Өлең, жыр, ақындар

Жас жүрегіме

  • 02.12.2015
  • 0
  • 0
  • 3478
Жас жүрегім, жанба текке,
Бола берме арманда.
Өрлессең де жерден көкке,
Жай табу жоқ жалғанда.
Арманың көп, біту қайда,
Айта берсең күні - түн.
Тек мен білем, аһ, не пайда,
Менен басқа тыңдар кім.
Жалбарасың, зарланасың,
Есіл өмірің солады.
Жас майысқан ерке көңлің,
Лаулап отқа толады.
От жұтасын, ойланасың,
Тіпті көңілің тынбайды,
Сонда - дағы тағдыр басым,
Құрттай аяу қылмайды.
Жанба текке , солма босқа,
Жас жүрегім, қой енді.
Қайғы - зардың бәрін таста,
Қалғанына той енді...
Тұр қайыспай, оған қарсы,
Көкілегіңді аш, керіл!
Айт шыныңды, қарсы бар,
Бір көрмесе бір көрер.
Қайырымы жоқ, қатты тағдыр,
Сонда сені көрмесе,
Ширатылған шын сөзіңе,
Шын екен деп сенбесе:
«Жауыз, жалған, алдамшы, опқыр,
Кім кірмеген кермеңе.
Мен де соның бірі боппын,
Қош!..» де, қолды серме де.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

А, дариға - ай

  • 0
  • 0

Ес білгендей болсам да күні кеше,
Одан бері жыл өтті әлденеше.
Содан бастап бір бөлек өмір сүріп,
Өзге түрмен жасаппын бұл күнгеше.

Толық

Ақталу

  • 0
  • 0

Бұзылған дейді, жынды дейді,
Ісімді көріп көп адам.
Еткенін алған мойнына
Менен дұрыс бар ма жан?!

Толық

Жанталас

  • 0
  • 0

Шарқ ұрып жаным түсіп сергелдеңге,
Бірде ыстық, бірде салқын тартып дене.
Бұрқ етіп қайнап шыққан қызу қанмен,
Көзге жас тығылып тұр тамбай жерге.

Толық

Қарап көріңіз