Опынғанда – Темірхан Медетбек

Бұл бетте «Опынғанда» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 20.06.2022
  • 0
  • 0
  • 756
Менi бiр досым
Соқыр тиынға баламай
Сатып кеттi.
Сонысы
Жүрегiме пышақ сұққандай
Батып кеттi.
Тағы бiр досым
Күлдiң үстiне
Шалып құлатты.
Бетiме күйесiн
Жағып құлатты.
Опынып қалдым.
Жұртта қалғандай
Отырып қалдым...
Бiреулер абалап жатты.
Бiреулер табалап жатты.
Iбiлiс, жын бiткен, –
Менi мазақтап! –
Салақтаған тiлдерiмен
Құйрықтарын сабалап
Етектерiн түрiп бара жатты.
Перiлер мен сайтандар
Қара бұлттарды жамылып,
Аспаның астын шулатып, –
Сақылдап! –
Күлiп бара жатты...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері