Өлең, жыр, ақындар

Қарғыс

  • 14.06.2022
  • 0
  • 0
  • 635
Сонау ерте заманда
Аңдаусыз жатқан
Аңқау елiмдi,
Аттан түсiп
Семiрiп кеткен
Жалқау елiмдi, –
Жау шапты.
Қара құрымдай қаптады.
Талауға түсiрдi.
Табанға салып таптады.
Аяғына бұғау,
Мойнына құрық салды.
Еркек кiндiктi
Түк қалдырмай
Қырып салды.
Әйел бiткен сұңқылдап
Шаштарын жұлып,
Беттерiн
Қанжоса қып осып,
Күл шашып,
Топырақ лақтырып сарнады.
Маңдайын
Қос қолдап ұрып,
Қара жердi тоқпақтап
Қанiшер сол елдi
Күнiмен,
Түнiмен қарғады.
Таңға қарап қарғады,
Қанға қарап қарғады,
Айға қарап қарғады,
Күнге қарап қарғады,
Отқа қарап қарғады
Оққа қарап қарғады.
Орындарына қарғап жатты.
Орындарынан қарғап тұрды.
Жердiң үстi
Талақтай түрге енiп,
Аспан асты
Әруақтай күңiренiп
Зарлап тұрды.
Айнала
Алағай да бұлағай боп
Iбiлiс, жындармен
Өшiккендей болды.
Тәңiрi ием
Қарғысты
Есiткендей болды.
Дүние түнердi.
Аспанға
Талақтай қағынып,
Өкпедей iсiнген,
Жай атып,
Жасын лақтырған
Қап-қара бұлттар шықты.
Бiр жұртты қырып салған
Елдiң үстiне
Сол бұлттар
Ағылып жеттi.
Самұрық құстың қанатындай
Бауырынан
Дауыл соқтырып
Сабылып жеттi.
Аспан қақырып жарылды.
Әлдене есiрдi,
Әлдене қабынды...
Сол елдiң үстiне
Қара бұлттардан
Қара шұбар жыландар
Жауып тұрды.
Аспаннан ирелеңдеп
Күндiз-түнi ағып тұрды.
Сумаңдап түсiп
Қанiшер елдiң
Есiгiнен де кiрдi,
Тесiгiнен де кiрдi,
Бесiгiне де кiрдi.
Уын шашты.
Қанын сорды.
Сол ел
Қынадай қырылды.
Көктей солды.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Білсең айтшы...

  • 0
  • 0

Айнала тып-тыныш.
Әдеттегідей
Бірде күн шығып,
Бірде жауын жауып тұр...

Толық

Сенімді ит трагедиясы

  • 0
  • 0

Қайта алмастан қалаға
қалсын дедi-ау қаңғырып,
бiреу бiр күн далаға
итiн кеттi қалдырып.

Толық

Қаладағы иесіз иттер

  • 0
  • 0

Тiршiлiктiң бұзылған ба жүйесi –
болмаушы ма ед ит дегеннiң киесi.
Тiршiлiктiң бұзылған ба жүйесi –
болмаушы ма ед ит дегеннiң иесi.

Толық

Қарап көріңіз