Өлең, жыр, ақындар

Қуғын

  • 09.06.2022
  • 0
  • 1
  • 702
Үстiрт үстi
Күн дегенiң күйiп тұр.
(Ал жүректе күннен өткен күйiк тұр).
Шофер жiгiт қуып бердi құйғытып
кездестi де үйiрiне киiктiң.
Қуып бердi – қаны қозып желiгiп.
Келе жатқан бола-тұғын ерiгiп.
Қуып бердi алдына сап үйiрдi.
Ендi мүлде есi кетiп елiгiп.
Қуып бердi алып бiр жақ бүйiрiн,
келтiрем деп кең далада иiнiн.
...Ал бiр теке көлденеңдеп, осқырып
қорғап келе жатты байғұс үйiрiн.
Түстi үйiр де сол текенiң ығына,
қанық болса керек қуғын сырына.
Кер текенiң көлденеңдеп жүргенi
Қуғыншының әбден тидi «жынына».
Жыны келдi, – бағына әлде, сорына –
кезек қарап оңы менен солына –
бәрiн тастап шофер жiгiт
тек ендi
түсiп бердi кер текенiң соңына.
Қуғын ендi түстi келiп төтеге.
Қуғын ендi түстi келiп жекеге.
Өз үйiрiн қалу үшiн құтқарып,
солай етсе керек әккi теке де.
...Тәттi едiң өзiң, неткен жалған-ай!
(Оны қалай қалам ендi толғамай)
...Қуғыншыны iлестiрiп соңына
айтақырмен теке киiк заулады-ай!
Алаңдамай ендi мүлде ешкiмге,
дегендей-ақ өз жолыма түстiм бе? –
көтерiлiп қанатсыз-ақ кер киiк
ұшып келе жатты жердiң үстiнде.
Ұшып келе жатты жердiң үстiнде.
Пыр-пыр етiп қарамастан ешкiмге
Зулап келе жатты киiк
жақындап
қалған кезi бола-тұғын кештiң де.
Көк сұрапыл қуғын болды –
сұрама!
Кең жазықта жоқ едi бiр жыра да.
Дегенменен көк темiрлi машина
қуып жетпей қояды ма, сiрә да.
Теке тартты айтақырдан шығып-ай.
Қос мүйiзiн, қос құлағын жымып-ай.
Қуды жiгiт кегi кеткен секiлдi
iшiне бар өшпендiлiк тығып-ай.
Қалай ғана құтылмақшы ұшпаған.
Құтыла алмас шақ та туды қысталаң...
Зулап келiп сол кер теке кенеттен
тастады өзiн терең қабақ ұшпадан.
Қарай ма адам жұлдыз болып аққанда,
кеудесiнде ашу, ыза жатқанда, –
машина да зулап келген бойында
ұшып кеттi терең сол бiр шатқалға...



Пікірлер (1)

Айжамал

Өте мағыналы өлең екен

Пікір қалдырыңыз

Сені сағынғанда

  • 0
  • 0

Жүрмiн қазiр сенсiз мен азар мұнда!
Қызығым жоқ бұл өмiр-базардың да.
Жыласам да,
күлсем де,

Толық

Қуғын-сүргін заманы

  • 0
  • 0

Ұлы Далам,
Ұлы Елiмдi қуғынға салды.
Көз көрiп,
Құлақ естiмеген

Толық

Сталин өлген күні

  • 0
  • 0

Бұл күндi мен,
бұл күндi мен бiлемiн.
Есiме алсам бұлқынады жүрегiм.
Жылдар бойы алданғанын сезбеген

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар