Өлең, жыр, ақындар

Жүрегімнің суреті

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 803
Атқарам деп өз борышын, мiндетiн,
құртамын деп жауыздықтың iндетiн,
шаршап, талып соқса тентек жүрегiм
дәрiгерлер:
әкел дейдi суретiн.
Кiрмеушi едi ауру пәле түсiме
неге айырылды албырт жүрек күшiнен?
Сонан кейiн рентгенге барам да
кеудемдi ашып
суретке оны түсiрем.
Маза бермей шығады ол түнiмен
бiр сырқаттың жабысқаны-ау шынымен.
Түсер сонсоң тентек жүрек суретке
арман,
үмiт,
қайғы,
шаттық,
мұңымен!
Қап-қараңғы бөлмеге кеп қамалған
түседi ол әлденеге алаңдап.
Бiлем, бiлем – жала, зұлым, өсекпен
жалғандықтар салған таңба бар онда.
Шаршады ма
мақсатыма жетем деп?!
Шаршады ма жұмыс iстеп өтем деп?!
Ал дәрiгер үңiледi суретке
шамадан тыс салмақ түскен екен деп...
Сауығамын
жұмысқа кеп жегiлем...
Басталады тағы бiр күн әбiгер.
Рентгеннен жүрегiңнiң суретiн
қайта алып кел, дейдi маған дәрiгер.
Ұшырайын деп ем одан жарық жыр,
амалым не,
тулап қайта соғып жүр...
Ескерткiш боп қалсын дей ме
суретке ол
жиi-жиi түсетұғын болып жүр.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Оруларын-ай, соруларын-ай!

  • 0
  • 0

Арбаң-арбаң еткен
Алып өрмекші
Өзінің
Улы сілекейлерімен

Толық

Кішкентай адам

  • 0
  • 0

Тоқтататын бұған қандай амал бар,
тоқтататын бұған қандай қамал бар, –
пайда болды пақырлықпен күн кешкен
кiп-кiшкентай,

Толық

Қожанасырдың есегі

  • 0
  • 0

Қожанасыр о баста-ақ
Құйтырқы айласы көп
Есептi бiлген.
Бiлген де

Толық

Қарап көріңіз