-бұтақ, үй - отанын.
– Сауының - сары қоспақ, атың - есек,
Киімің келер жылдың хақына есеп...
Осындай сол ауылда сыбыр – сыбыр
Дәрменсіз қалды кейін қатын есек.
Шал қалды берік ұстап босағадан,
Өлген соң қол үзеді қосақ одан.
Екі кеш жерге сұлу еріп келіп,
Тобымен кері қайтты Қособадан.
Бұл одан ұзай алмай, о да мұнан,
Мүсіркеп тұрды неше адал ұлан.
Көз жұмар күн жетпей-ақ қайран сұлу
Бақылдық алып қалды адамынан.
Жарау боз қайта салды жортағына,
Түнде жоқ жануардың жалтағы да.
Бір ғажап жиын-думан ортасына
Сәскеде алып келді жол тағы да.
Адам мен атқа толы бұл аймақта
Шаң ұшқан ылди, өрді лайлап та.
Өнерін қыз - келінге паш қылады,
Найзамен ат үстінде ұл ойнап та.
Жиналған төбе-төбе қариялар,
Кәдесін қашан елге жариялар?..
Тұтқын тұр арқандаулы, ала шапан,
Адамның оны көрсе ары ұялар.
Бұл думан ұқсамайды тойға тіптен:
Аласа боз үйлерін ойға тіккен.
Төрінде Төремұрат отыр соның
Бабаға алдағыны ойлатып кең.
Күзеттен өте алмайды қаптаған жан.
Шеп құрып қарулы жас, қарт та қалған.
Батырдың үйін сұрап алды Құрман
Бір өңкей отқа темір қақтағаннан.
– Уа, батыр, әміріңсіз іс өнбейді:
Жайдан жай есігіңнен кісі енбейді.
Жайықтан жаны салқын, алпамсадай
Ала көз біреу келіп түсем дейді.
Жeткiздi бұл хабарды бір өлеңші;
Шөпті де оған осы береді емші.
Қасында аң ауласа, жорықта да
Олжадан ол өзіне бөледі енші.
...Кеше де кеңес құрған бүгін құрлы,
Билерді асқа құдай сұғындырды.
Ортада батыр көзін шала жұмған,
Кірсін деп қабағымен ұғындырды.
Орын жоқ төрге дейін босағадан,
Табам деп келіп еді дос ағадан:
Алмайды батыр жөндеп сәлемін де,
Осы елдің пақырындай осы-ақ адам.
Еділден, Жем, Жайықтан асып жұрт
Көрмеген мұндай істі асыл жігіт.
Желінбей табағымен жерде қалды
Алдына бөлек қойған асық жілік.
Абзал ғой намыстыға сый өткерген;
Сол намыс оны мұнда сүйеп келген.
Алдырды арғы бидің арқасынан
Долана домбыраны сүйектелген.
Батырға тұпа-тура бұрып бетті,
Ол ғажап бір сарынға ұрып кетті.
Апыр-ау, іш құсадан жарыла алмай,
Діңкесі жер түбінен құрып кепті.
Бұл күйде асқан батыр жауға шапқан,
Жан емес ағайынды дауға шатқан.
Ол сенше тонау үшін соқтырмайды
Найзаны бақыраш пен қауға, шоттан.
Ол сенше алға салып үріккенді
Құмайды - жасамайды «құрық төнді».
Өзінің қайғысына өзі батқан,
Шаппайды шалғайдағы түрікпенді.
Халқына хан азуын батырмасқа
Ант еткен бұл күйдегі батыр басқа.
Түсінсең, мынау өңшең жалмауызын
Сұғынып арам асқа жатыр босқа...
...Оқушым! Осы күйді шығандатып
Тартқанда терең ойға шығам батып.
Ұрыстың ағайынан жаңғырыққан
Жайық пен шаңқылдайды Шаған жатып.
Қалың қол ат қояды ала туға,
Халықтың қаса жауын дәл атуға;
Басынан тақтағының тәжін алып,
Қылышқа қыл мойыннан жалатуға.
Кілт тоқтап, дүбірлеткен тағы сарын
Аңсайды алдағымен тоғысарын.
Ұрлықтың қанды - қасап төңірегі
Ұқты ма соны мынау тоғышарын?
Демеймін оны күйдің тілін ұқты,
Әйтсе де манағыдан жылыныпты;
Мұның да көзі бейне қызыл шөлмек,
Құлаққа мұрт шалғысы ілініпті.
Шақшасы саптаманың қонышында,
Бір шөкім насыбайы қол ұшында;
Қайырып қыл сақалын тістеп алған,
Өзінің өші бардай сонысында.
Әзелден қулық, сұмдық амал жиған,
Төрдегі жымыңдайды көп алжыған.
Өтені, Нарымбайы жоғарыдан
Қонаққа орын іздеп қобалжыған.
Күйден соң күллісі бір жалбақтады,
Билердің енді сөзін жалғатпады.
Терлеткен қонағына Төремұрат
Сыйлады қант пен нанды жарғақтағы.
Оқыды сәлем хатын Мәтіғұлдың:
– Е, - деді, - жай-күйіңді шақ ұғындым,
Қаңғыбоз атан-дағы, бой тасала,
Көп дейді құдай сүйер аты құлдың.
Қалайсың айқасқанда күш - анаға?
Мергендік дарытты ма Нышан аға?
– Бар, -деді Құрманғазы, - құмарлығым
Көзімді қызықтырған нысанаға.
...Жібіді Төремұрат иі қатты,
Сейілдеп ертеңіне киік атты.
Басқадай басын танып орамалмен,
Қаңғыбоз қара шекпен киіп апты.
Ол атты дуадақты сығаламай,
(Таңғалды қалың таз бен соған адай)
Киелі күші бар деп шуылдасты –
Ғарасат майданында сахабадай.
– Ол артық ат үстінен сайысқа да,
Шіренсе шыдамайды қайыс, қола.
Аузыңда ұраны жоқ, сиынбайды
Исатай, Бегалы мен Қойысқа да.
– Демейсің шын айқаста оны өледі.
Не деген бір басында өнер еді?!
Сарнатып бейуақытта домбырасын,
Ол кейде оңашаға жөнеледі.
Аулаққа жөнеледі еріккенде;
Көрген бе соған, сірә, еріп пенде?..
– Сол, - дейді, - тілдесетін періменде,
Құспен де, елегізген елікпен де.
– Киікке қарамайды бауыздарда,
Балайды баршамызды жауыздарға. –
Бір апта шамасында ол туралы
Осынша аңыз кетті ауыздарда.
...Осылар үйген шөпті жандырыпты:
Қаншама сол ұранға жан бірікті?..
Аулақта Иманқара, Қойқараның
Құздары неше күндей жаңғырықты.
Тоналды кірешінің кездемесі,
Жалдаптың таланбады өзге несі?..
Береді ол қабақ шытпай киімін де,
Сойылмай қалса болды өз денесі.
Сақина, сырғалары құмықтардың
Сатылмай, олжасы боп құныққанның...
Қалады сол орында қара қарға
Үстіне қоңырсыған қонып қанның.
Кештерде салдырмақ боп жорғашыны,
Ауылдан алдыртады ұрғашыны...
Алысқа қамқоршы боп аты шыққан
Осы екен «отты жанның» бір кәсібі.
Әншейін аңшылыққа шыққандағы
Құрманның бұл ғана ма ұққандары:
Ауруға қорғасынның уын беріп,
Жасайды тәуіптері оқтан дәрі.
Құрманды мынау сейіл суындырды.
Тұтқындар мекендепті су үңгірді;
Нөкерге көрінбейді пақырлардың
Көзінен аққан жасы суың құрлы.
Бір бұзық, қаныпезер зындан басы,
Көмусіз өз қолынан жұлған басы.
Тезірек тірілерді босатпаса,
Мүмкін бе адам онда жынданбасы?..
Бір түнде біреу «нұқып» жендетіңді
Сарнамай, ол өлгенде жел де тынды.
Баяғы қашқын жанның дәл өзіндей,
Тұтқындар «аспанға ұшты, жерге сіңді..»
Ай өтті ай соңынан қысы қатты,
Жұтатты, мал біткенді қысыратты.
Алған жөн әзірінше түрікпеннен
Олжаға отыз матау қысырақты.
Көктемде Төремұрат, Нарымбайын
«Бол, - деді, - бұл жорыққа бәрің дайын».
Қаңғыбоз айтып салды қарсылығын,
Кім білген пиғылында бар ондайын.
Және көп адам соған азғырылған,
«Сұмдық, - деп, -
түрікпен мен таз қырылған»,
Қағаз да табылып тұр неше түрлі
Ұлыққа арыз-шағым жазғыр ұлдан.
Қаншама өткен ше қабақ шыта,
Айныған өз бетінен қарақшы да.
Ал, нағыз батыр болсаң, мынау жұрттың
Ашынған айбарына, қарап, шыда!..
Төрдегі Төремұрат ісініпті:
Қаңғыбоз енді ғана түсінікті...
Оңаша қыбын тапса, Өтен батыр
Өзінің атқаратын ісін ұқты.
Тапсырма оған:
«Сөзге жұғыныспа,
Қанжарды қалтарыста мығым ұста!»
Жұрт жинап Төремурат ақтық рет,
Шақыртты Қаңғыбозды ұғынысқа.
Тыншыған дүйім халық көк белесте;
Кеншсіз кешегі түн өткенi есте.
Ел айтақ енді мынау наразылар
Табысса яки жаман өкпелессе.
ШҰНАҚ ШАЛ
Уау, атайын, Үш арыс Қара таздан!
Әулет едім әлімнен қанаты озған,
Бақай батыр қалдырған төрт түлікте
Жазда жайлау, қысында қора тозған.
Ол дәулетті кешегі жұт жалмады,
Титығына бармаған жұрт қалмады.
Ақ найзаның астымен қайтса керек
Екі бірдей тоқсанның жұтқан малы.
Қолымда күш, еп барда ауызымда,
Қатып, семіп қалам ба қауызымда?!
Баба десең, құр қалма фатихадан,
Құрт құдайдың әзәзіл жауызын да!
Қашан, қайда ат басын бұрар күнің
Білмей жүріп қылғаны-ай бұралқының!
Ей, Төрежан, алартпай маған көзін,
Езіп берші мынаның бір алқымын.
Төремұрат:
Ал, ашығын айталық, Қанғыбозым!
Елден елге көргем жоқ қаңғып өзім...
Қарғатамыр қазақтың ұлы ғой деп,
Саған түсіп қапыда қалды көзім.
Келген бетте құлақты елеңдеттің,
Күңірене күй шерттің, өлеңдеттің.
Ұқтық оны:туады дейсің тәйір,
Ұйықтап жүріп бекерге өлем деп кім?..
Айтып келдің рас сен ен шыныңды.
Ертелі-кеш тыйғам жоқ еш үніңді.
Арғы бетті шулатқан Құрманғазы,
Жан біткеннен жасырдым есіміңді.
Нағыл дейсің?..
Түрің де жасарыпты
Жақсылықты нән басын нашар ұқты:
Хан мен патшаң бағар ма мынау өңшең
Өзің сынды нәрегей,аш-арықты?!.
Мақсат кәні бұларды іріткенде?..
Жалған десе, айтсын бір тұрып пенде:
Бағзы бірдің шешесі, басқасының
Қатыны тұл қазан бас түрікпенде.
Шаңырағын, желісін, қазығын да
Жоғалтқанды жинасам жазығым ба!..
Қай дәулетті қимадың қасқаларға,
Киімін бе, аты мен азығын ба?..
Қамшым сабын ұрлау ма үйден менің,
Түрмесінен орыстың үйренгенің!..
Сенің де сол жұмағын көкте шығар,
Адам басқан жер болса жиренгенің?..
Жоқ, жігітім!.. Қарғыс пен өлім қатар...
Әркім үшін бір жерде орын жатар...
Ұқсаң жөнің бір басқа... Ұқпағанда,
Құдай өзі бұйрығын орындатар.
– Уау, батыр-ау, алды жөн, арты зілді
Мынау қай сөз?..
– Ал құртты!.. Ал тұжырды!..
Тағы шықты дейді ғой елден ерек,
– Алты бірдей бұзақы, алты жынды!..
– Ә, бі-бізді де қазақтың қызы емізді...
Батырмаңыз шымбайға тізеңізді!..
– Бүйткеніңше, қан ішіп, қарғыс алған
Тәубеге жық, адамша түзе бізді!
– Біз де сыйлап тап-таза жүректіні,
Пәк баралық құдайға керек күні! –
Шетінен бір шегір көз, ұзын өңеш
Қарақшылар осынша өрікпеді.
Жирен сақал, жирен мұрт, жирен қасты
Бір бишікеш осынша өрен жасты
Қамшымен де, бөркімен қатты жасқап,
Өрттен жаман жанжалды әрең басты.
Құрманғазы:
– Мейлі назын, мейлі жұрт зілің десін, –
Айтпақ керек аз тықыр білінгенсін.
Екі бірдей құлағын мен жұлғандай
Анау шұнақ қарияң бүлінбесін.
Төремұрат, рақмет!.. Орынбордың
Қашқынына қасыңнан орын бердің.
Рас, талай күй шерттім... Біле алмадым,
Кімге несі дарыды ол үндердің?..
Әлгі сөзің дарақы қай ерсілік?..
Мен келгем жоқ жиенсің, қайынсынып.
Елден елге қаңғыру маған бақыт,
Саған бал кім ол сапар – қайыршылық.
Өзің-ақ қал жеріңде жер - түбектің,
Қамқоршысы болғансып жетімектің?
Байқа бірақ жақынды жауықтырып,
Тірілерді қолыңнан жетім еттің.
Көргенім бар оңаша тұрып менің
Мысық ойнап тышқанды тірілткенің...
Қыстай қылыш соқтырып, қырықпышақ,
Енді қылмақ қазағын, түрікпенін.
Балалары Бақайдың, «cepi» кілең!
Құнықтырған - жылқы мен сені кілем.
Білсеңші бір қанаттас түрікпенді
Оның соры осал ма сенікінен?!
Жерге төгіп бір қасық қан нағылам
Құмығынан құдайдың қалмағынан?!
Мынау сенің cіңірді көк шеңгелдің
Хан патшаның несі кем қармағынан?!
Менің осы айтарым! Түсін мені!..
Менде жоқ қой ашуың, күшің кегі,
Тастат анау қанжарды Өтен киген,
Күпіңіздің жеңінің ішіндегі.
Аттанбаймын мен ондай «күн көріске» –
Кісі жеуге, құн алып, құн беріске.
Дұғай сәлем айта бар менен соған,
Осы жолда өзіңмен кім көріссе.
Ұстап алып ұрыны қаныпезер,
Өгіз етсін желкесін қамыт езер! –
Шаңқ етті Төремұрат:
– Тоқтат! - дейді;
Қалмады енді мұның халі төзер.
– Алдым, - деп, - ақылгөйден
өсиетті,
Қамшымен қыр арқадан осып өтті.
Белгісіз бір жұдырық оған тиіп,
Түбіне батырыңның осы жетті.
Ол сәтте Құрманғазы аптықпаған:
Ал, - деді, - даңғой неме артты ұқпаған.
Ат жалын тартып мінген ерін деуші ең,
Енді жоқ ер мінетін аттық бағаң.
Екі ұрдай ел шуылдап, би де қашты;
Жігіттер бақан, сырық жиды ағашты;
Құрманға суық қолды жақындатпай,
Қоржынға қоса басты үйдегі асты.
Аулақта бір тасада ей туғызып,
Күй шертіп, тағы болды арты қызық,
Астыртын осы түнде сыр бойына
Асырды соны мынау «алты бұзық».
САРЫAPҚAFA САПАР
Жөнелді сол бетімен ол ұзаққа, –
Қыпшаққа, арғын, үйсін елі жаққа.
Бейхабар бес жыл өтті;
Жиделіде
Шығарды оңбағандар оны жоққа:
Азғырды аңыз – өсек балалады,
(Ауызға кімің қақпақ бола алады):
Ол бірде құла түзде сауысқан мен
Бөрінің азығына баланады.
Біреулер оны қайта тірілткенде,
Шығарды құл екен деп түрікпенде.
Тағы бір айтылуда: «қобызшыдан
Қыз алып, шекті деген тұрыпты елде».
Ит дұшпан табады екен жоқты, зады:
Өзенге оны кейде жұтқызады.
Ойнатып құлағымен ақбоз атты,
Ұрының жетегіне жортқызады.
Өтірік бәрі соның шуылдаған,
(Ызасы жаудың әлі суынбаған.)
Ел берді бес жыл ұдай берекелі
Ықылас, дәм-тұзы мен суын да оған.
Ол өтті дариядан, көліңнен де
(Арқада мөлдіреген көлің кем бе).
Басынан құм баласы Құрманғазы
Шалқыды тау, қарағай көрінгенде.
Орманда, мөлдір бұлақ жағасында
Сын, кінә табиғатқа тағасың ба?..
Қоздырып құс базарын шешен бұлбұл
Сайрайды таң сәріден тағы осында.
Бұлбұлдың бұл өлкеде досы қанша, –
Қазақтың күнде думан көші қонса:
Күлгені, жылағаны, туғаны - күй,
Өлгені тіріледі күй шығарса.
Аққудың қобыздағы әні қандай!..
Саз бар ма бұл ғаламда анық ондай?!
Боздайды жер түбінен жетім бота;
Сорлы жан содан өзін танығандай.
Аяйсың Маралдының «Жез киігін»
Өзгеден ала қашқан өз күйігін;
Іздейің, осы маңнан жануардың
Басына талай шыққан боз биігін.
Елсізде екі зарлық қосылар күн –
Сыртынан аңдығаны өші бардың:
Ғашықтар зиратынан байғұс жылап, –
Қобызда бәрі қалған осылардың.
Қазақта дала жоқ қой қаңыраған, –
Ыза-шер, бақ дарытқан тәңір оған.
Әзелден ер толқыны сырға толы
Арқаның әні қандай аңыраған!
Арқаның ас тойынан кім қалады?..
Дабысын сонда ғана тыңдалады.
Қызбелде ақын, әнші салысқанда
Күнің мен өз жайына түн қалады.
Шешеннің естігенде шын атасын,
Өзіңді өзің әрең ұнатасың;
Көкшенің күн шалмаған ақ қызы мен
Салына өнеріңді сынатасың.
Ал, сонау Алатауда үйсін ақын
Сөзі бар қапелімде қисынатын.
Ол елде шаңқобыз бен дауылпазға
Өзбекше майысады биші қатын.
Бір аршып домбырасын сабалаған
Сайрамда тиіседі саған ағаң.
Өлеңнің неше түрлі жәкетайын
Қосылып алты келін соғады оған.
Бір білсе «қонақкәде» болатынын,
Алмайды бұл өлкеде далатыным.
«Алатау» күйін тартты Құрманғазы
Асында ұлы жүздің Дулатының.
Күйің мен ала жаздай жарысып ән
Сый келді Сиқымынан, Жанысынан!
Армансыз шарықтады асыл өнер,
Жаралған із жігітің жаны сонан.
Қазақтың даласында бес жыл ұдай
Құрманның еркелігін кешті құдай.
Отыр ол осы жолы шекті келіп,
Көрінді көкжиектен кеш бүгін ай.
Батыстан баяу самал жылымдаған,
Ырымшыл Құрманғазы жылынды оған:
Жайыққа жолаушының жолын тиеп,
Жұлдыз да бүгін тегіс жымыңдаған.
Шадыман Құрманғазы ұғынды олай.
Өзгеден ол бақытты бүгін қалай? –
«Арғынның адвокаты ақтап алып,
Жын соққыр Әбубәкірдің жығылғаны-ай!»
Келеді елге қайтып осы өлеңмен.
Хан-зада! Енді қалай ол сенен кем?..
Ол бүгін азат болған ақ бас аға,
Өнері баяғыша өршеленген.
Өзгеше құндыз берік бұрынғыдан,
Кең шалғай ішігі де бұлыңғырдан.
Жеккені көк шанаға екі жирен,
Жетіпті жер түбінен бүгін Құрман.
Жол жүріп түнделетіп, азандап та,
Жетіпті жер түбінен Қазанғапқа.
Қазанғап аңсаушы еді «бір көрсем, деп,
Азап-сор, әлдеқайдан қазам жоқ та».
– Ассалаумағалейкүм!
– Уағалейкүм...
– Ініңмін алдан шығып ағалайтын.
– Қазжан-ай, өнерліде аға бар ма?..
Жетпейді менің көзім оған айқын.
Осылай жетім көңіл босағаның,
Өзі де сезбей қалды осы ағаның.
Ай жарық; түн ішінде келіп шығып,
Түбінен сәлем етті босағанын.
Жан еді Қазанғап та асқақ үнді;
Қазанғап пірім деді басқа кімді?!
Ол да бір қазан дауыл домбырада
Шертетін заман салған бастағыңды.
Бөтенге бүгін есік ол аша ма? –
Құрманды қабылдады оңашаға.
Күйшінің қонақ үйі күндізгідей:
Қойғызды он шырақты он ашаға.
Бүгінше екеуара өзі ұғардай
Оңаша емін-еркін сөзі бардай.
Батамен бауыздалды бір жабағы –
Мәслихат ұзақ таңға созылардай.
...Шығыстың сөз басталды Жоңғарынан,
Қаратау, Қарлы таудың заңғарынан,
Сарнаған сахараның сазынан да,
Бұрынғы, бүгінгінің заңдарынан.
Және сөз қасиетті ән дарыған
Ертіс пен Есіл, Нұра аңғарынан, –
Баршаны баяндады Құрманғазы
Осынау сапарынан аңғарылған.
Ақтарды неше түрлі сыр асылын,
Алмады домбыра да ciрә, тыным:
Аңсаған бір көруді екі машық
Кезекпен төкті күйдің сұрапылын.
Бір сәтте Құрманғазы
– Болды, - деді
Шыныға шайды құйды, балды жеді, –
Жә, - деді - осы қазақ ер тайпыда
Аталас, құда, жиен, балдыз еді.
Көп көрдік пақырыңды сорақының
«Өзімнің сүйегім» деп соратының;
Қызғанып өзге жаннан өлгенде де,
Тығады бір төбеге соны ақырын.
Ол емес, енді бақсақ, нәсілміз:
Ол ғана нәмәрт туған нас ұлыңыз.
Осынау үлкен елдің үнін ұқпас
Болғанбыз тосаң құлақ асылы біз.
Әулеті қазақ жұрты Сарыарқаның,
Кім оның түгел сарқып сорар қанын?..
Ағайын алтау емей, біреу болса,
Патшаң мен қанша бутик салар ханың.
Қобызда, домбырада - ендігі үнде
Ұрансыз ұйықтағаның елдігің бе?..
Білсекші: неше мәрте ат үстінен
Алғыздық еңіреген ерді кімге?..
Жә, Қазжан! Өн бойында тың бар күшің.
Сен менің «Сарыарқамды» тыңдармысың!.
Бір хадар ұнар болса, үйреніп қал,
Мақтаншақ саятшы да құндар құсын.
Қазанғап қадамайды сұғын босқа,
Күдіксіз күй сарыны бүгін басқа.
– Құреке! Құдай медет!.. Бастатыңыз,
Иншалла, шарам кәне ұғынбасқа...
– Құрманның бір сұс келді миығына;
Қолды қол уқалады иі қыла;
Жарты кез көк сақалын екі айырып
Лақтырды жар төбедей иығына.
Ақ басты айнымаған дөң қыраны...
Селк етті; қатты қақты домбыраны.
Күтпеген адам дереу шошығандай
Күй болды құдіретті осы қандай?!
Әлде бұл тау тасқыны сарқырама;
Ендеше, соның соңы сарқыла ма?..
Ғаламат сұрапылды бәлкім аспан,
Қайтеді, дауылпазы шарқ ұра ма?..
Бітпеген жанар тауда көз қалды ма?..
Жоқ, әлде теңіз тентек қозғалды ма?..
Мүк басқан ескі кеме мүрдем кетіп,
Аралдан қарауытқан аз қалды ма?..
Жоқ, әлде байтақ дала сілкіне ме,
Жылай ма ақ бәйбіше, сылқым ене?..
Боз орда ақтарылып, бота боздап,
Аулақта шұрқырайды жылқы неге?..
Қалың ту жер мен көкте желбіреп те,
Тас түйін тар келді ме жең білекке?
Батагөй бабаң тұрып қол жайды ма
Оятқан ойды, қырды зенбірекке?..
Әйтеуір дүние бір дүрлігеді.
Бұл неткен құдіретті бірлік еді?..
Долы жан сабап барып домбыраны,
Сағадан саусақтарын бір бүгеді.
Күшті ме жалындаған өрт осыдан,
Мұхиттай бұл сағатта ол тасыған.
Қайран ер қайта барып шүйлігеді-ау
Аңсаған арманының ортасынан!
Дегендей: «Анық көрер салтанатым,
Қайратым қалың қолдан сол табатын,
Жоғалтса екі басты самұрық пен
Хан тақсыр, патша құдай, сұлтан атын.
Шалқиды көшкен елдің қиялдасы,
Сор - азап соңғы туған күй атасы,
Түп-түгел көз алдында қозғалады
Өлкенің өзен, тауы, қия тасы».
Бар екен өзі-дағы ойлағандай,
Ұзақ жыл сағындырған ұлы ағаңдай,
Әлгіде біткен күйді әлі тыңдап,
Қазанғап отыр ойда уланғандай.
Ісі жоқ оның өзге күйіңмен де,
Жұмыссыз қонағыңмен, үйіңмен де.
Апыр-ау, қайғы, шаттық қайда кетті?..
Әлгі бір қатты соққан құйынмен бе?..
Жалғыз-ақ күлімсіреп күрсінеді
Бұ да бір көк дауылмен көрші ме еді?..
Мұның да осы жүрген залымдарға
От шашып, ойнағанын көрсін елі!
Сол беттен Қазанғапты бұрмай қазір,
Асыл жан Ақтөбенің бір маңғазы.
Ол отыр әлгі күйді әлі тыңдап,
Қасында ұйықтап кетті Құрманғазы.
КӨБІК ШАШҚАН
Түcті деп жан қыспаққа, мал қыспаққа,
Адай көшіп келеді Маңғышлаққа.
Теңізден әрі жатқан кең түбекте
Бабалар жетем дейді мәңгі ұшпаққа.
Көшкен ел бүгін теңіз жағасында;
Аштарқан масасы да жоқ осында.
Бір түнше қалың күрке; ел ұйқыда;
Беймезгіл отты бекер жағасың ба? –
Қап-қара толқындары Атыраудың,
Қасында атан түйе, ат-лаудың
Түнекте ыңырсыған ақтылы қой, –
Баршаны күзетеді, апыр-ау, кім?
– Әрине, құдай өзі қам қылар да...
Әйтсе де, күзетшілер, қалғымаңдар!
– Теңіз жақта болыңдар, теңіз жақта,
Қыз-қырқын деп, қымыз деп қаңғымаңдар!
Жатарда қалың күш, тон ұстаған
Осындай пысық шалдар таныс саған...
Ұйқыда бәрі соның... жағадағы
Жартаста екеу ояу тыныстаған.
Жайласқан жалпақ қара биік тасқа,
Екеуі зор денелі иықтас та.
Біз барсақ, әңгімені бәлкім олар
Шерткені жанымызды ұйытпас па?..
Осы жұрт біле ме екен Қашағанды,
«Өлеңі - темір тікен, ошағанды»
Біреуге жәбip-жaпa біреу қылса,
Ол қашан жанып түспей, өше қалды?!
Осы жұрт біле ме екен Қашағанды,
«Құрықтан құтқармаған босағаңды»
Кермекке ел қонысын тағы шыққан
Тап қылды Құрманғазы осы ағаңды.
Бұл күнде Құрманғазы жасы келген,
«Әйтсе де, оған жем бе жасық өлген?..»
Әлі де сарқылмаған өнер бұдан,
Махаббат, берекелі несіп елден.
Тоқтатқан Азнабайдай әңгі нені,
Арқада аңыраған ән кім еді? –
Тамсанып тағы соған кәрі күйші,
Жағада жалғастырды әңгімені.
Құрманғазы:
Сонымен көк мылтығын қожаңдатқан,
Құтылдым палаштан да қазам жоқтан.
Сарыарқа сапарынан қайтқан жылы
Ай жатып, құрмет көрдім Қазанғаптан.
Жайықтан жазғытұры ілкі тасқан
Ат жалдап, судан еттім көл тұтасқан.
Жатқанын қара дөңде қайран шешем
Таныдым құлазыған құлпытастан.
Таппадым кіре қояр жер тесігін,
Моланың төрт құлағын, төрт есігін
Еңіреп құшыппын да, танымаппын
Жас қыршын Қазиымның төмпешігін.
Мен келсем, ел жаңылған әзілінен,
Әркімнің құшақтауға әзірі - мен.
Көңілсіз өткен күнді оқи бердім
Әуестің ақ самайы, әжімінен.
Ас татпай, қара шайды ай ұрттадым,
Жаз бойы бір құдайды айыптадым.
Ерғали, Меңдіғали, бала Мәмен
Күй тартса, бір жадырап айықпадым.
Қазаға өз қайғысын сау төледі.
Бір күні жақын қонды Сәукем елі.
Батаға ат жетелеп күйеуімен
Оралды осы Дина сәукелелі.
Кигені елден ерек қызыл-жасыл,
Мен көрдім бұрынғыдан қызыңды асыл,
Тай жықтым тамашаға; өнері бар
Жастары елдің қалай қызынбасын?!
Жинатып Жиделі мен Ұштағанды,
Ақ Дина алақанда ұстаған-ды.
Думанда бозбала мен қыз баладан
Көрмедім көбелектей ұшпағанды.
Қоздырар делебеңді алға сүйреп,
Әйелден сері көрдім алғаш рет.
Жұмылған қаралы көз қайта ашылып,
«Маңымнан жоғал, дедім, ал қасірет?»
Серпілдім, «Серпер» күйін безілдеттім,
Байқасам, дүниеден безінбеппін.
Сол күні әзіл қысып, бәйбішеге
«Әуенжан, келді жігіт кезім», деппін.
Уа, дүние! Ол жылдар да алыс қалды,
Көп көрдік жұлысқанды, алысқанды.
Тынымсыз көкіректі күй мазалап,
Қоймайды қиял шырқап елі ұшқанды.
Қашаған:
– Жазғы күннің қызбасын,
Жанды судың бұзбасын,
Жаумыт аттың озбасын
Құреке, қашан көріп ең?..
Шүйке шырақ жататын,
Күйген қасық жонатын,
Күйкі байдың жомартын
Құреке, қашан көріп ең?..
Ағыл-тегіл байлығын,
Жылдығы мен айлығын
Есептемей жүректе
Бар болған соң жүред те.
Құрекем бір күн құдайдың
Өміріне көнеді,
Жайлаттырып жастығын,
Соңғы тілге келеді –
Құрекем бір күн өледі,
Кәрі досы – өнері
Өз қолынан көмеді
Өзі дұға болады.
Сары белді күңірентіп,
Қалың елдің еңіретіп...
Құрманғазы:
– Тек, әй, шайтан, денемді салқындаттың,
Періштеге әрнені сәл тыңдаттың...
Әлгің рас: өнерде кәрілік жоқ,
Өнер - жаны өлмейтін сан қымбаттың.
Құрманғазы бұл сөзді бастай беріп,
Ұшып тұрды :денесі тастай берік.
«Сұмдық, - деді, - жынданды мына теңіз»
Сұрапылға құлағын тосты-ай келіп.
– Бәсе... бәсе... Мынау жел не деп кетті?..
Нар толқынды жар толқын дедектетті
Жаман сарын келеді теңіз жақтан:
– Уау, сақтансаң құдайдан медет депті.
– Уау, үстіңді ақ топан суынбасты!..
Күзетшілер бақадай шуылдасты.
Қазан-ошақ, қазықты ақырындап,
Еппен келген алғашқы су ұрласты.
Арты жетті ағызып шапқан аттай,
Көбік бейне көк тасқа шаққан оттай.
Шашырайды жан-жаққа: ай астында
Жердегілер құлайды шатқалақтай.
Жапырылды жағалай майда құрақ,
Аруананың ботасы ойда аңырап:
Қатын-бала бақырған, ит ұлыған,
Ақ толқынның ішінде қой жамырап.
Ат жоғалды тепкілеп сағанаққа,
Атан, үлек жұтқызбай сұғанаққа,
Талай жанды арқалап, жас бұзауды
Қазығымен қалдырды суға ноқта.
Тағдыр елді тап қылды тағы азапқа,
Айғай-сүрең ұзады жаға жаққа,
Адасқанды шақырып алдағылар
Қыр басында күпіні жағады отқа.
Ақын, күйші теңіздің ортасында,
(Ел қайғысын тағы да тартасың да...)
Ақ диюдай қамаған асау толқын
Зәулім биік солардың жартасын да.
Олар отыр шошынып төңіректен,
«Міне, саған жақсылық тәңір еткен!»
Ырғып кетіп барады теңіз жаққа,
Бақан, уық, кебеже, темір кетпен.
Уа, көк теңіз! Жалмауыз жайынын да
Олжа тілеп оянды қойыныңда.
Қоңырау да соғылды су ішінен
Ирең еткен нар бота мойыныңда.
Уа, сұмдық-ай!.. Ет жүрек шошынады:
Тарқатып та болмаған шашын әлі
Ақ көбіктің ішінен қарауытып,
Өлген сұлу бұрымы шашылады.
Осыған да ай арсыз нұр құяды,
Суда сәби саусағы тырбияды.
Құрман бейне құлпытас... Білер ме едің,
Қайда кетіп сорлының тұр қиялы?..
– Бәрі, - дейді ол, –
бармақтай бақ үшін-ау!..
Бақыттан тұл, сұм заман тағысын-ау?..
Тойдырып-ақ бітті ғой, қу құдайдың
Жақсылығын жалынып тағы сұрау.
Жері күйген, көктемі, күзі күйкі,
Қашқын адам, босқын ел ызы-қиқы,
Бар көргенім осы да... Түк естімес
Берсең еді одан да қызық ұйқы!?
Мешеу жұрттың қанына құмарттың да,
Айдап келіп, бұған да құлаттың ба?..
Бір жақсы түс көрмеген көңіліңмен
Құны қайсы естігіш құлақтың да?!
Әне, дүлей толқынның сұстылары
Жас өлікті жайынға құштырады,
Әлгі тапқан олжасын бөлке алмай,
Айдаһардан қаттырақ ысқырады.
Ал, бақытты әр жерден шұқынып тап,
Бітір, зекет, салықтан сытылып қап!..
Саған, қазақ, опасыз толқындардың
Олжалысы күледі сықылықтап.
Шулап кетті құлаққа шағалаң да,
Қортпа балық қуанды жағаларда.
Жас елікті сабайды шапалақтап,
Солар алып тереңге жоғаларда.
Аяғымның астынан мазақтаған
Көк дүлейдің мұнысы азап маған.
Біреу болса, мендей-ақ құдай құлы,
Ауыр жүгін арқама аз артпағам.
Қатал тағдыр менімен көп ұстасты,
Идім бе мен соңына көніп басты!
Тойдым енді ұзақ жыл күнәсіз-ақ
Күл, топырақ, от шашты, көбік шашты.
Керегі жоқ жыламсақ кей үлгінің,
Не болар деп сұрама кейін күнім!..
Бітсін енді хикая мен туралы,
Үні басқа жаралсын кейінгінің.
ЭПИЛОГ
I
Оқушым! Өзің соңғы толға сырды:
Ел қашан қалдырғалы ол ғасырды?!
Ал сонау ата күйшің өз қасында,
Жүрегін жүрегімен жалғас ұрды.
Білесің, жазғырарда жендетіңді
Қаның мен жуды қанша тер бетіңді;
Әлдилеп бақытыңның құрбандығын
Қара жер қай жылдары тербетілді.
Сен достың қазасына жылағанда,
Қасына бөтен күйші жолаған ба?..
Алғашқы жеңісіне жаршы қылып,
Өтетті өз парызын жыл оған да.
Өлкенің бүгін мейлі ұшпағым де, –
Армандай ауыл, қала, қыстағым де, –
Қыз метал баршасына Құрманғазы
Шалқиды қырық мәрте қысқа күнде.
Сен оны қайта-қайта шақырасың
Өнердің солқылдатып сахнасын;
Жер түгіл, неше қабат ауадан да
Ол саған үндемесе, сағынасың.
Сен де бір бал арасы шырын жұтқан,
Динасы анаң еді шыныңды ұққан.
Ақ нұр мен гүлге бөлеп оны тағдыр
Әкетті кеше ғана шымылдықтан.
Оркестр.
Құрманғазы - құран мұнда.
Не түрлі шешені бар құралдың да.
Дирижер Ахметің ақ буырыл,
Бейнетқор басын иіп тұр алдында.
Нәр алды көрші күйден,
жырақ күйден,
Кешегі кенжелері фрак киген.
Сүйкімді тотығыпты тоғайлары
Бақыттың азабына бір-ақ күйген.
Егде шал, ерен жігіт, асыл қызың
Көктемдей көз алдында жасыл - қызыл.
Күн балқып өнерлінің күлкісінде,
Көзіңнен баяғыны жасырды жыл.
Сахна - егін, жайлау, далаңдағы,
Гүл шahap сарайлары, алаң, бағы.
Оркестр - ел серісі құдіретті,
Аты да Құрманғазы ғаламдағы.
Көшпеген түрме, сағым, аза тұман,
Қайғысыз мұндағылар азат ұлан.
Ұл-қызды музыканың ордасы да
Бабаның оқытады өз атынан.
...Ақ күмбез ақ Еділдің құламасы; –
Зиратқа көшіп барды гүл анасы.
Ленинннің ғасырынын шуағында
Өнердің ұйықтап жатыр ғұламасы.
II
Өнерлі ұлы, қызы атаның мың
Жұлдызды жүрегінде Отанымның;
Паш етті бар ғаламға «Сарыарқаны»
Ұясы қасиетті ортақ үннің.
Жаһанға жар салады Москвадан
Баяғы қара басы қашқын адам:
Шырқатып айтатыны ерлік, бірлік –
«Адамға бақыт тіле, қаш күнәдан!»
Ол үлкен театрда отырғандай;
Үнінен найзағайдың оты ұрғандай;
Немесе ұлы орыстың аспанында –
Орнында періштенің ол тұрғандай.
Құп алған ердің таза кілең қанын
Ұлы алаң! Енді неткен гүл ең қалың?!
Үстінде үш шалқып, бабам болды
Өз досы Чайковский, Глинканың.
Өнердің бал қосылды қаймағына,
Бабамның аты қанша бай мағына?! –
Ол барды Еуропаның ұлы Моцарт,
Шуберт пен Шопен туған аймағына.
Бір өмір шалқып барып бір тоқтары,
Сазқұмар Бетховеннің ұрпақтары
Атамның бағалаған асқақ үнін –
Қазақтың шаттығына ортақ бәрі.
Сыймаған шеңберіне аз ұяның,
Өнерпаз ер Ұланы Азияның
Тыңдады «Сарыарқаны» сапқа тұрып
Шырқады тағы-тағы өз зиялым.
Жайлаған күйге жомарт, сараң жақты
Кім білмес «Адай», «Серпер»,
«Саранжапты»
Алты хат Арабстан ферузасын
Айқара осынау бір сарын жапты.
...Айтшы,дос! Өзің түгіл, асылында,
Жаудан да менің сырым жасырын ба?.
Құрметті академик Құрманғазы,
Өзімнің коммунисттік ғасырымда.
Таға алмас пітнәң да оны өсекке,
Ол әсте қалған емес көне шетте.
Ардақтап адамзаттың ақ тілеуін,
Үндейді о да ғажап келешекке.
Баламдай өлгенімше бар сүйетін,
Оқушым! Маған дұға қасиетің!
Түгестім дастанымды; сағат соқты
Бабамның рухына бас иетін.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі