Ауыр сөз – Темірхан Медетбек

Бұл бетте «Ауыр сөз» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 25.06.2022
  • 0
  • 0
  • 1147
Халықтың атына
Ауыр сөз айтылды!
Шойын балғамен
Құлаштап төске соққандай,
Найзағай қақ айырып
Құлатқан қара жартастай,
Панасыз жетiмнiң
Көз жасындай,
Қатаң үкiм шығарып
Үстелдi ұрған
Соттың балғасындай,
Қайықты соққан
Алып толқындай,
Қап-қара түндей,
Пiлдей,
Зiлдей
Ауыр сөз айтылды!
Сонан кейiн
Әлдене түтеп,
Әлдене ыңырсып,
Әлдене қалбаңдап,
Әлдене бұрқырап,
Әлдене зарлап,
Әлдене сарқырап,
Әлдене арқырап ұшты...
Сол бiр ауыр сөзден
Мына дүние
Төңкерiлiп барып,
Төңкерiлiп барып,
Төңкерiлiп барып
Әйтеуiр әупiрiммен
Қайтадан қалпына түстi!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері