Өлең, жыр, ақындар

Салмақ салып қу тағдыр таланыңа

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 601
Салмақ салып қу тағдыр таланыңа
түскен кезде сыны мен сарабына.
Айтар сөздi айтпастан тұншықтырып,
қанша сөздiң қалдық бiз обалына.
Айтар сөздi айтпастан жасқанып бiз
қаншама рет жер құшып жастаныппыз.
Бүгiп қалып,
жасырып,
қайта жұтып
қанша сөздi өлтiрiп тастадық бiз.
Талай өттi шайқасып алысқан кез,
сөздерменен шарпысып салысқан кез.
Сол сәтте де қалады кейде айтылмай
айтылуға тиiстi арыстан сөз!
Айтар сөздi айту да,
ұлы ерлiк-ау,
айта алмастан қаншама түнердiк-ау,
Кеудемiзге арқандап ақын сөздi,
батыр сөздi батырып жiбердiк-ау.
Өзiнше бiр тiрлiктiң түрiн түстеп,
шiкiрейiп отырған үнiн күштеп.
мырза сөзге төрдегi түк айта алмай,
босағада бiр сөз түр тiлiн тiстеп.
Тiке қарап тағдырдың таяғына,
айту керек қарамай адамына —
оралмасын десең сен түлкi сөз бен
мияулаған мысық сөз аяғыңа!
Салмақ салып қу тағдыр таланыңа,
түскен кезде сыны мен сарабына.
Айтар сөздi айтпастан тұншықтырып
қанша сөздiң қалдық бiз обалына.
Жалған айтып сөз неге жағынады?
Құса болып сөз неге зарығады?
Обалына сөздердiң қала берме,
атар бiр күн сөздердiң әруағы!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бұлт

  • 0
  • 0

Ойға батып опынам –
өңiм бе бұл, түсiм бе? –
үнсiз кейде отырам
қара бұлт iшiнде.

Толық

Ақын

  • 0
  • 0

Өн бойында долы әуен мен нәзiк жыр,
қайрап алмақ болып ендi өзiн бiр
шабытты ақын шағын ғана бөлмесiн
әрi-берi кезiп жүр.

Толық

Дүниенi дүр сiлкiнтiп үркiткем

  • 0
  • 0

Дүниенi дүр сiлкiнтiп үркiткем
сонау бiр кез қос ауызды мылтықпен.
Кезiп жүрiп тау мен тасты тiнтiп мен
Дүниенi дүр сiлкiнтiп үркiткем.

Толық

Қарап көріңіз