Өлең, жыр, ақындар

Менің далам

  • 10.07.2022
  • 0
  • 0
  • 901
Даламның көктем туа тау, қырлары
Жаңғырып, жазда қай гүл жарылмады,
Шөп түбі саусақтардың саласындай
Жерде алыс жатыр терең тамырлары...
Қырдың жаз көрсем аққан бұлақтарын
Жел соқса сыбдырлаған құрақтарын,
Шөп басы діріл қағып, қыр дүр етіп,
Елеңдеп тұрар дала құр аттайын.
Биікте,— қар көйлекті шың басынан
Шарықтап ұшса қыран жемге ашынған,
Көруші ем өскен селдір селеулерді
Тап-тақыр тың даланың тұлғасынан...
Ал, бүгін жарқын балам өр бетіне
Көз тіксем,— гүліңді жел тербетуде,
Қараса ат үстінен мойын созып,
Таң қалған кәрі қазақ келбетіне.
Ат емес тұяққа ілген тағаларын,
Жаңғыртқан мотор үні дала маңын,
Аққұба, қараторы,— жастар легі
Жүр жыртып жердің шұрай бар алаңын.
Ақ қарда тіккен қыстап шатыр маңын
Былтырғы брезентті шатырларын
Көрдің бе, жиып биыл, жаңа салған
Жас қала — ағаш үйлер отырғанын...
Ылғи жас жаңа қала тұрғындары.—
Қонағы құдандалы қырдың дағы,
Сәбиля сауық кеште биге шықса,
Қас қағып Микола да қырындады...
Көк теңіз, құйылса өзен, шарасынан
Асқандай, өлкемнің кең бағы ашылған,
Сондай-ақ тыңға келген жастар тобы
Москва, Украина даласынан.
Көк майса жатқан шалқып бұл төңірек
Құлпырды ылғи бір жас өрені кеп,
Ұқыпты қолды күткен тың жер жоны
Жіберді дән тамырын тереңірек!..
Кең далам құшағыңа жұлдыз толып,
Түнің де кетті мүлде күндіз болып,
Мөлдіреп көл найқалып, жер жайқалып
Жатқанын көзімізбен тұрмыз көріп!
Жастық күш жалындай түс, қорғалама
Еңбектің құдіретін бер далама!
Тамырын достықтың зор тарт тереңге,
Тамырсыз шөп те өспейді тың далаға!

1958



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ленин шамы

  • 0
  • 0

Көңілді шадыман топқа шаршыдағы,
Кеудемнен неше алуан ән шығады.
Жарқ етіп атқан таңдай ауылымда
Жайнады ұлы Ленин шам-шырағы.

Толық

Княжна

  • 0
  • 0

Асқар таудың үстін өрлей,
Тушы кешкі жұлдызым,
Еріксізде жүріп бірге,
Сырласалық біз бүгін.

Толық

Миллион толқын

  • 0
  • 0

Мың-мың қолдар, миллион милар,
Милар миллион қимылда,
Миллион толқын,
Толқын миллион

Толық

Қарап көріңіз