Бас туралы жыр – Темірхан Медетбек

Бұл бетте «Бас туралы жыр» атты Темірхан Медетбек жазған поэзия туралы өлең берілген.

  • 24.06.2022
  • 0
  • 0
  • 531
Аспан астындағы
Бүкiл мына тiршiлiктiң
Бұл ендi
Барып тұрған соры болды:
Адамның басы –
Алланың ғана емес! –
Адамның да
Добы болды.
Қарашы!
Бар жер,
Бар тұста да
Бiрiнiң басын
Бiрi теуiп жүр!
Содан ләззат алып
Iсiп-кеуiп жүр.
Соны көрiп тұрған
Аспан төсiндегi
Баданадай-баданадай жұлдыздар
Көз жасындай боп
Сорғалап ағады;
Бiр жағы өрт
Бiр жағы мұз
Қайран Жер Шары да
Махамбеттiң
Кесiлген басындай боп
Тұңғиық кеңiстiк iшiнде
Домалап барады...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері