Өлең, жыр, ақындар

Тұтқынға түскен көк түрік аруының зары

  • 25.06.2022
  • 0
  • 0
  • 437
Ой, Тәңiрi-ай!
Күнi кеше ғана
Таудың тас емшегiн иiтiп
Алтын шайып ағатын
Бұлақтың жағасында өскен
Құрақ едiм ғой.
Бүкiл бiр елдiң
Алтын тұғырында
Алтын сәулелер жамыратып
Жарқырап жанып тұрған
Шырақ едiм ғой.
Апыр-ай,
Орақ қиған құрақтай –
Шынымен! –
Өлгенiм бе?!
Албасытының демi тиiп
Жалп етiп өшкен шырақтай –
Шынымен! –
Сөнгенiм бе?!
Қарға түстес қара шашымды
Алдыма жайып
Зарлап отырмын.
Қураған қамыс iшiнде
Уiлдеген желдей боп
Сарнап отырмын.
Түйелерi
Жынын шашып бақырып,
Жылқылары
Жаны шырқырап кiсiнеп,
Бұқалары
Күлiн шашып мөңiреп,
Қошқарлары
Басын шайқап азынап,
Азан-қазан боп
Босып кеткiр
Қараң қалғыр қаскөй елдiң
Қолына түскенiм-ай.
Өзеннiң тұнығында
Аппақ сазандай
Асыр сап ойнап жүрiп
Аңдаусызда
Торына түскенiм-ай.
Жүрегiме мұз басқандай
Түршiгiп кеттiм.
Сандық тастың астынан
Ысқырып шығатын
Сары жылан шақпай-ақ
Ыза мен күйiктен
Iсiнiп кеттiм.
Үстiме күн түсiрмей
Мәпелеп өсiрген
Ағайын туыс пен
Туған ағамдай
Жақыным бар едi.
Сол жақыным, қайдасың?!
Серттен берiк сөз берiскен,
Тәттi тiлмен бал берiскен
Батырым бар едi.
Сол батырым, қайдасың?!
Ей, Тәңiрiм,
Осы тiлегiмдi бершi:
Сол жақынымнан айырған,
Сол батырымнан айырған
Құрып кеткiр мына елдiң
Iшi-сыртын түп-түгел
Бақа-шаяндар басып,
Шұбар жыландар жайласын.
Қазiр менiң
Көзiмнен төгiлiп
Көлдей болған жасым
Аспанға бу боп ұшып
Бұлтқа айналып,
Төбемнен қайта
Жаңбыр болып жауып тұр.
Ей, Тәңiрi,
Маған азаттық бермесең де, –
Егер бар болсаң! –
Мына қас жауымның
Әрбiр көрген күнiн
Азап пен тамұқ қыл!
Жайқалған жасыл шалғынын
Қыл менен қылтанақ етiп,
Аспандап өскен ағаштарын
Бесiк етпей,
Табыт қыл!
Ей, Тәңiрi,
Бер осы тiлегiмдi.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Көштер

  • 0
  • 0

Өртеп күнi қақтаған
күңiрентiп даланы,
азаматын жоқтаған
көштер өткен қаралы!

Толық

Картаға түспеген өзендер

  • 0
  • 0

Жоқ олар әлемдiк картада.
Шықпаған атағы асқақтап,
сыймаған тарылған масштабқа;
құмайттан, шөлейттен қашқақтап,

Толық

Бір төбет туралы жыр

  • 0
  • 0

Төбет едi ол ол арынды –
жотадай боп тұратын, –
арғы тегi,
кәдiмгi,

Толық

Қарап көріңіз

bilim-all.kz
Would like to send you notifications