Өлең, жыр, ақындар

Антитеза

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 407
1. Қарғыс
Зiлзала күн туып ерте заманда
бiр уыс боп тұрған қалам, далам да.
Жаулар төнген жан-жағынан жалаңдап,
белiңдi үзiп,
саламын деп табанға.
Қырылып бiр жатса да ұрпақ өрiмдей
туған жерден бiр адым да шегiнбей
тұрған екен жұдырықтай түйiлiп
елiм менiң берiлмей.
Басқа түгiл әйел қолға ап бақанын
батыр болып шығарыпты атағын.
Бiрақ, бiрақ бiр опасыз
жау жаққа
өтiп кетiп сатқан екен Отанын.
Бұл сұмдыққа –
елдi, жердi қорлаған –
күйiнбеген жан баласы қалмаған.
Сонан кейiн сол опасыз сатқынды
бүкiл ел боп,
бүкiл жұрт боп қарғаған.
Қарғаған ғой –
атын жерден аластап,
қарғаған ғой –
атын елден аластап.
Сол қарғыстан қақ айырылып қара жер,
жерге құлап түскен екен қара аспан.
Қап-қара боп түнге айналып жарық күн,
қара есiгi ашылыпты тамұқтың.
Сол опасыз өкiрiп кеп құлапты
ақырында қарғысы ұрып халықтың.
Қалмаса да есiмi оның көңiлде,
айналса да сүйегi оның көмiрге,
жата алмастан халық айтқан қарғыстан
әлi күнге өкiредi ол көрiнде!

2. Алғыс
Ерте кезде –
ерте, ерте, ертеде,
осынау бiр көне мекен өлкеде
шақтар туған жалаңдатып қылышын
көк сүңгiсiн тiреп тұрған желкеге.
Езген елдi қаралы күн,
мұңлы күн.
(Тiзiп оның тауыса алмассың сұмдығын).
Тұрған екен бүкiл халық теңселiп,
айта алмастан ақиқатын,
шыңдығын.
Жанын, жарын,
тiршiлiгiн тәрк етiп,
қаптап тұрған жұрттың бәрiн тәнтi етiп
сол бiр кезде кескектi ердiң сойындай
шыққан екен бiр перзент жарқ етiп.
Жан екен ол – шамырқанған шабытты,
таң қалдырып дүйiм елдi, халықты
сәуле ойнаған ақ семсердей жарқылдап
бәрiн айтып салыпты.
Таң қалдырып –
тәккәппарын, жарлысын,
таң қалдырып –
арсызын да, арлысын
ақтарыпты ол.
Риза боп сол кезде
жаудырыпты қаптаған ел алғысын.
Құшақтапты әке оны бауырға ап,
құшақтапты ана оны бауырға ап.
Жауған алғыс аппақ нұрға айналып,
төгiлiптi үстiне оның сауылдап.
Ол ұстаса – қураған тал бүр жарып,
ол қараса – ағады екен мың жарық.
Елдi кезiп жүрген екен сол адам
төбесiне ағыл-тегiл нұр жауып.
Атап соны жорытқан ел түстi де,
соған, соған сиыныпты күштi де...
Нұр себелеп тұрады екен сол жанның
әлi күнге қабiрiнiң үстiне!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Суық дүние

  • 0
  • 0

Сұп-суықсың,
дүние,
ызғарлысың!
қатулысың,

Толық

Шөл

  • 0
  • 0

Шөл бар менде Қызылқұмдай аптаған
өртеп менi ыстығына қақтаған.
Мүмкiн емес өлшеу оның аумағын,
сыйып кетер оған теңiз, тауларың...

Толық

Бәйтерек

  • 0
  • 0

Аспан құлап,
түссiн мейлi жай кенет,
былқ етпейдi желге қарсы бой демеп,
табиғаттың палуаны апай төс

Толық

Қарап көріңіз