Мағыналы-мағынасыз хал – Темірхан Медетбек

Бұл бетте «Мағыналы-мағынасыз хал» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 25.06.2022
  • 0
  • 0
  • 644
Мен қазiр
Мелшиген тас сияқты
Күле алмай қалдым.
Ұйықтасам оянатынымды,
Оянсам ұйықтайтынымды
Бiле алмай далмын.
Жалба-жұлба киiнген
Үрей мен қорқыныштар
Менi жағамнан алып
Қараңғыға
Сүйрелеп жатыр.
Жүрегiме
Күдiк-шыбындар –
Өлексеге жиналғандай! –
Үймелеп жатыр.
Апыр-ау,
Сөйлесем
Дауысым шықпайтыны қалай?
Даусым шықса
Сөзiмдi ешкiм
Ұқпайтыны қалай?
... Ал санамда (бұл кезде)
Жүздеген жылдар бойы
Өскен
Рух-ағаштарым
Түбiрiнен шабылып жатты.
Ойларым
Отқа тасталған жыландар сияқты
Шиыршық атып бұлқынып,
Сонан кейiн күптей боп iсiнiп
Тарс етiп
Жарылып жатты.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері