Өлең, жыр, ақындар

Толғау

  • 03.12.2015
  • 0
  • 3
  • 42391
Әлемге толса көкірек,
Ашылар көзі сананың.
Құлақ салсаң, жақсылар,
Азырақ сөзді жазамын.
Көрейін мен де толғанып,
Келгенінше шаманың.
Дүбірге қызған жүйріктей,
Қызып тұр әзір табаным.
Айтқан сөзің бармайды,
Көңіліне наданның.
Аспан - жердей парқы бар
Деп айтады адамның.
Халық ішіне аралап,
Өнерді өлшеп шамалап,
Ұлғайса деймін қадамым.
Аман болса ағайын,
Үлкен - кіші жамайым,
Бәріңнің жақсы аманың.
Өзіме келген тіл бағы,
Өнері емес бабаның.
«Жігіттің көркі - өнері»
Жақсылардан шыққан сөз,
Алтынды - гауһар бедерлі.
Осы күнде халқымда,
Мәлім болып жалпығы,
Тілдің болдым шебері.
Етпекке кеңес келелі,
Азырақ сөйлеп берелі.
Бақ пен дәулет тең келсе,
Адамның толар кемелі.
Кімдерге бұғау салмаған,
Дүниенің асау белеңі ?
Біреу үйде отырып,
От басында хош ұрып,
Біреу жаһан кезеді.
Нақлиқатты мысал қып,
Төмендегі айтқан сөз
Майлы ақынның сөзі еді.
Мәлім болған халыққа,
Өтірік емес анық та,
Өнер алды - тіл еді.
Сарттан өткен Науаи
Тілдің гаусар гүлі еді.
Парсыда өткен Фирдоуси,
Заманында дүр еді.
Не жүйрік келіп дүниеге
Аяқтарын тіреді.
Қарсыласқан хандарға
Үзеңгісін шіреді.
Бәрі де өтті дүниеден,
Адам бар ма оларды
Есіткенде күймеген ?
Нұсқа қып айтсам кейінге,
Ақынның солар бірі еді.
Қай қазақтан ақын боп,
Өткендерден ірі еді ?
Талайы өткен ақын боп,
Дүниеге жақын боп,
Қалт - құлт етіп өңгесі
Бұлардан басқа жүр еді.
Майлы ақынның өзіне,
Ыбырат берер сөзіне,
Тірі болса осылар,
Болар еді - ау тірегі.
Осы кезде халқымда,
Сөз тастайтын артына
Меннен басқа кім еді ?
Өңкей жақсы қосылса,
Бітіреді кеңесті.
Өңкей жаман қосылса,
Шығарады егесті.
Мәмілемен іс бітер,
Бас қосып қалса көп есті.
Жақсының жолы - жарық күн,
Жаманның жолы - көмескі.
Жаман сөйлер лепіріп,
Орамалын желпініп,
Соза түсіп өңешті.
Мақтанғанмен жарамас,
Пайымы аз, кем есті.
Тентек бір - ақ аттайды,
Белес пенен дөңесті.
Жаман сөйлер халықтан
Бастағы мінін жасырып.
Жақсы сөйлер халыққа
Қызметін асырып.
Бағы қалың жігіттер,
Ешкімге бармас бас ұрып.
Халық ісіне, жақсылар,
Тоқталып қалма тартылып.
Бей қайраттың белгісі,
Таласты жер кез келсе,
Сөйле деп енді сөз берсе,
Жалт - жалт қарап тұрады,
Берекесін қашырып,
Сабыр - ақыл серігі,
Сабырсыз болма асығып.
Жүгірген аң, ұшқан құс,
Іздегені тамағы.
Әрекет етіп бәрі де,
Ырызық, ауқат табады.
Дәулет кетіп біреуден,
Біреуге жаңа қонады.
Нала болып біреулер,
Біреулер риза болады.
Бағы келген жігіттің,
Көңілі соғып жоғары,
Жамандықтан қалды ол,
Өзіне, дейді, обалы.
Жамандардың белгісі -
Сары ала қаздай саңғиды
Паналаған қоғаны.
Есерліктің белгісі -
Өтірік - өсек, аяңды
Іркелместен соғады.
Қасам ішіп, ант ұрып,
Тіліне алар тобаны.
Бағың барда, жігіттер,
Тоқталып сіра іркілме.
Жұрт қарасын қызығып,
Бәрекелді деп шіркінге.
Арзымас іске еліріп,
Бос салынба күлкіге.
Ьір күні өтер өмірің,
Қараңғыда қалып көңілің,
Дүние ұқсар түлкіге.
Парасатты ер жігіт
Ақылмен әр іс білед.
Мен істедім бәрін деп,
Өзгеден артық әлім деп,
Ие боп тентек жүреді.
Ақылсыздың белгісі,
Орынсыз жерде күледі.
Талап, білім, еңбексіз -
Қалайша тірлік жеңбексіз ?
Бос күлкіге салынып,
Қара терге малынып,
Жақсы болған кім еді ?
Елге келген салмақты
Жақсы жүрер көтеріп,
Табытын қағып шай ішіп,
Тентек жүрер жөтеліп.
Жаман, жақсы әр іске,
Қалады дейді еті өліп,
Көпті көрген ер жігіт,
Көсем болар төселіп.
Азырақ, халқым, тыңдаңыз,
Бәһәнә бұны қылмаңыз,
Бір әңгіме етелік.
Елге келген жұмысқа
Жақсы жүрер қайысып,
Жаман жүрер майысып,
Гуілдесіп тентектер,
Бұл жұмыспен ісі жоқ,
Отырады шай ішіп.
Жолын тапсаң орын көп,
Білмейді соның жолын көп.
Табалайды бір - бірін,
Қойшы ісін соның деп.
Қай жерде оңып жүр еді,
Қай тірлігі оның деп ?
Бақ келсе бір күн жақындар,
Сізге жақын мен едім,
Берші маған қолың деп.
Жақсы сөйлер шешіліп,
Бастағы мінін жасырмай.
Кіші пейіл әдепті,
Басынан сөзді асырмай.
Адырайған есуас,
Дүмбірлеп сөйлер тасырлай.
Болымсыздың қылығы,
Адамға жоқ жұғымы,
Қашатұғын қашырдай.
Екі дер сөзді айтпаймын.
Қайсарлықтың белгісі,
Ессіздіктің белгісі,
Бетімнен деймін қайтпаймын.
Бұл сияқты баланы,
Болар деп халық адамы,
Қалайша енді мақтаймын ?
Тура сөзді айтам деп,
Көбісіне жақпаймын.
Елде жүрген жақсы көп,
Халықты жегіш лыпылдап.
Жай халыққа сөз бермес,
Аузы - басы жыпылдап.
Жақсыны көрсе табалар,
Сауысқанша шықылдап.
Алар жерге келгенде,
Жан салмайды сыпылдап.
Бір парасы тым салақ,
Шаруаға сылпылдап.
Түзге шықса сырдаң боп,
Мен белгілі мырзаң деп,
Үйінде қалар қылпылдап.
Өсекшілдің белгісі,
Сөйлесе сөзді шым - шымдап.
Сұлу тұрар керіліп,
Кербез тұрар қылтыңдап.
Тақыстардың мінезі,
Жақтырмас сөзді қыртыңдап.
Насихатты сөзімнен,
Кез келгенде өзімнен,
Қалса деймін бір тыңдап.
Жаман - жақсы әр істі
Пейілінен адам табады.
Парасатты ер жігіт
Жақсыдан ыбырат алады.
Ерінбей бейнет еткеннің,
Еңбегі дейді жанады.
Жақсы болып өседі,
Осылай қазақ деседі,
Тойға барса баланы.
Алымларға оқытып,
Көңіліне білім тоқытып,
Көрсетпейді қаланы.
Думан - қызық көкпар боп,
Бақ таласып барлығы,
Сиазға атын салады.
Бір - біріне жалғайды,
Қара төһмәт жаланы.
Күші жеңген басым боп,
Әлі келген алсын деп,
Бір жағы шаршап қалады.
Өздерінше билеп жүр,
Адырда қалған даланы.
Насихат сөзді айтқанмен,
Көңіліне қалай алады ?
Ақын маған келер деп,
Жырын айтып берер деп,
Ақысын халық төлер деп,
Отырады үйінде,
Би - болыстар жаңағы.
Сонда да мейлі сөйлейін,
Кішірдім бақтан демейін,
Халықтың болсын хабары.
Бұрынғы айтқан нақылда,
Қонатын сөз көп ақылға,
Алуан - алуан жүйрік бар,
Әліне қарай шабады.
Дегендей боп мен - дағы
Сөйлейін өз халқыма,
Тұрсам осы қалпымда,
Болмасам да, болсам да,
Әзірше аса бағалы.
Ерінбей Қожаң сөйлесін,
Опасыз мына жалғаннан
Кеткенше тайып табаны.
Жарасар ер кемде - кем,
Егес болса қабақта.
Әшейінде әркім - ақ
Өтіп жүрер санаққа.
Баяны жоқ дүние - ай,
Бітсейші дәулет - талапқа!
Жаманнан жолдас ертсеңіз,
Болмайды сірә амалы.
Басыңа мехнат - күш болар
Достай болған жаманы.
Ой жіберіп көрейін,
Көңілді қозғап шамалы.
Алдымдағы жақсылар,
Осындай кезім келгенде,
Қожеке, сөйле дегенде,
Тартынбай айтып өлеңін,
Ақының әнге салады.
Жаман, жақсы Алланың
Болады ісі қалаған.
Дәулет көшіп біреуден,
Біреуге қонар жаңадан...
Асықпай - ақ жолығар,
Әркім асса шамадан.
Қарыздар болсаң жаманға,
Тар жерде алар жағадан.
Уәжге көнбес түсініп,
Көп сөзіне ісініп,
Құтырар иттей қабаған.



Пікірлер (3)

Əдемі өлең.

Əдемі өлең.

Маржан ханым

Барин камтып ашып айткан

Тоқтамыс Рамазанұлы

қандай керемет өлең!

Пікір қалдырыңыз

Ескі мырза, манаптар, бегі, салы

  • 0
  • 1

Ескі мырза, манаптар, бегі, салы,
Балық жыл бастарыңа не күн салды?
Мінуге атын ерттеп ерінгендер,
Қарайып аяқ - қолы егін салды.

Толық

Зор сүйінші айтайын, мұсылман болып туғанға

  • 0
  • 0

Зор сүйінші айтайын, мұсылман болып туғанға,
Ислам жолын қуғанға,
Ләбәйкә деп, рухым Хаққа да мойынсұнғанға.
Шүкірлік қылғын жарандар,

Толық

Жақсы болсын жұбайың

  • 0
  • 0

Көштің көркі түйе еді,
Шыңырауға Қауға байлап бақ.
Жетекші келер жылқы мал,
Семізін мініп айдап бақ.

Толық

Қарап көріңіз