Қыз балдағы – Тайыр Жароков

Бұл бетте «Қыз балдағы» атты Тайыр Жароков жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 10.07.2022
  • 0
  • 0
  • 881
Көк теңізде шомылған
Түнде жұлдыз, күндіз қыз,
Сымбатына сұлу жан
Қарай суда жүрміз біз.
Кезімде бір үңілген
Көз отымен су сүзіп,
Жатқан теңіз түбінен
Таптым алтын бір жүзік.
Суға батып жоғалған
Қай сұлудың балдағы
Болды екен? – деп, таң қалған
Тұрдым ойда мен дағы.
Бұл жүзікті киді екен
Қай сұлудың саусағы?
Қай жігіт сыйға берді екен, –
Ауып қызға аңсары?..
Су түбіне жоғалған
Қыз балдағын іздер ме?
Жоғалғанын таба алған
Не сыйлар ед біздерге?!
Жүрсе қыздар аулақта:
– Бейқам болма, қалаулым! –
Балдағыңды жоғалтпа,
Дер едім мен, – аяулым!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері