Өзіңе ұқсас – Тайыр Жароков

Бұл бетте «Өзіңе ұқсас» атты Тайыр Жароков жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 10.07.2022
  • 0
  • 0
  • 802
Жас қайыңның тізілген
Бүршік атып өзегі
Секілді жас қыз киген
Шыт көйлектің безегі.
Өзіңе ұқсас жас қайың, –
Жас өспірім қыз бала,
Секілді өзің жас шағың,
Жапырағын қозғама!
Осы сәби қайыңды
Көруге көз қимайды,
Шақыра ма жауынды,
Жапырағы шулайды?!
Бойы да әсем, ырғалмай
Өскен сұлу бір нәзік,
Сәби гүлі тұрғандай
Бейне ауада жыр жазып...
Қозғама, жел, жыр жазып
Тұра берсін гүл қайың!
Жырынан ап жанға азық,
Бұлтқа қолым бұлғайын!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері