Аптап күні жазылған өлең
Бұл бетте «Аптап күні жазылған өлең» атты Темірхан Медетбек жазған поэзия туралы өлең берілген. Өлең мәтіні, текст, өлең жолдары және толық нұсқасын осы жерден оқуға болады.
Аптап күн бұл –
бұрын-соңды көрмеген.
Жалын ұрар вулкан-сынды сөнбеген.
Жерге түсiп аспан мынау айналып,
көкке ұшқандай төңкерiлiп жер деген.
Болмайтындай ендi бесiн, екiндi.
Лап ете қап от шарпиды бетiңдi.
Бетон киген алып үйлер –
ұстасаң –
күйiп тұрған алып пештер секiлдi.
Мұнар ағып көше бойын жағалай.
Бұл дүние өртенедi,
жанады-ай!
Анау жатқан асфальттi алаң да
шоққа қойған қызып тұрған табадай.
Түсiнiсу, ұғынысу әлi аздай.
Жер менен Күн бiр-бiрiмен араздай.
Жапырақ та –
тiршiлiгi бар деген –
судырлайды кеуiп қалған қағаздай.
От шарпытып жер мен көктiң арасын
өзiң де ендi өртенесiң, жанасың.
Бүкiл iшкi дүниеңдi өрт етiп
демiңдi алсаң –
жалын ұрттап аласың.
Шым-шытырық өңi түгiл, түсi де –
қиын-ақ қой ойлы, қанды кiсiге.
Бұл өмiрдiң –
құдайым-ау қайтемiз! –
боп кеттi ғой сырты да өрт, iшi де.
Күймей қалай жүре алмақпын ендi мен,
дей алмаймын салғырттыққа көндiгем.
Сырттағы өрттiң әлi-ақ табы қайтар-ау,
iштегi өрттi қалай ғана сөндiрем.
Қап қара боп күйiп кеткен жыр елiм,
қап-қара боп күйiп кеткен реңiм.
Өрт iшiнде қалды менiң тiлегiм,
өрт iшiнде қалды менiң жүрегiм.
Бiрде ақын,
ендi бiрде пақырмыз,
бiрде алыс,
ендi бiрде жақынбыз.
шыжғырылып, күйiп-жанып, өртенiп
от iшiнде жүрiп келе жатырмыз.
- Шәкәрім Құдайбердіұлы
- Әл – Фараби
- Төлепбек Жантай
- Есбол Бозан
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі