Ойлар – Тайыр Жароков

Бұл бетте «Ойлар» атты Тайыр Жароков жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 10.07.2022
  • 0
  • 0
  • 877
Ойлар, ойлар... тұңғиықсың сен түпсіз,
Ойдың бәрі болмас ылғи мүлтіксіз,
Ойлы өмірдің көріп биік тұлғасын,
Ойды қалай тұра аларсыз іркіп сіз?
Ойдың сұлу бесігінде күн бізді
Тербетті де, оятты да күлгізді!
Мезгілді алға меңзейтін ой жарқ етсе,
Жарқ еттің деп тоқтатады кім бізді?
Сәби кезде көп ойлантпас жастығың,
Сөйтіп кейде бастан талай асты күн...
Есейгенде түссе де ой есіңе, –
Жастық мінін өтер кейін жақсы күн!
Ой ортақ қой, кәріге де, жасқа да,
Байқап тұрсаң, ойдан өлең басқа ма?
Терең ойдан туған өлең өрнегі,
Тіл бітіріп жібермей ме тасқа да?!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері