Өлең, жыр, ақындар

Мезгіл әуендері

  • 01.04.2022
  • 0
  • 0
  • 815
Көктем
Ұқсайды бұл шақ елеске,
Құйындай құйғып өткен бір.
Өмірге келген нәресте,
Өмірге келген көктем бұл.
Шарықтап күлген кезінде,
Шуақты күннің жүзіндей,
Мөлдіреп тұрар көзінде
Өмірдің нұры үзілмей.
Бақыттай толқыр бақшада,
Балбырап бөбек гүл өңі.
Іңгәлап жылап жатса да,
Қайғысыз аппақ жүрегі.
Өзгенің жырын ұнатпай
Уілдеп айтып «ойлы өлең».
Сылдыры мөлдір бұлақтай,
Көктем бұл бөбек сөйлеген.
Құпия сыр боп көнілге,
Оянып толқын дүрмекпен.
Еркіндеп енер өмірге,
Еңбектеп келген бұл көктем.
Жапырақ жаю – басты арман,
Өрмелер талға бүр шығып.
Бөбек боп алғаш басталған,
Көктемгі сәби тіршілік.
Жүргенде ойсыз, талғамай
Бір сезім бар-ау...
соны ұғып,
Аңғырттау көктем аңдамай,
Қалады жазға жолығып.

Жаз
Толқыған сәтте сезіммен
Құрбыңның естіп назын бір.
Осы бір ойлы кезіңмен,
Кездесіп қалған жазын бұл.
Қуанышың ба, қайғың ба?
Бәрінде өткен жолыңның,
Сезімді мөлдір айдынға
Жүресің келіп шомылғың.
Арбасып қалған кездерде,
Жүректе бір-бір сыр калып.
Қарайсың тұнық көздерге
Өзіңнен өзің ұрланып.
Самсаған теңіз ой деген
Кеудеңнен толқыр аз ба ағын!
Жапырақтардан сөйлеген
Махаббат атты жаз бағың.
Жаныңда сезім өрті үрлеп,
Жанасың лаулап сезімге.
Тұрғандай бақыт мөлтілдеп,
Сен ғашық жанның көзінде.
Тұтатып сезім шырпыны,
Басылмай жүріп бойда аптық.
Ұшады көзден бір күні,
Жаз болып жайсаң бойдақтық.
Ыстық ең неткен мұншама,
Махаббат тұнған қайран бақ?
Қоштасқың келмей тұрса да,
Өтеді-ау жазың жайрандап,
Үйленген күңі жазынмен,
Қоштасқаныңда амалсыз,
Терезе қағып ңаз үнмен,
Күз досың келер хабарсыз.

Күз
Сырыңды айтпай жұртқа ашып,
Жаныңнаң үркіп сезім гүл.
Әрқашан ойлы бұлт басып,
Бататын ойға кезің бұл.
Аяулы жарын толғатып,
Мәуеңді сыйлар күзіңде.
Томпаңдап жүрсе мол бақыт,
Бір арман сенің ізіңде.
Ойлылау күзгі шағыңда,
Жарқын бір сағынар.
Бір ойың елдің қамында,
Жарыңның көнілі тағы бар.
Аңсайсың көктем самалын,
Бала шағыңа қызығып.
Қарайды күзгі жанарың,
Болашағыңа үзіліп.
Ойлайсың қамын халқыңның
Балаңа тілеп мәуені
Ойлайсын толғап ертеңін,
Бүгінін ойлап әуелі.
Сезіммен сыймай далаңа,
Елжірер жаның езіліп.
Бала боп жүріп балаңа
Әке болғаныңды сезініп.
Ақ қырау шалып қасыңды
Сары аяз қалмас ізіңнен.
Ұлпа қар жауып шашыңды
Қоштасқан күні күзіңмен.

Қыс
Аязбен кейде тыныстар,
Мүлгіген ойлы бақ мынау.
Ақ шашың бейне күміс қар,
Самайың тұнған ақ қырау.
Сілемі таудың елестеп,
Мұртында мөлдір мұз қатқан.
Қартайған шағың емес тек,
Аяздай жанды сыздатқан.
Мұздатар жаздың салқыны,
Мұңайтар мүмкін күзің де,
Сыздатар жанды әр күннің,
Қол бұлғап қалған ізіңде...
Тағдырға бәлкім сыр арттың,
Бал көктеміңді сағынып,
Жайсаң бір жазға кұмарттың,
Ойлылау күзге табынып.
Еске алдың талай осылай,
Келер күнді — таңды аңсап,
Жалғыздықтан шошымай
Қысқы аязды қартаң шақ.
Борандай толғар салтың-ау,
Аңсап бір өмір құздарын.
Ақсақал қайран қартым-ау,
Ақ қарым, қайран мұздарым!
Қоштасып қысқы кезімен,
Шуақты күткен бақтар бар.
Немере көктем көзімен
Кездесер қайран ақпандар.
Көктеммен қайта алмасып,
Қоштасар қыста күзіңдей,
Мезгіл мен мезгіл жалғасып,
Келеді Өмір үзілмей!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Шөл далада бәрі бар

  • 0
  • 0

Шөл далада бәрі бар,
Әр күн атар таңы бар.
Мекен еткен адам мен
Аңдар менен жануар.

Толық

Ньютон алмасы

  • 0
  • 0

Үзілді Алма!
Ұлылық жаршысындай,
Табиғат көз жасының тамшысындай.
Тап болды ұлы Ньютон маңдайына,

Толық

Менің миым мәңгілік қозғалыста

  • 0
  • 0

Менің миым мәңгілік қозғалыста,
Бірінен бірі озған сөз жарыста.
Баянды болашақты барлай қалсам,
Қиялым жетелейді көзді алысқа.

Толық

Қарап көріңіз