Шекарадағы торғайлар – Темірхан Медетбек

Бұл бетте «Шекарадағы торғайлар» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 1220
Батыста, шығыс, күнгейде,
Жүрсе де қиыр шалғайда
Шекараны бiлмейдi
Шекарадағы торғайлар.
Мекенiн, сiрә, қия ма
Деме сен оны: кеттi асып –
Бергi беттегi ұяға
Арғы беттен шөп тасып;
Арғы беттегi ұяға
Бергi беттен шөп тасып –
Жүрсе егер тiрлiк қамымен
Думан қып шалқар кең жерiн
Үлгерiп жатқан бәрiне
Табиғат жұмыскерлерi.
Бергi беттегi ұяға
Арғы беттен жем iздеп;
Арғы беттегi ұяға
Бергi беттен жем iздеп –
Жүрсе егер тiрлiк қамымен
Өттi деме ел iздеп –
Өз елiм дейдi ол бәрiн де
Кетпесе шайып теңiз кеп...
Тынбастан бәрi ұшады
Күнiне мың кеп, мың өтiп,
Шекараны бұзады
Шекарадағы торғайлар
Тiршiлiк үшiн күресiп!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері