Үш қазақ

Қазақша өлең мәтіні, өлең жолдары және толық нұсқасы.

  • 09.06.2022
  • 0
  • 0
  • 906
Бұл оқиға көз салдырып қиырға
сезiм, ойды айналдырар құйынға...
Шақырылды беделi бар үш қазақ
көршi елдегi беделдi бiр жиынға.
Ол бiр жиын ел-жұрт күткен iс едi.
Ел атынан шақырылды үшеуi...
Көп ұзамай ұшып шығып үш қазақ
Қадiрiмен аэропорттан түседi.
Қарамастан қауiп-қатер,
қиынға,
кiрейiк деп тас-түйiн боп ұйымға, –
түбi, тегi бiр елдердi шақырған
басталды ғой сол қадiрлi жиын да!
Дей алмаймын,
дей алмаймын кеш, мұны!
Кешер, мұны,
жоқ жан ғана еш мұңы, –
ашылғаннан сол бiр жиын
басталды
үш қазақтың бiр-бiрiне өштiгi.
Сахнаға шығып едi бiреуi,
күл боп кеттi екеуiнiң реңi.
Басқа бiреу мақтап едi басқасын
Мұздай болды қалған екеу жүрегi.
Күтушi жұрт iлтипатын елбiреп
бiреуiне көрсетсе егер көбiрек, –
қалған екеу дайын тұрар
оны ендi
жiберуге, iреп сойып,
кергiлеп!
Сол үшеуi –
үлкенiң де,
кiшiң де, –
сайлап тiлiн,
қайрап тұрды тiсiн де...
Бiр-бiрiмен дұшпан болды көрместей,
сол үш қазақ үш-ақ күннiң iшiнде.
Қызғаныштың құлы болып ақылы,
бiр-бiрiне жат көрiндi жақыны.
Бiр-бiрiнiң –
жан-жүрегiн тiлгiлеп,
бiр-бiрiнiң –
бетiн жыртты ақыры.
Бiрлiк жолы, –
соншалықты ұзақ па ең? –
Қарсы аласың қашан бiздi құшақпен.
Сол үш қазақ қайтты ауылға үш бөлек:
аутобуспен,
пойызбенен,
ұшақпен!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Үш қазақ өлеңінің авторы кім?

Темірхан Медетбек — осы өлеңнің авторы.

Үш қазақ өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін онлайн оқуға болады.

Үш қазақ өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Темірхан Медетбек өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Үш қазақ өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні мен шумақтары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері