Бұл кім? – Әбділдә Тәжібаев

Бұл бетте «Бұл кім?» атты Әбділдә Тәжібаев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 02.12.2015
  • 0
  • 0
  • 11391
Осы бір тыным таппас елгезектік
Білмеппін көп сырларын, елемеппін.
Әншейін, пысық қана, адал жан деп,
Кейде оның дегеніне көне кеттім.
Ізденгіш жаңалығын астананың,
Құптағыш үлкендердің бастағанын,
Ішінде кәрілердің кәдешіл-ақ,
Айтады жас тобында жастар әнін.
Жаюлы дастарқаны мейманына,
Әдебі әжептәуір сыйлары да.
Ағаға семіз бағлан басын тартып,
Жеткізер іні қолын сирағына.
Адамның бәрімен дос бағы барда.
Көрінер тым бауырмал жағынарда.
Шаттығын шабыттанған жасыра алмас,
Арада араздык от жағыларда.
Көрмеген бітім айтып өмірінде,
Атану аралық дос жеңіл мүлде.
Қоштаса қошеметтеп күндіз оны,
Табады кешке мұның көңілін де.
Бағып тұр көргіш көзі алыстарды,
Танып тұр алысқанды, жарысқанды;
Күтіп тұр құлағанын биіктердің,
Тілеп тұр жылағанын таныстардың.

1957


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері