Өлең – Тайыр Жароков

Бұл бетте «Өлең» атты Тайыр Жароков жазған поэзия туралы өлең берілген.

  • 07.07.2022
  • 0
  • 0
  • 1221
Өлең шіркін — ұялшақ кейде қыздай,
Кейде — қоймас жүректен күйді ағызбай,
Жансыз өлең сезімді суытқандай,—
Басылады жүрекке кейде мұздай.
Өлең — бірде, назданған ғашық жардай,
Бірде — лаулап, бірде — сұлық басылғандай
Бірде —бұлтты сөккендей жарқ-жұрқ етіп
Найзағайша қуатын асырғандай!
Өлең — кейде сәбидей талпынады,
Кейде— ананың жанындай балқымалы,
Кейде — долы теңіздің толқынындай,—
Мінезі бар «тентектің» шалқымалы!..
Менменсініп керілген кейбір кердең,—
Бағаламай өлеңді жеңіл көрген,
Үстірт қарап бола ма менсінбеуге,—
Жақсы өлеңді шынайы өмірге енген.

1955


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері