Билікқұмар
Ұлы дала,
сахара төсiндегi,
көш бастаған керуен-көшiмдегi,
үлкен, үлкен Ақыл-ой,
кешiр менi,
үлкен, үлкен Парасат кешiр менi!
Жүргем талай қия-құз
ұшпаменен,
айырамын биiктi қысқаменен.
ақылы бар,
парасат,
пайымы бар
азаматқа қас емен,
дұшпан емен!
Қай уақытта көрсең де жидiп тұрар,
ой-санасын,
болмысын құл қып тынар,
жанын жалдап ұятын,
арын сатқан
билiкқұмар жан көрдiм,
билiкқұмар.
Елеместен күнiңдi шұғылалы
билiктi ойлап сiлекей шұбырады.
Билiктен соң билiкке жетем деумен
есi кетiп емiнiп құнығады.
Бал-шырынын билiктiң татсам дейдi,
қызығына күн-түнi батсам дейдi,
дүниенi төрт бүктеп алып ұрып
аяғымның астына бассам дейдi.
Қарамайды ол –
жатсаң да сорға батып,
у төгедi сөзiнен сорғалатып.
Азамат қып аялап,
адам еткен
қойсам дейдi елiмдi жорғалатып.
Зәрезап боп ел одан безектеген,
залым, қу ол адымын есептеген.
Қаруланған,
мұздай боп қаруланған
Жалған-жала,
өтiрiк-өсекпенен.
Дей көрмешi:
онымен жарасып ең
Дей көрмешi оған сен:
адасып ең!
Өсегiмен өртейдi жүрегiңдi,
күйе жағар бетiңе жаласымен.
Қарамайды ол жасыңа,
кәрiңе де,
қарамайды ол босаға,
төрiңе де.
Көгергендi түбiнен көктей жұлып,
зәрiн шашып тұрады бәрiне де.
Құдайым-ау! Ең сорлы,
ең азабы, –
ертеңiме бүгiн ол көр қазады.
Осы бiр жан билiкке келмесiн де,
келсе егер де –
жер тозып,
ел азады.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі